"Өткенімді емес, болашағымды әдемі етуді таңдадым": Дариға Бадықова тойдан кейін әсерлі жазба жариялады
Танымал актриса әрі продюсер Дариға Бадықова тойдан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында жүрекжарды жазба жариялады. Өнер иесі өткен өмірі, бақытқа деген сенімі мен болашаққа деген көзқарасы туралы сыр шертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актриса өмірінде қандай қиындықтар болса да, өткенге байланып қалмай, алға ұмтылуды таңдағанын жеткізді.
“Мен өткен өмірімді жария етпесем де, өткенім туралы ән айтпасам да, басымнан өткен тағдырымды киноға айналдырмасам да, өз тарихым бар! Мен өткеніммен өмір сүргім келмейді. Мен тек алға жылжуды таңдадым. Жақсы күндердің келетініне сендім. Бақыттың да, махаббаттың да, ғажайып сәттердің де маған бұйыратынына сендім”, – деп жазды актриса.
Дариға Бадықованың айтуынша, көптен күткен бақытты күндерінің бірі өміріндегі ерекше естелікке айналған. Тіпті сол қуанышты сәттің құрметіне өзіне арнайы ән арналған.
“Сол сенімімнің сыйындай болып, өміріме осындай ғажап күн келді. Сол күннің құрметіне маған ән арналды. Бұл ән – бүгінімнің бақыты. Бұл ән жараланған жүректің зары емес, қайта бақытқа сенген жүректің жеңісі”, – деді ол.
Өнер иесі жазбасының соңында өткенге қайта оралғысы келмейтінін айтып, ендігі өмірін тек жақсылықпен байланыстырғысы келетінін жеткізді.
“Менің өткен өмірім жоқ. Менің тек бүгінім мен келешегім бар! Өйткені мен өткенімді әңгіме етуді емес, болашағымды әдемі етуді таңдаған әйелмін”, – деп түйіндеді актриса.
Сондай-ақ Дариға Бадықова өзіне ән арнаған жары Олжас Абайға алғысын білдірді.
Еске салайық, бұған дейін Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың қарым-қатынасы бұған дейін де көпшіліктің қызу талқысына түскен еді. Былтыр күзде актрисаның бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаев журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат беріп, ажырасу себептері туралы айтып, қоғамды дүр сілкіндірді.
Сондай-ақ Дархан Мұсаев жұбайымен арасы суыған сәтті еске алып, Дариға мен Олжас Абаевтың арасында іскерліктен бөлек сезімнің барын әу бастан сезгенін айтты.
Кейінірек Олжас Абай қызу талқыға түскен Дариға Бадықованың отбасына қатысты даулы оқиғадан кейін жазба жариялады. Актриса да экс-күйеуінің мәлімдемесіне жауап беріп, бір тараптың сөзіне ғана сүйеніп, қорытынды жасайтындарды сынға алды.
Ал биыл 9 қазанда актер Олжас Абай әріптесі Дариға Бадықоваға сырға салды. 12 қазанда жұлдызды жұп Алматы төрінде дүркіретіп той жасады.
Қазақстандық әженің үйін жөндеуге келген еріктілер шатырдан 8 пакет ақша тауып алған: Кейуана оны қайыр тілеп жинаған
