Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жақынынан айырылған қызметкерлер бір реттік төлем ала алады

Фото: mm-g.ru

Қазақстанда қызметкердің жақын туысы қайтыс болғанда, жұмыс орнынан біржолғы материалдық көмек алуға құқығы бар. Мұндай қолдау әсіресе мемлекеттік органдарда, бюджеттік мекемелерде және квазимемлекеттік секторда кеңінен қарастырылған. Дегенмен төлем мөлшері мен оны алу шарттары барлық жерде бірдей емес. Әдетте төлем жұмыс берушінің өз қаражатынан немесе кәсіподақ ұйымы арқылы төленеді. Stan.kz тілшісі қай салада қанша ақша берілуі мүмкін екенін анықтап көрді.

Мектеп қызметкерлеріне 86 мың теңгеден астам көмек қарастырылған

Астана қаласында білім беру ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік қолдауына қатысты арнайы келісім бар. Білім басқармасы мен білім қызметкерлерінің кәсіподағы арасындағы 2026–2028 жылдарға арналған өңірлік келісімде қызметкердің жақын туысы қайтыс болған жағдайда материалдық көмек көрсету қарастырылған.

Құжатта мұндай көмектің мөлшері 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) деп белгіленген. 2026 жылы бір АЕК 4 325 теңге болғандықтан, бұл 86 500 теңгеге тең. Келісімде ата-анасы, баласы, жұбайы, бауырлары, ата-әжесі мен немересі қайтыс болған жағдайлар қамтылған. Дегенмен көмек үнемделген қаражат есебінен беріледі.  

Фото: adilet.zan.kz

Аурухана қызметкерлеріне қанша ақша беріледі?

Денсаулық сақтау саласында да қызметкерлерге материалдық көмек көрсету тетіктері бар.

2026–2028 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік әріптестік туралы келісімде кәсіподақ мүшелеріне қызметкердің, оның отбасы мүшелерінің немесе жақын туыстарының қайтыс болуына байланысты материалдық көмек бөлуді қарастыру көзделген.

Мысалы, А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының 2024–2027 жылдарға арналған ұжымдық шартында қызметкердің жақын туысы қайтыс болғанда 10–50 АЕК көлемінде көмек көрсету қарастырылған. 2026 жылғы АЕК-пен есептегенде бұл 43 250–216 250 теңге аралығына сәйкес келеді. Алайда бұл жерде де төлем ұйымның қаражаты болған жағдайда берілетіні көрсетілген.

Теміржолшыларға 302 мың теңгеге дейін көмек берілуі мүмкін

Теміржол саласында да мұндай қолдау қарастырылған. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының 2024–2026 жылдарға арналған ұжымдық шартында теміржолшыларға берілетін әлеуметтік көмек мөлшері нақтыланған. Бұл туралы "Қазақстан теміржолшысы" басылымына "Қазкөліккәсіп" ҚБ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитов хабарлады. Оның айтуынша, қызметкердің ата-анасы, жұбайы немесе баласы қайтыс болған жағдайда, жерлеуге 50-ден 70 АЕК-ке дейін материалдық көмек төленеді. 2026 жылғы АЕК мөлшерімен есептегенде бұл 216 250–302 750 теңге болады.

Энергетика саласында да көмек қарастырылған

"Алматы электр станциялары" АҚ-ның 2025–2028 жылдарға арналған ұжымдық шартында қызметкердің жақын туысы қайтыс болған жағдайда материалдық көмек көрсету көзделген. Құжатта жұбайы, балалары, ата-анасы, туған немесе жартылай туған бауырлары, әпке-сіңлілері мен немерелері қамтылған. Компанияның ресми мәліметінде төлем мөлшері 2025 жылғы 1 шілдеден бастап ұлғайтылғаны айтылған. Алайда ашық жарияланған ақпаратта нақты сома көрсетілмеген.

Мұнай-газ және қорғаныс өнеркәсібінде қандай тәртіп бар?

Мұндай көмек тек бюджет саласымен шектелмейді. "Қазгермұнай" компаниясының 2025–2027 жылдарға арналған ұжымдық шартында да қызметкердің жақын туысы қайтыс болған жағдайда материалдық көмек көрсету мәселесі қарастырылған. Алайда ашық жарияланған мәліметте нақты төлем мөлшері көрсетілмеген.

