Қазақстандықтар жаңа көлік сатып алғанда 750 мың теңгеге дейін жеңілдік ала алады: Ол үшін не істеу керек
Қазақстандықтар ескі көлігін өткізіп, Қазақстанда өндірілген жаңа автокөлікті сатып алғанда 750 мың теңгеге дейін жеңілдік ала алады. Ол үшін арнайы сертификат беріледі. Алайда жеңілдікті кез келген көлік сатып алуда пайдалана алмайсыз. Бұл туралы stan.kz хабарлайды.
Экология министрі Әлібек Қуантыров жаңа қаулыға қол қойды. Қаулыға сәйкес, қазақстандықтар ескі көлігін өткізіп, жаңа көлік аларда 750 мың теңгеге дейін жеңілдікке іліге алады. Жеңілдік сертификаттары пайдаланудан шыққан автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын қайта өңдеуге және кәдеге жаратуға тапсырған жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да беріледі.

Жаңа көлікке қандай жеңілдік беріледі?
Жеңілдік мөлшері тапсырылған көліктің санатына байланысты белгіленген.
Жеңіл автокөліктер үшін:
- M1 санаты — 315 мың теңге;
- M2 санаты — 550 мың теңге;
- M3 санаты — 750 мың теңге.
Жүк көліктері үшін:
- N1 және N2 санаттары — 550 мың теңге;
- N3 санаты — 750 мың теңге.
Сертификат арқылы Қазақстанда өндірілген кез келген санаттағы автокөлікті немесе ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жеңілдік алуға болады.
Құжатта бірегей нөмір мен сертификат иесі туралы ақпаратты оқуға мүмкіндік беретін QR-код болады. Бір тапсырылған көлік үшін тек бір сертификат беріледі.
Сертификат берілген күннен бастап бір жыл бойы жарамды. Оны басқа адамдарға үш реттен артық емес беруге болады.
Жеңілдікті қалай алуға болады?
Сертификатты пайдалану үшін көлік иесі ресми өндірушіге немесе дилерге жүгінуі керек. Олардың тізімі бағдарламаның операторы — recycle.kz сайтында жарияланады.
Дилер жүйеде өтінім қалыптастырады. Мәміле аяқталған кезде сертификат автоматты түрде бұғатталып, өтеледі.
Еске салсақ, Қазақстанда ескі көлікті кәдеге жарату бағдарламасы қайта іске қосылатыны айтылғанымен, сертификаттардың нақты мөлшері мен бағдарламаның жұмыс тәртібі белгісіз болған.
Айта кетсек, бұған дейін автосарапшы қазақстандықтардың қолдан көлік сатып алу кезінде жиі жіберетін қателіктері туралы айтып, көлік таңдағанда нені ескеру керегін түсіндірген.