Қазақстанда қарыз алушы қайтыс болса, оның банктегі несиесін кім өтейді?
Несие алған адам қайтыс болса, оның банк алдындағы қарызы кешіріле ме, әлде оны жақындары төлеуге міндетті ме? Мұндай жағдайда кім жауап береді және банк қандай талап қоя алады? Ипотекаға алған үй кімге қалады? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайтыс болған адамның несиесін кім төлейді?
Қазақстанның Азаматтық кодексіне сәйкес, адам қайтыс болғаннан кейін оның үйі, көлігі, ақшасы мен басқа да мүлкі мұраға қалады. Бірақ мұра тек дүние-мүлікпен шектелмейді. Марқұмның өтелмеген несиесі де соның қатарына кіреді. Алайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, банк қарызды кез келген туысынан талап ете алмайды. Бұл жерде адамның мұраны қабылдаған-қабылдамағаны маңызды.
"Қайтыс болған адамның несие бойынша қарызы жалпы тәртіппен мұраға өтеді. Мұраны қабылдаған адамдар марқұмның берешегі бойынша жауап береді. Алайда әр мұрагердің жауапкершілігі өзіне қалған мүліктің құнымен шектеледі. Егер мұра болмаса немесе адам оны қабылдамаса, марқұмның қарызын өтеуге міндетті емес", – деп түсіндірді агенттік.
Мысалы, марқұмның банкте 8 миллион теңге қарызы бар делік. Ал баласына 5 миллион теңгенің мүлкі мұраға қалды. Мұндай жағдайда банк одан 8 миллион теңгені түгел талап ете алмайды. Мұрагердің жауапкершілігі 5 миллион теңгеден аспайды.
Дегенмен несиеге бірге қол қойған немесе кепіл болушы болған адамдардың жағдайы бөлек қаралады. Олардың міндеті мұраны қабылдағанына емес, банкпен жасасқан шартына да байланысты.
Мұраны қабылдауға қанша уақыт беріледі?
Заң бойынша мұраны қабылдауға алты ай уақыт беріледі. Бұл мерзім адам қайтыс болған күннен бастап есептеледі. Алты ай ішінде мұрагерлік құқығын рәсімдеп үлгермеген азамат мерзімді сот арқылы қалпына келтіре алады. Бірақ оның кешігуіне дәлелді себеп болуы керек. Сол себеп жойылған күннен бастап алты ай ішінде сотқа жүгінуі қажет. Ал алты айлық мерзімді қарызды толық төлеуге берілген уақыт емес.
"Заңда қайтыс болған адамның несиесін қанша уақыт ішінде толық өтеу керектігіне қатысты арнайы мерзім жоқ. Банк мұра қабылданғаннан кейін мұрагерлерге талап қоя алады. Қарыз мәселесінің шешілуі мұрагерлердің анықталуына, құжаттардың рәсімделуіне және сот дауларының болуына байланысты. Сондай-ақ заң басқа адамдарға марқұмның несиесін өз еркімен төлеуге тыйым салмайды", – деп мәлімдеді агенттік.
Яғни мұрагерлік рәсімі аяқталғанша төлем жасауға басқа адам көмектесе алады. Алайда мұндай көмектен кейін ол міндетті түрде мұрагер болып есептелмейді.
Ипотека алған адам қайтыс болса, пәтер кімге қалады?
Осы ретте ипотекаға үй алған адам қайтыс болса, пәтер банкке қала ма, әлде отбасының атында қала ма деген сұрақ туындауы орынды. Мұндай жағдайда марқұмның жұбайы мен балалары баспананы мұраға ала алады. Бірақ үйдің несиесі әлі төленіп бітпесе, қарыз да бірге қалады. Нотариус Русланбек Батаевтың айтуынша, пәтер кімнің атына өтсе де, банк алдындағы берешек бәрібір ескеріледі.
"Ипотекаға алынған пәтер банк кепілінде болса, меншік иесінің қайтыс болуы кепілді тоқтатпайды. Мұраны қабылдаған адамдарға пәтер қолданыстағы ауыртпалығымен бірге өтеді. Яғни баспанаға меншік құқығын иеленген кезде оның кепілде тұрғанын және несие бойынша міндеттемелер сақталатынын ескеру қажет", – деді нотариус.
Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, егер мұрагерлер пәтерді қабылдап, бірақ оны өз атына тіркемесе, банк мүлікті тіркеуді мәжбүрлі түрде жүргізуді талап ете алады. Дегенмен ипотека алған адамның қайтыс болуы банк баспананы бірден алып қоя алады деген сөз емес. Нотариус мұндай жағдайда қандай талаптар сақталуы керегін түсіндірді.
"Несие төленбесе, банк берешекті өтеуді талап ете алады. Заңда көзделген негіздер болған жағдайда кепілдегі пәтерден қарызды өндіріп алуға құқылы. Бұл рәсім белгіленген тәртіппен жүргізілуі керек. Дегенмен қарыз алушы қайтыс болған сәтте пәтер автоматты түрде банктің меншігіне өтпейді", – деді Русланбек Батаев.
