Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда зейнетақы аннуитетіне өзгеріс енгізілді: Енді мұрагерлер қаражатты бірден ала алады

қаржы
Фото: magnific.com

Енді елімізде зейнетақы аннуитетін рәсімдеген адам қайтыс болған жағдайда, мұрагерлері шоттағы қалған қаражатты бірден толық көлемде ала алады. Бұған дейін бұл ақша тек ай сайынғы төлем түрінде ғана берілетін еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұны депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. 

Депутаттың сөзінше, бұған дейін зейнетақы аннуитеті бар азамат қайтыс болған жағдайда, оның жинақталған қаражаты мұрагерлеріне толық көлемде бірден берілмейтін.

“Мұрагерлер бұл қаражатты ай сайын, аз-аздан және бірнеше жыл бойы ғана ала алатын. Қалған соманы бірден толық алу заң жүзінде мүмкін емес еді”, – деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, қабылданған түзетулер бұл тәртіпті өзгертеді.

“Егер зейнетақы аннуитеті бойынша шотта қаражат қалса, мұрагерлер оны бұрынғыдай ай сайын бөліп алуды жалғастыра алады немесе қалған барлық соманы бір күнде толық көлемде шешіп алуға құқылы болады. ,ұрынғыдай қатаң шектеу болмайды, таңдау құқығы отбасының өзінде болады”, – деді депутат.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл өзгерістер зейнетақы аннуитеті жүйесін азаматтар үшін ыңғайлы әрі икемді етуге бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін БЖЗҚ 2026 жылға арналған жеткіліктілік шегін жариялағаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 06 Маусым, 2026 14:39