Жол жүру құны үш есеге жуық қымбаттаған: Қазақстанда такси бағасын көтергені үшін inDrive-ке ескерту жасалды
"Яндекс Go" істемей қалған күні такси бағасы үш есеге жуық қымбаттағаны туралы ақпараттан кейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive сервисіне алдын ала ескерту жолдады. Агенттік бағаның күрт өсуі тұтынушылардың құқықтарын шектеуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Агенттік 11 қазанда "Яндекс Go" сервисіндегі ақау кезінде inDrive қызметіне сұраныс айтарлықтай артқанын жеткізді.
“БАҚ мәліметінше, жекелеген жағдайларда сапар құны үш есеге жуық өскен. inDrive сервисінің жұмыс істеу ерекшелігін ескере отырып, сапар құны жолаушы мен жүргізуші арасындағы келісім бойынша белгіленеді. Бос автокөліктердің тапшылығы жүргізушілер ұсынатын тарифтердің едәуір өсуіне алып келді. inDrive компаниясының мәліметінше, жағдайды тұрақтандыру үшін сервис комиссия көлемін азайтқан. Ол міндетті салықтарды төлеуге жететін ең төменгі деңгейге дейін түсірілген. Сонымен қатар, компания жолаушылар мен жүргізушілер арасындағы баға бойынша келіссөздерге шектеу енгізген”, – делінген хабарламада.
Агенттік Қазақстандағы такси қызметтері нарығында ірі сервистердің үлесі басым екенін атап өтті. Сондықтан такси бағасының негізсіз қымбаттамауын қадағалау және қызметтің халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды.
“Халықаралық тәжірибеде төтенше жағдайлар кезінде такси бағасының күрт өсуіне жол бермеу үшін арнайы шектеулер қолданылады. Қазақстан заңнамасына сәйкес, егер компанияның әрекеті тұтынушылардың құқықтарына зиян келтірсе, бұл бәсекелестік туралы заңның бұзылуы болуы мүмкін. Осыған байланысты Агенттік inDrive сервисіне заң бұзушылыққа жол бермеу туралы ресми алдын ала ескерту жіберді”, – деп қосты ведомство.
Еске салсақ, 8 қазанға қараған түні Рязань облысының Сасово қаласындағы “Яндекс” компаниясының дата-орталығына дрондар шабуыл жасаған. Соққыдан кейін нысанда өрт шығып, инфрақұрылымның бір бөлігі зақымданған. Соның салдарынан орталықтың жұмысын толық тоқтатуға тура келген.
Компания шабуыл болғанын растады және зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады. Қазір оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп, мамандар зақымданған жүйелерді қалпына келтіріп жатыр.
Компания мәліметінше, “Яндекстің” негізгі қызметтері әдеттегі режимде жұмысын жалғастырған. Дегенмен пайдаланушылар “Яндекс.Диск”, “Яндекс.Документы”, сайттар мен мобильді қосымшалардың жұмысында ақау барын хабарлаған.
Yandex Cloud парақшасында да дата-орталық аймақтарының бірінде электр қуатына қатысты мәселе туындағаны жазылған. Клиенттерге уақытша басқа аймақтарды пайдалану ұсынылған.
Downdetector деректеріне сәйкес, жаппай шағымдар Мәскеу уақытымен шамамен сағат 02:00-де, Астана уақытымен 04:00-де түсе бастаған. Бір тәулікте 1,5 мыңға жуық шағым тіркелген.
Еске салайық, 18 шілдеге қараған түні Украина дрондары Ресейдің Тамбов және Мәскеу облыстарындағы Wildberries маркетплейсінің екі ірі логистикалық орталығына шабуыл жасады. Ресей билігі шабуыл салдарынан сегіз адам қаза тауып, шамамен 50 адам түрлі жарақат алғанын хабарлаған еді.
"Танысым да, жұмысым да болған жоқ": Катарда 300-ге жуық маманды басқарып отырған қазақ жетістікке қалай жеткенін айтты
