Әйел екі жігітті сүйемін деп темір тордан бір-ақ шықты
Сингапурда ағайынды екі жігітті келісімінсіз сүйген 49 жастағы әйел төрт ай үш аптаға бас бостандығынан айырылды. Төрт баланың анасы бұған дейін де қоғамдық тәртіпті бірнеше рет бұзған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі AsiaOne-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 2024 жылғы 12 ақпанда Boon Lay сауда орталығында болған. Го Мэй Чи есімді әйел сауда орталығында жүрген 16 және 23 жастағы ағайынды екі жігітті байқап, олардың жанына барған. Кейін екеуін де жағасынан ұстап, беті мен ернінен еркінен тыс сүйген.
Тергеу барысында әйелдің оқиға алдында он бокал сыра ішкені анықталған. Ол 14 ақпанда ұсталып, кейін сотқа келу міндеттемесімен босатылған.
Алайда әйел мұнымен тоқтамаған. 2024 жылғы 5 наурызда дәмханалардың бірінде бірнеше сыра бөтелкесін еденге лақтырған. Ал қыркүйекте Бун-Лей ауданында мас күйінде жанжал шығарған.
Полицейлер оқиға орнына келіп, оған үйіне қайтуға кеңес берген, бірақ әйел айғайлап, тәртіп сақшыларына қарсылық көрсеткен. Ақырында ол қайтадан қамауға алынған.
9 қазанда сот әйелдің осы әрекеттеріне қатысты үкім шығарды. Сот барысында Го Мэй Чи енді заң бұзбайтынына уәде беріп, қарт ата-анасына қамқорлық жасауы керегін айтқан.
Соған қарамастан, сот оны төрт ай үш аптаға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.