Ал "Семей инжиниринг" кәсіпорнының ресми хабарламасында кәсіподақ комитеті қызметкерлерге қолданыстағы ұжымдық шарт аясында өтініш пен растайтын құжаттар негізінде материалдық көмек көрсететіні жазылған. Дегенмен жақын туысы қайтыс болған жағдайға арналған жеке төлем сомасы ашық жарияланымда нақтыланбаған.

Бұл мысалдар мұнай-газ және қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарында да әлеуметтік қолдау тетіктері бар екенін көрсетеді. Бірақ нақты сома мен төлемнің міндеттілігі әр ұйымның құжатына байланысты.

Жоғары оқу орны қызметкерлеріне екі түрлі көмек қарастырылған

Жоғары оқу орындарында да қызметкердің жақыны қайтыс болған жағдайда материалдық көмек көрсету тәртібі бар. Мысалы, Қазақ ұлттық өнер университетінің 2024 жылы бекітілген ережесінде мұндай көмек 100 мың теңге деп белгіленген. Алайда төлем университеттің қаржылық жағдайына байланысты азайтылуы мүмкін және оны беру әкімшіліктің міндеті емес, құқығы ретінде көрсетілген.

Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің "Парасат" кәсіподағының сайтында қызметкердің жұбайы, ата-анасы немесе баласы қайтыс болғанда 30 мың теңге көмек қарастырылған.

 Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ресми сайтында жарияланған әлеуметтік кепілдіктер туралы ақпаратқа сәйкес, қызметкердің ата-анасы, жұбайы немесе баласы қайтыс болған жағдайда әкімшілік тарапынан кемінде 10 АЕК материалдық көмек қарастырылған.

2026 жылғы есеппен бұл 43 250 теңгеге тең. Бұған қоса, аталған университетте кәсіподақ мүшелеріне осындай жағдайда 8 АЕК, яғни 34 600 теңге көлемінде көмек көрсетіледі. Кәсіподақ төлеміне қатысты талаптардың ішінде ұйым мүшесі болу мерзімі де бар: жарияланған ережеде кемінде бір жыл мүшелік ету шарты көрсетілген.

Qarmet қызметкерлеріне 170 мың теңгеге дейін төленуі мүмкін

Металлургия саласында да жақын туысынан айырылған қызметкерлерге материалдық қолдау көрсету тәжірибесі бар. Qarmet компаниясының 2025–2027 жылдарға арналған ұжымдық шартында қызметкердің жақын туыстарын жерлеуге байланысты 170 мың теңгеге дейін көмек қарастырылған.

Қазмедиа орталығы қызметкерлеріне 432 500 теңге төленуі мүмкін

"Қазмедиа орталығы" басқарушы компаниясының 2026–2028 жылдарға арналған ұжымдық шартында қызметкердің жақын туысы қайтыс болған жағдайда бір реттік материалдық көмек қарастырылған. Құжатта төлем мөлшері 100 АЕК деп көрсетілген. 2026 жылғы есеппен бұл 432 500 теңге болады. Көмек қызметкердің жұбайы, балалары, ата-анасы немесе туған және жартылай туған бауырлары қайтыс болған жағдайда беріледі. Қызметкер оқиға болған күннен бастап үш ай ішінде жазбаша өтініш беріп, қайтыс болу туралы куәлік сияқты растайтын құжаттарды ұсынуы керек. Ұжымдық шартта сынақ мерзіміндегі қызметкерлерге мұндай материалдық көмек берілмейтіні де көрсетілген. Бұл – ұйымның ұжымдық шартында төлем мөлшері нақты белгіленген мысалдардың бірі. 

шарт
Фото: qazmedia.kz

ТЖМ министрлігінің қызметкерлеріне 425 мың теңге қарастырылған
Төтенше жағдайлар министрлігінің 2026 жылғы 10 қыркүйектегі №345 бұйрығымен бекітілген нұсқаулықта азаматтық қорғау органдары қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілеріне және әскери қызметшілеріне материалдық көмек көрсету тәртібі белгіленген.

Құжаттың 5-тарауы, 9-тармағының 1) тармақшасында жақын туысы, жұбайы немесе жекжаты қайтыс болған жағдайда қызметкерге бес ең төменгі жалақы мөлшерінде көмек көрсету қарастырылған.

