Пара ретінде пеш пен планшет алған шенеунік енді 10,5 миллион теңге айыппұл төлейді
Астанада білім саласының шенеунігі балабақшаны аттестаттаудан өткізуге көмектескені үшін кәсіпкерден микротолқынды пеш пен планшет алған. Сот оған 10 миллион теңгеден астам айыппұл салды. Пара берген кәсіпкер де жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kzachkov Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды. Айыпталушылар – Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің 51 жастағы басшысы Кенжегүл Бекімова мен балабақшаны басқарушысы 35 жастағы кәсіпкер Құндыз Баяхметова. Бекімоваға пара алды, ал Баяхметоваға пара берді деген айып тағылған.
Kzachkov арнасының мәліметінше, мемлекеттік қаржы алып отырған "Ботақан" балабақшасы аттестаттаудан өте алмай, уәкілетті орган білім мекемесі бойынша теріс қорытынды шығарған. Осыдан кейін департамент басшысы әріптестерінен балабақша директорының телефон нөмірін алып, құжаттарды тапсыру қажеттігін ескерткен. Кейін оны шенеунік қабылдауына шақырған.

Іс материалдарында Бекімованың кездесуде балабақшаны аттестаттаудан өткізуге көмектесетінін айтқаны көрсетілген. Оның орнына кәсіпкерден микротолқынды пеш пен тұғыры бар планшет сұраған. Баяхметова бұл ұсынысқа келіскен. Кәсіпкер Hansa маркалы микротолқынды пешті 32 мың теңгеге, ал Maxmoll планшетін 350 мың теңгеге несиеге сатып алған. Кейін техниканы департамент басшысына апарып берген.
Екі әйелдің арасындағы келісімнен құқық қорғау органдары хабардар болған. Тергеу барысында олар кінәсін мойындап, техника мен оны сатып алғанын растайтын түбіртектерді өз еркімен тапсырған. Соттан бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.
Сот Кенжегүл Бекімованы елеулі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 10 миллион 589 мың теңге айыппұл салды. Сонымен қатар оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.
Құндыз Баяхметова пара бергені үшін кінәлі деп танылып, 7 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Пара ретінде берілген микротолқынды пеш пен планшет мемлекет кірісіне алынды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы