Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 170 мың теңге пара алған инспектор 5,5 миллион теңге айыппұл төлейтін болды

Пара алу
Фото: Magnific.com

Ақтөбе облысында тасымалдаушылардан пара алған Көлік бақылау инспекциясының қызметкері сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бас прокуратураның ақпаратына сәйкес, инспектор жүк көліктерінің еш кедергісіз өтуіне жағдай жасап, сол үшін тасымалдаушыдан бірнеше рет ақша алған. Оның заңсыз алған қаражатының жалпы сомасы 170 мың теңге болған.

Сот инспекторды кінәлі деп танып, оған 5,5 миллион теңге айыппұл салды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Бұдан бөлек, прокурордың өтінішхаты негізінде Көлік бақылау инспекциясына қатысты жеке қаулы шығарылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін Астанада білім саласының шенеунігі балабақшаны аттестаттаудан өткізуге көмектескені үшін кәсіпкерден микротолқынды пеш пен планшет алғаны хабарланған еді. Сот оған 10 миллион теңгеден астам айыппұл салды. Пара берген кәсіпкер де жауапқа тартылды.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 16 Қазан, 2026 14:37