Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еңбек министрлігі зейнетақы жинағының 50%-дан 100%-ға дейінгі бөлігін кімдер ала алатынын айтты

 ақша
Фото: Stan.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінің ұлғаюына байланысты пікір білдірді. Сонымен қатар ведомство тұрғын үй сатып алу немесе емделу мақсатында зейнетақы жинағын толық пайдалануға кімдердің құқығы бар екенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрлік мәліметінше, жеткіліктілік шегінің өзгеруі есептеудің неғұрлым дәл әдістемесінің енгізілуіне байланысты. Жаңа тәсіл салымшының қазіргі жасын ғана емес, зейнетке шығуына дейінгі кезеңді, болашақ зейнетақы төлемдерін, инвестициялық табысты және басқа да ұзақмерзімді көрсеткіштерді ескереді.

 “Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін жаңарту ең алдымен салымшылардың ұзақмерзімді мүдделерін қорғауға бағытталған. Зейнетақы жинақтары қарапайым депозит немесе күнделікті шығындарға арналған қаражат емес. Оның басты мақсаты – азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін тұрақты төлемдермен қамтамасыз ету”, – деп мәлімдеді ведомство.

Министрлік зейнетақы қаражаты ең алдымен болашақ зейнетақыны қамтамасыз етуге қызмет етуі керек деген ұстанымда екенін айтты. Өйткені бүгін жинақты пайдалану ертеңгі зейнетақы төлемдерінің көлемін едәуір азайтуы мүмкін.

Сонымен қатар тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатында зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану құқығы сақталады.

“Зейнетақысы бұрын алатын табысының кемінде 40%-ын құрайтын зейнеткерлер тұрғын үй сатып алу немесе емделу мақсатында зейнетақы жинағының 50%-ына дейін пайдалана алады. Ал еңбек сіңірген жылдары үшін мемлекеттен арнайы зейнетақы алатын азаматтар зейнетақы шотындағы қалған қаражатты толық көлемде пайдалана алады”, – деді министрлік.

Ведомство өкілдері жеткіліктілік шегі соңғы үш жылда қайта қаралмағанын айтты. Оларды жаңарту зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын сақтап, азаматтардың болашақта неғұрлым қорғалған әрі тұрақты табыс алуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін БЖЗҚ 2026 жылға арналған жеткіліктілік шегін жариялағаны туралы жазған едік. 

Stan.kz
Сенбі, 06 Маусым, 2026 14:01