2026 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болғандықтан, төлем мөлшері 425 мың теңгеге тең.
Дегенмен бұл тәртіп министрліктің тиісті санаттағы қызметкерлеріне ғана қатысты, оны барлық мемлекеттік қызметшіге ортақ төлем деп түсінуге болмайды.

Ақшаны жұмыс беруші төлей ме, әлде кәсіподақ па?

Мұнда екі түрлі тетік бар. Алғашқысы – жұмыс берушінің қаражатынан берілетін материалдық көмек. Мұндай төлем ұйымның ұжымдық шартында бекітілуі мүмкін. Мысалы, "Қазмедиа орталығының" ұжымдық шартында нақты мөлшер көрсетілген.

Екіншісі – кәсіподақтың жеке материалдық көмегі. Кәсіподақ мүшелері белгіленген тәртіппен өтініш беріп, қайтыс болу фактісін растайтын құжаттарды ұсыну арқылы қаржылай қолдау сұрай алады.

Мысалы, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының ережесінде де кәсіподақ мүшесіне жақын туысы қайтыс болған жағдайда материалдық көмек беру қарастырылған. Алайда кәсіподақтың төлемі мен жұмыс берушінің төлемі бір нәрсе емес. Олардың қаржыландыру көзі, сомасы және берілу талаптары бөлек болуы мүмкін. Сондықтан қызметкер екі ұйымға да жүгініп, қандай көмек алуға құқылы екенін анықтағаны жөн.

Жақыны қайтыс болған қызметкерге басқа қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде де осы жағдайға қатысты норма бар.
Кодекстің 97-бабының 3-тармағына сәйкес, жақын туыстары, жұбайы немесе заңда көрсетілген жекжаттары қайтыс болған кезде жұмыс беруші қызметкерге күнтізбелік бес күнге дейін жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті.

Материалдық көмек алу үшін не істеу керек?

Қызметкердің жақыны қайтыс болған жағдайда алдымен жұмыс орнындағы кадр бөліміне немесе кәсіподақ комитетіне жүгінгені дұрыс.
Қажетті құжаттар тізімі: 

Жазбаша өтініш – ұйым басшысының атына.
Қайтыс болғаны туралы куәлік
Туыстықты растайтын құжат (мысалы, туу туралы куәлік немесе неке туралы куәлік, егер туыстық қатынас басқа деректерден анықталмаса)
Кей ұйымдар өтініш беру мерзімін де белгілейді. Әдетте үш айлық мерзім ішінде өтініш жазу шарт.

Заңгер не дейді?

Заңгер Қуат Ауғанбектің айтуынша, мемлекеттік органдардың кейбір санаттағы қызметкерлеріне қатысты материалдық көмек көрсету тәртібі арнайы нормативтік актілермен реттеледі.

"Үкіметтің 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 қаулысымен бекітілген қағидалардың 8-тармағында қызметкердің жақын туыстары, жұбайы немесе жекжаттары қайтыс болған жағдайда материалдық көмек көрсету көзделген. Ал 11-тармаққа сәйкес, мұндай көмек қызметкердің жазбаша өтініші немесе тиісті комиссияның қорытындысы негізінде рәсімделеді. Одан бөлек кей мекемелердің алдын ала рәсімделген ішкі жарғылары мен акттерін де арнайы бекітілген ереже бар. Сол ережеге сай басшылық әрекет етеді. Алайда бұл барлық мемлекеттік қызметшіге автоматты түрде бірдей сома төленеді дегенді білдірмейді. Әр қызметкердің мәртебесі мен оған қолданылатын нормативтік талаптарды жеке қарау керек. Өтінішті қайғылы жағдай болған күннен бастап екі ай ішінде беру қажет", — дейді заңгер. 

Қорыта айтқанда, материалдық көмек қарастырылған. Бірақ қызметкер көмек алу мүмкіндігін анықтау үшін жұмыс орнындағы кадр бөліміне немесе кәсіподақ комитетіне жүгініп, өзіне қолданылатын талаптарды нақтылағаны жөн.

Ақгүл Айдарбекқызы
Жұма, 16 Қазан, 2026 15:23