Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Цифрлық теңгемен төлеген компаниялар қосылған құн салығын тез қайтара алады

Цифрлық теңге
Фото: yk-news.kz

Қазақстанда тауар ақысын цифрлық теңгемен төлеген компанияларға қосылған құн салығының артық сомасын 10 жұмыс күні ішінде қайтару ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Ұлттық экономика министрлігі "Ашық НҚА" порталында Салық кодексіне енгізілетін түзетулер жобасын жариялады. Ұсыныс қабылданса, бизнес салықтық тексерусіз қосылған құн салығын тез қайтарып ала алады. Алайда бұл мүмкіндік барлық компанияға бірдей берілмейді.

 

Қосылған құн салығын жедел қайтару үшін не істеу керек?

Жаңа тетікке қосылу үшін компаниялар екі талапты орындауы керек:

  • Екінші деңгейлі банкте цифрлық шот ашып, төлемді цифрлық теңгемен жасағанын растау;
  • Салық төлеуші туралы деректерді беруге және алмасуға келісім беру.

Осы талаптар орындалса, салық органдары декларация тапсыру мерзімі аяқталғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде қосылған құн салығының расталған артық сомасын қайтаруы керек. Бұл ретте салық органы қайтарылатын соманың дұрыстығын растайтын қорытынды береді.

Алайда жаңа тәртіпті қолдана алатын компаниялардың санаттарын уәкілетті орган анықтайды. Сондықтан қосылған құн салығын жедел қайтару мүмкіндігі барлық кәсіпкерге автоматты түрде берілмейді.

Мемлекет не ұтады?

Жаңа тетік бойынша банктер цифрлық теңгемен жасалған операциялар туралы ақпаратты салық органдарына беруге міндеттеледі. Бұл мемлекетке төлемдердің ашықтығын арттырып, цифрлық теңгенің қолданылу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Ал бизнес үшін басты артықшылық – қосылған құн салығының артық сомасын тезірек қайтарып, айналым қаражатына қол жеткізу.

Бұл тетік бұған дейін де сыналған

Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ұлттық банк бұған дейін "Цифрлық қосылған құн салығы" пилоттық жобасын іске қосқан. Ол цифрлық теңгені пайдалану арқылы салықты қайтару рәсімін жеңілдетуге бағытталған.

Енді осы тәртіпті Салық кодексінде заң жүзінде бекіту ұсынылып отыр. Құжат 2026 жылғы 3 қыркүйекте қоғамдық талқылауға шығарылған. Демек, бұл әзірге күшіне енген норма емес, түзетулер жобасы.

Айта кетсек, бұған дейін депутат Ольга Перепечина қосылған құн салығының мөлшерлемесін 16 пайызға көтеру бюджет кірісін арттырмағанын айтқан еді.

Айнура Дарибаева
Жұма, 16 Қазан, 2026 12:53