Алматыда Рысқұлов көшесін БАКАД-қа дейін ұзартуға 3,2 миллиард теңге жұмсалады
Алматы әкімдігі Рысқұлов көшесін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына (БАКАД) дейін ұзартудың бірінші кезеңін салуға конкурс жариялады. Жобаның бастапқы құны 3,2 миллиард теңгеден асады. Жаңа жол қаланың батыс бөлігіндегі көлік қатынасын жақсартып, айналма жолға шығуға мүмкіндік беруі тиіс. Бұл туралы stan.kz хабарлайды.
Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған лотқа сәйкес, құрылыс жұмыстары Алматы облысының Қарасай ауданында жүргізіледі. Жоба Рысқұлов көшесін БАКАД бағытына қарай жалғастыруды көздейді. Конкурстың бастапқы бағасы — 3 225 978 190 теңге
“Алматының айналасындағы елді мекендерде тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруі қаладағы көлік қозғалысына қосымша салмақ түсіріп отыр. Қала маңында тұратын мыңдаған адам күн сайын Алматыға жұмысқа, оқуға және басқа да шаруалармен қатынайды. Соның салдарынан негізгі кіреберіс жолдарда көлік ағыны көбейіп, кептеліс мәселесі өзекті”, - дейді конкурсқа назар аударған “ПРОТЕНЖ” Telegram-арнасы.
Бұған дейін қала билігі Алматыға кіреберістерде көлікті қалдырып, қоғамдық көлікке ауысуға мүмкіндік беретін тұрақтар салу мәселесін де қарастырған. Мұндай бастама қалаға жеке автокөлікпен кіретіндер санын азайтуға бағытталған еді.
Рысқұлов көшесін ұзарту не үшін керек?
Жобаның негізгі мақсаты — Алматының батыс бөлігінен БАКАД-қа шығатын қосымша жол қалыптастыру және көлік ағынының бір бөлігін айналма тасжолға бағыттау.
БАКАД транзиттік көліктерді Алматының ішіне кіргізбей, қала сыртымен өткізуге арналған. Алайда айналма жолдың тиімді жұмыс істеуі үшін оны қала мен жақын елді мекендерге жалғайтын кіреберіс жолдар да қажет.
Рысқұлов көшесін ұзарту осы байланысты күшейтіп, батыс бағыттағы көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік беруі мүмкін. Әсіресе Алматы облысының Қарасай ауданында тұрғын үй құрылысы дамып жатқан аумақтар үшін бұл жолдың маңызы зор.
Айта кетсек, бұған дейін Алматыда Райымбек даңғылында құны 40 миллиард теңге болатын BRT желісін салу жобасы талқыланған еді.
"Жігітім үшін жер қазуға бардым": Қазақстандықтар желіде махаббат үшін жасаған ессіз әрекеттерін бөлісіп жұртты күлдірді