Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жекеменшік балабақша иелері лицензиялау талаптарының қиындағанына қарсы шықты: Олар жабылып қалуы мүмкін екенін айтады

Балабақша
Фото: KTK

Жекеменшік балабақша иелері келер жылдан бастап енгізілетін лицензиялау талаптарына алаңдап отыр. Кәсіпкерлердің айтуынша, кейбір шарттарды орындау қиын, ал рұқсат құжатын ала алмаған мекемелер жұмысын тоқтатуға мәжбүр болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Кәсіпкерлер лицензиялау тәртібін қолдайтынын, бірақ жаңа талаптардың іс жүзінде қаншалық орындалатынын ескеру қажет екенін айтады. Оларды әсіресе балабақша орналасқан нысанның нысаналы мақсаты мен қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары толғандырып отыр.

“Біз лицензиялауға мүлде қарсы емеспіз. Керісінше, қолдаймыз. Балабақшаларда тәртіп болғанын қалаймыз. Бірақ қазір нысанның нысаналы мақсатына қатысты мәселеге тап болдық. Екінші мәселе – біліктілік талаптары”, – дейді кәсіпкер Майра Байдубекова.

2027 жылғы қаңтардан бастап күшіне енуге тиіс ережелерге сәйкес, тәрбиешілердің педагогикалық білімі ғана емес, біліктілік санаты да болуы керек. Ал оны алу үшін белгілі бір жұмыс тәжірибесі мен еңбек өтілі қажет.

Балабақша иелерінің сөзінше, жұмысқа орналасуға көбіне колледжді немесе жоғары оқу орнын жаңадан бітірген мамандар келеді. Кәсіби жолын енді бастаған түлектердің санат алуға жеткілікті еңбек өтілі болмайды. Сондықтан кәсіпкерлер бұл талап жас мамандарды қызметке қабылдауды қиындатады деп есептейді.

Жаңа ереже бойынша, барлық мектепке дейінгі ұйымда ерекше қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау міндеттеледі. Бұл үшін, мәселен, есік ойықтарын кеңейтіп, ғимаратты бейімдеу қажет болуы мүмкін.

Алайда жалға алынған нысанда жұмыс істейтін балабақшалар үшін мұндай өзгерістер енгізу оңай емес. Өйткені ғимарат иесі оны қайта жабдықтауға келіспеуі мүмкін. Кәсіпкерлер өздеріне тікелей байланысты емес осындай мәселелер лицензия алуға кедергі болады деп алаңдайды.

Ал талаптарды әзірлеп жатқан Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі ұйымдардың жаппай жабылуына негіз жоқ деп санайды. Ведомство мәліметінше, лицензиялауға көшу бірден жүзеге аспайды. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіліп, 2029 жылдың соңына дейін жалғасады.

“Алдын ала талдауымызға сәйкес, бүгінде балабақшалардың 52%-ы бұл рәсімнен өтуге дайын. Қалғандары ішінара дайын, қазір әзірлік жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кезең-кезеңімен көшу оларға осы аралықта толық дайындалып, рәсімнен өтуге мүмкіндік беру үшін қарастырылған", – деді министрлік өкілі Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің бас сарапшысы Құралай Әбеуова.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда балабақша мен мектептердің жұмысына қатысты бірқатар өзгеріс енгізілгені хабарланған еді. Енді Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарын лицензиялап, балалардың құқығының сақталуын бақылап, өңірлердегі білім басқармаларының жұмысын үйлестіреді. 

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 16 Қазан, 2026 10:49