Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді елімізде жүргізуші куәлігіне емтиханды үш рет тапсыра алмағандар келесі жолы ақы төлейді

Көлік басқару
Фото: Magnific.com

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтиханы мен көлікті тіркеу ережелеріне өзгерістер енгізілмек. Енді емтиханнан өте алмағандар оны келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады. Ал үш рет сәтсіздікке ұшырағандар келесі талпыныстары үшін ақы төлейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, емтихан тапсыру қағидаларына өзгерістер артық рәсімдерді алып тастауға негіз болады.

“Көлік құралы қайта жабдықталғаннан кейін оны бөлек тексерту қажет болмайды. Енгізілген өзгерістердің қауіпсіздігін растайтын құжат жеткілікті. Егер емтиханды бірінші рет тапсыру сәтсіз болса, оны келесі жұмыс күні қайта тапсыруға болады. Екінші рет те тапсыра алмаған жағдайда дайындалуға 10 күнтізбелік күн беріледі. Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмаған соң, тиісті емтиханды келесі тапсыру әрекеттері ақылы негізде жүргізіледі. Бұл шара үміткерлердің емтиханға қажетті білімімен келуін қамтамасыз етуге бағытталған”, – делінген хабарламада.

Министрлік сонымен қатар егер практикалық емтихан тапсырылмаса да, теориялық емтиханның оң нәтижесі бұдан былай жойылмайтынын жеткізді.

“Шетелдік жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін адам теориялық емтиханнан өтуі керек. Сонымен қатар, ІІМ шетелдік құжатты берген елдің тиісті органынан оның түпнұсқа екенін ресми түрде растауды сұратады. Осы екі талап орындалғаннан кейін ғана куәлікті ауыстыруға болады. Бұл – жолдарымызда жалған құжаттардың қолданылуына қарсы шара”, – ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранова.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда жүргізушілердің медициналық тексеруден өту ережелері өзгеретінін хабарлаған едік. 65 жастан асқан жүргізушілер медициналық тексеруден екі жылда бір рет өтуі қарастырылып жатыр.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 13 Қазан, 2026 15:07