Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға жүргізуші куәлігіне емтиханды қашықтан тапсыруға рұқсат берілмек

Көлік
Фото: Magniifc.com

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтиханды қашықтан тапсыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұны премьер-министрдің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Биыл қыркүйекте депутат Мейраш Шынасылова қазақстандықтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізуші куәлігін алу емтиханына кіру үшін жарты жылға дейін кезек күтетінін айтқан еді.

Депутат осыған байланысты мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақытын ұзартуды ұсынды. Сондай-ақ теориялық емтиханды Ұлттық тестілеу орталығы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшелерінде қабылдау мүмкіндігін қарастыру қажет екенін жеткізді.

Шынасылованың депутаттық сауалына Жаслан Мәдиевтің атынан берілген жауап Құрылтай сайтында жарияланды.

Мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақыты ұзартыла ма?

Мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақытын кешкі сағат 20:00-ге дейін ұзарту ұсынысына қатысты Мәдиев 2026 жылдың алғашқы сегіз айында теориялық емтихан тапсырған үміткерлер саны 474 895 адам болғанын мәлімдеді. Орталықтардың қабылдау мүмкіндігін арттыру үшін республика бойынша қосымша 86 емтихан алаңы ашылған.

Қазір практикалық емтихан тапсыру кезегінде 43 763 адам тұр. Теориялық емтиханға тіркеу сағат 17:30-да аяқталады, ал емтихан қабылдау рәсімдері 19:30-ға дейін жалғасады.

"Азаматтарды қабылдау уақытын сағат 20:00-ге дейін ұзарту қызметкерлердің штат санын көбейтуді немесе ауысымдық жұмыс кестесіне көшуді талап етеді. Осыған байланысты жұмыс уақытын ұзартуды орынсыз деп санаймыз", – делінген депутаттық сауалға берілген жауапта.

Министр Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің де жауабын келтірді. Агенттік қолданыстағы тестілеу инфрақұрылымы тек өз міндеттеріне бейімделгенін және басқа емтихандарды өткізуге арналмағанын мәлімдеген.

Ал Ұлттық тестілеу орталығымен Астанадағы алаңдарын пилоттық режимде пайдалану туралы келісімге қол жеткізілген. Министрдің айтуынша, техникалық дайындық аяқталып, тиісті бірлескен бұйрыққа қол қойылған.

Пилоттық жобаны 2026 жылғы қазанда іске қосу жоспарланған. Кейін бұл тәжірибені өңірлерге де тарату мүмкіндігі қарастырылады.

Теориялық емтиханды онлайн тапсыру

Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға арналған теориялық емтиханды қашықтан тапсыру форматы енгізілуі мүмкін.

"Сондай-ақ жасанды интеллект пен прокторинг технологияларын қолдана отырып, теориялық емтихандарды қашықтан тапсыру форматын енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мамандандырылған ХҚКО-ларға түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі", – делінген жауапта.

Прокторинг – емтихан тапсыру барысын қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін жүйе.

Министрдің айтуынша, жасанды интеллект пен прокторинг технологиялары арқылы теориялық емтиханды қашықтан тапсыру форматы енгізілген жағдайда, алдын ала жазылу тек емтиханды орталыққа барып тапсыруды қалайтын азаматтарға қажет болады.

"Қашықтан тапсыру форматы азаматтарға емтихан қабылдау орындарындағы бос орын санына тәуелді болмай, өзіне ыңғайлы уақытта емтихан тапсыруға мүмкіндік береді. Бұл шаралар азаматтардың емтиханға жазылуына тең мүмкіндік беруге, бос орындарды бөлудің ашықтығын арттыруға, сондай-ақ делдалдардың қызметіне байланысты тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталған", – деп қосты Мәдиев.

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстанда жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру ережелері өзгеретінін ескерткені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 16 Қазан, 2026 09:31