Павлодарда төрт оқушы еден жууға арналған дәріден уланып қалған
Павлодардағы №11 мектепте төрт оқушы еден жууға арналған хлорлы таблеткадан уланып қалды. Оқиға 12 қазанда математика сабағы кезінде болған. Балалардың үшеуі ауруханаға жеткізіліп, дәрігер қарауынан кейін үйлеріне жіберілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kazinform ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға алтыншы сынып оқушыларының арасында болған. Балалар сыныптағы партаның астынан екі белгісіз таблетка тауып алған. Мектеп директорының орынбасары Дәурен Тұрсынбековтің айтуынша, оқушылар бастапқыда табылған заттың не екенінен хабардар болмаған.
"Бір таблетка балалар кабинетке кірген кезде тапталып жатқан. Оған жақын отырған оқушы не екенін көру үшін еңкейгенде өзін жайсыз сезінген. Кейін тағы үш бала жақындаған кезде, олардың да мазасы қаша бастаған", – деді Дәурен Тұрсынбеков.
Оқушылар математика сабағы аяқталғанша отыра алмаған. Мұғалім жағдайлары нашарлаған төрт баланы мектеп медбикесіне жіберген.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2014 және 2015 жылы туған үш оқушы балалар облыстық ауруханасына жүгінген. Дәрігерлер оларды тексеріп, амбулаториялық бақылауға жіберген. Оқиғадан кейін мектепте қызметтік тексеру жүргізілді. Нәтижесінде партаның астынан табылған заттың еден жууға қолданылатын құрамында хлоры бар дихлор таблеткалары екені анықталды.
Алайда мектеп әкімшілігі бұл таблеткалардың оқу орнына тиесілі емес екенін мәлімдеген. Олардың айтуынша, тазалық қызметкерлері еден жуу үшін басқа өндірушінің таблеткаларын пайдаланады. Ал белгісіз заттарды сыныпқа кім әкелгені әзірге анықталған жоқ.
Дегенмен қызметтік тексеру қорытындысы бойынша оқиға болған кезде сабақ өткізген математика пәнінің мұғалімі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Ал өздерін жайсыз сезінген оқушылар келесі күні сабақтарын қайта жалғастырды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде оқушылардың жаппай уланғаны хабарланған еді. 14 қазандағы мәлімет бойынша, 48 оқушы ішек инфекциясын жұқтырып, ауруханаға жатқызылған. Денсаулық сақтау министрлігі мектеп асханасын тексеріп, азық-түлікті сақтау мен дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу талаптары бұзылғанын анықтады. Осыдан кейін мектеп пен асхананың жұмысы уақытша тоқтатылып, қажетті құжаттары жоқ сүт өнімдері тәркіленген. Министрліктің мәліметінше, ауруханаға түскен балалардың жағдайы тұрақты, жансақтау көмегіне мұқтаж науқастар болмаған. Оқиғаға байланысты Алматы полициясы қылмыстық іс қозғап, тергеу бастады. Ал инфекцияның нақты қайдан тарағанын анықтау үшін зертханалық зерттеулер жүргізіліп жатыр.
"Жігітім үшін жер қазуға бардым": Қазақстандықтар желіде махаббат үшін жасаған ессіз әрекеттерін бөлісіп жұртты күлдірді