Банк ипотеканы бірден толық төлеуді талап ете ала ма?
Мәселен, азамат ипотекасын бірнеше жыл бойы төлеп келгенімен, қайтыс болған кезде әлі 10 миллион теңге қарызы қалды делік. Банк осы ақшаның бәрін оның отбасынан бірден сұрай ала ма? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, мұндай талап қою үшін адамның қайтыс болғаны ғана жеткіліксіз.
"Банк ипотеканың қалған сомасын бірден толық төлеуді тек заңда немесе несие шартында көзделген жағдайларда ғана талап ете алады. Қарыз алушының қайтыс болуы мұндай талап қоюға автоматты түрде құқық бермейді. Мұрагерлер анықталып, құжаттар рәсімделіп жатқан кезде банк сыйақы мен кешіктірілген төлемдерге байланысты айыппұлдарды есептеуді уақытша тоқтату мәселесін қарастыруы керек. Мұра қабылданғаннан кейін қарызды өтеу шарт талаптарына сәйкес жалғасады", – делінген түсіндірмеде.
Алайда бұл банк пайыз бен айыппұлды міндетті түрде тоқтатады деген сөз емес. Сондықтан отбасы банкке хабарласып, қарыздың қанша қалғанын және алдағы төлемдерді қалай жүргізуге болатынын анықтағаны дұрыс дейді маман.

Несиені сақтандыру компаниясы төлей ме?
Ипотека рәсімдегенде кей азамат өмірін сақтандырады. Егер қарыз алушы қайтыс болса, сақтандыру компаниясы оның банк алдындағы берешегін өтеуі мүмкін. Бірақ бәрі келісімшартта не жазылғанына байланысты.
Мәселен, марқұмның 12 миллион теңге қарызы қалып, сақтандыру компаниясы 9 миллион теңге төлесе, қалған 3 миллион теңгенің мәселесі бөлек шешіледі. Мұрагерлер бұл берешек үшін өздеріне қалған мүліктің құны шегінде ғана жауап береді. Нотариус Русланбек Батаев мұндай жағдайда отбасы қандай әрекет жасауы керегін түсіндірді.
"Мұрагерлер ең алдымен нотариусқа уақтылы жүгініп, мұрагерлік құқықтарын рәсімдеуі қажет. Мұраны қабылдау туралы өтініш қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде беріледі. Сонымен қатар банкке қарыз алушының қайтыс болғанын хабарлап, қалған берешек мөлшерін нақтылаған жөн. Марқұмның өмірді сақтандыру шартын жасасқан-жасаспағанын да тексеру керек. Егер шартта қайтыс болу жағдайына байланысты сақтандыру төлемі қарастырылса, ол несие қарызын өтеуге жұмсалуы мүмкін", – деді нотариус.
Несиені бірге рәсімдеген адам болса ше?
Кейде ерлі-зайыптылар ипотеканы бірге алады. Яғни екеуі де банк алдында қарыз алушы болып есептеледі. Мұндай жағдайда біреуі қайтыс болса, екіншісі несие төлеуді жалғастыруға міндетті. Мәселен, күйеуі мен әйелі ипотеканы бірге рәсімдеген болса, күйеуі қайтыс болғаннан кейін әйелі банкпен жасалған шарт бойынша жауап береді. Бұл оның пәтерді мұраға алу-алмауына байланысты емес.
Ал несиеге кепіл болушы болған адамның жағдайы басқаша. Ол банк алдында өзі қол қойған келісімде көрсетілген көлемде жауап береді. Егер марқұмның қарызын төлесе, жұмсаған қаражатын заңда белгіленген тәртіппен мұрагерлерден қайтаруды талап ете алады. Бірақ мұрагерлер мұндай жағдайда да өздеріне қалған мүліктің құнынан артық қарыз өтеуге міндетті емес.
Мұрагерлер болмаса, қарыз не болады?
Адам қайтыс болғанда артында үйі, көлігі немесе басқа да мүлкі қалуы мүмкін. Ал оны қабылдайтын мұрагер табылмаса немесе барлығы мұрадан бас тартса, бұл мүлік заң бойынша коммуналдық меншікке өтеді. Егер марқұмның кепілде тұрған пәтері болса, банк қарызды сол баспана есебінен өндіріп алуға құқылы. Бірақ ол үшін заңда белгіленген тәртіп сақталуы керек. Ал қайтыс болған адамның артында ешқандай мүлік қалмаса, оның қарызын туыстары тек жақыны болғаны үшін төлеуге міндетті емес.
Нотариус Русланбек Батаевтың айтуынша, мұндай мәселеде бәріне бірдей шешім жоқ. Біреудің несиесі сақтандырылған болуы мүмкін, енді біреу қарызды жұбайымен бірге рәсімдеген. Сондықтан марқұмның артында қандай мүлік қалғанын, банкте қанша берешегі барын және қандай шарттарға қол қойғанын анықтап алу маңызды.
"Жігітім үшін жер қазуға бардым": Қазақстандықтар желіде махаббат үшін жасаған ессіз әрекеттерін бөлісіп жұртты күлдірді