Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда әйелді көлікпен қағып, төсекке таңған жүргізуші рақымшылыққа ілігуі мүмкін

Ульяна Лагашкина
Фото: КТК

Таразда тротуармен кетіп бара жатқан әйелді көлікпен қағып, ауыр жарақаттаған жүргізуші рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Жол апатынан кейін төсекке таңылған жәбірленушінің отбасы істің сотқа жетпей жабылып қалады деп қауіптеніп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК-ға сілтеме жасап хабарлады.

Қайғылы оқиға биыл жаздың ортасында Тараз қаласының орталығында болған. 40 жастағы Ульяна Лагашкина әдеттегідей жұмысына бара жатқанда, оны Lexus көлігі қағып кеткен. Қатты соққыдан әйел есінен танып, ауыр жарақат алған.

Жәбірленуші бір аптадан астам уақыт жансақтау бөлімінде, кейін тағы екі ай ауруханада жатқан. Қазір ол өздігінен қозғала алмайды. Бұрын маникюр шебері болып жұмыс істеген Ульяна отбасын асырап келген. Оның күйеуінің де мүгедектігі бар, ал балалары әлі оқиды.

Тергеу барысында жол апатына себепкер болған әйелдің жүргізуші куәлігі болмағаны белгілі болды. Ол күйеуінің көлігін тізгіндеп, газ бен тежегішті шатастырып алған.

Жәбірленушінің айтуынша, жүргізуші оқиғадан кейін кешірім сұраған.

“Ол жай ғана кешірім сұрады. Мен оған “Мені қайтадан аяғыма тұрғызыңыз. Басқа ештеңе сұрамаймын. Қайта жүріп кетсем, сол күні-ақ бәрін ұмытамын” дедім”, – дейді Ульяна.

Алғашында жүргізуші зардап шеккен әйелге көмектескен. Арнайы медициналық төсек сатып алып, бірнеше емшараның ақысын төлеген. Алайда Ульянаның туыстары кейін оның хабарсыз кеткенін айтады.

Енді жәбірленушінің отбасы жүргізушіге рақымшылық жасалуы мүмкін екенін естіген. Олардың адвокаты бұл шешіммен келіспейді.

“Біз істі жабуға тырысып жатыр немесе кінәлі адамға рақымшылық қолданбақ деп күдіктенеміз. Алайда бұл жағдайда рақымшылық қолданылмауға тиіс деп есептейміз. Өйткені жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірілген”, – дейді адвокат Лола Врублевская.

Адвокаттың сөзінше, тергеу барысында да бірқатар күмәнді жайт болған. Ульяна ұзақ уақыт жәбірленуші деп танылмаған, одан алғашқы жауап тек төрт айдан кейін алынған. Сондай-ақ қорғаушының айтуынша, тергеушілер жол апаты болған жердегі бейнебақылау камераларының жазбаларын да алмаған.

Жамбыл облыстық полиция департаменті бұл мәлімдемелерді әзірге растаған да, жоққа шығарған да жоқ.

“Дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігімен соталды тергеу басталды. Көлік арнайы айыптұраққа қойылды. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – деді Жамбыл облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Ал Lexus жүргізушісі кінәсін мойындағанымен, оқиғаның абайсызда болғанын айтқан.

Қазір ауыр жарақат алған Ульяна Лагашкина бұрынғы жұмысына орала алмай отыр. Оның отбасы тергеудің әділ жүргізіліп, кінәлі адамның заң аясында жауапқа тартылғанын қалайды.

Еске салайық, бұған дейін Қызылордада бес айлық сәбиі мен анасын қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші іздестіріліп жатқаны хабарланған еді. Желіде көлікті 2000 жылы туған жүргізуші басқарғаны айтылып жатыр.

Жол апатынан әйел ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес, оның басы жарақаттанып, қабырғалары мен жамбас сүйегі сынған. Қасында 2026 жылғы 20 мамырда дүниеге келген ұлы болған. Басынан жарақат алған нәрестені де дәрігерлер ауруханаға жеткізгенімен, оның өмірін сақтап қала алмаған.

Күдіктіні ұстау үшін қалаға кіретін жолдарда бақылау күшейтіліп, тәртіп сақшылары жұмылдырылған. Әзірге жүргізушінің қайда жүргені белгісіз.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 16 Қазан, 2026 12:25