Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

19 жастағы Аяжан Еділова қалай қаза тапты: Бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген қылмыстың хронологиясы

марқұм
Фото: vk.com/@Аяжан Едилова

2021 жылы 19 наурызда Алматыда 19 жастағы Аяжан Еділова із-түзсіз жоғалып кетті. Төртінші курс оқып жүрген бойжеткен сол күні жұмыстан шыққан. Десе де сол күйі үйіне оралмаған. Үш күннен соң оның қаза тапқаны белгілі болды. Қылмысқа күдікті ретінде Түркістан облысының 1993 жылы туған тұрғыны ұсталды. Кейін сот оны зорлау және адам өлтіру баптары бойынша кінәлі деп танып, 25 жылға соттады. Stan.kz Алматыны дүр сілкіндірген қайғылы оқиғаның хронологиясына шолу жасады.

 

Аяжан кім еді?

Аяжан Еділова 19 жаста болған. Ол Алматыдағы "Сымбат" сән академиясының киім дизайны факультетінде төртінші курста оқыған. Сол жылы оқуын аяқтап, дипломдық жұмысын қорғауға дайындалып жүрген.

Аяжанның өмірі сән мен шығармашылыққа байланысты болды. Ол киім үлгілерін әзірлеп, өзінің авторлық топтамаларын жасаған. Сонымен қатар интернет-дүкен арқылы жеке брендін дамытуға тырысқан. Оқудан бөлек жұмыс істеп, сән салонында қосымша табыс тапқан.

Академия оқытушыларының айтуынша, Аяжан үздік студенттердің бірі болған. Ол сабақтан қалмай, жоғары үлгерім көрсеткен, жоғары стипендия алған. Қызыл дипломға үміткер болған.

“Сымбат” сән академиясының директоры Гүлнара Оразымбетованың айтуынша, талантты студенттің халықаралық байқауларға қатысуға мүмкіндігі болған. Алайда пандемияға байланысты сол кезеңде көптеген сән көрсетілімі тоқтатылған.

Аяжанның арманы – болашақта өз сән брендін қалыптастырып, дизайнер ретінде танылу еді. Ол бұл мақсатына қарай сенімді қадам жасап келе жатқан. Алайда бойжеткеннің барлық жоспары 2021 жылдың наурызында болған қатыгез қылмыстың салдарынан орындалмай қалды.

16 наурыз: Аяжан күдіктімен қалай танысты?

Полицияның кейін жариялаған мәліметінше, Аяжан күдіктімен 2021 жылы 16 наурызда әлеуметтік желідегі танысу платформасы арқылы танысқан.

Олар бірнеше күн хат алмасқан. Үш күннен кейін, 19 наурызда, кездесуге келіскен.

Құқық қорғау органдарының нұсқасы бойынша, бойжеткен сол күні күдіктінің Алматының Алатау ауданындағы Нұркент шағынауданында орналасқан пәтеріне барған. Алайда Аяжанның туыстары оның бұл кездесуге қандай мақсатпен барғанына қатысты полицияның бастапқы нұсқасына күмән келтірген.

Жақындарының айтуынша, Аяжан киім дизайнымен айналысқандықтан, ер адам оны жұмыс бабымен шақырған болуы мүмкін. Олар жарнама, бартер немесе киім тігу үшін өлшем алу туралы ұсыныс болуы ықтимал деп болжаған.

марқұм
Фото: Коллаж Stan.kz

Жәбірленуші тараптың адвокаты Қадыржан Ғалымжанұлы да Аяжанның күдіктінің үйіне жұмысқа байланысты барған болуы мүмкін деген болжамын айтқан. Бірақ бұл нұсқа сотта анықталған қылмыс себебі ретінде көрсетілмеген.

Ал полиция жариялаған бейнебақылау жазбасында Аяжанның тұрғын үйге кіріп бара жатқаны көрінеді. Тергеу дерегіне сәйкес, ол күдіктінің пәтеріне өз еркімен кірген.

19 наурыз: Басын қайнатып, барлық тісін жұлып алған ба?

2021 жылы 19 наурызда Аяжан әдеттегідей жұмысқа барған. Кешкі сағат 20:48-де ол Қонаев көшесі, 43-мекенжайдағы жұмыс орнынан шыққан. Бейнебақылау камералары бойжеткенді осы жерден соңғы рет түсіріп алған. Кейін ол күдіктімен кездесуге барған. Тұрғын үйдің ауласындағы камералар Аяжанның Нұркент шағынауданындағы үйге кіргенін тіркеген.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, қылмыс сол күні түнде жасалған. Алматы прокуратурасының арнайы прокуроры Қанат Күнғожиновтың 2021 жылы наурыздағы мәлімдемесінде күдіктінің алдын ала жауабына сәйкес, олардың арасында жанжал туындап, соның салдарынан ер адам бойжеткенді өлтіргені айтылған.

Полиция дерегінде Аяжанның 19 наурыздан 20 наурызға қараған түні, шамамен сағат 00:00–01:00 аралығында өлтірілгені көрсетілген. Осыдан кейін күдікті қылмыс ізін жасыруға кіріскен.

“Денесін бөлшектеп, басын қайнатқан”

Аяжанның өліміне қатысты тергеу барысында қоғамды есеңгіреткен деректер белгілі болды.

Полиция мәліметінше, күдікті марқұмның денесін бөлшектеп, оның кейбір бөліктерін пәтерден шығарып, қаланың басқа аудандарына жеткізген. Кейін оларды қоқыс контейнерлеріне жасырған.

Алматы полициясы департаменті басшысының орынбасары Рүстем Абдрахмановтың айтуынша, ер адам мұны қылмыс ізін жасыру үшін жасаған. Құқық қорғау органдары мәйіт қалдықтарын тауып, сот-медициналық сараптама тағайындаған. Алайда марқұмның туыстары жариялаған мәліметтер бұдан да ауыр болды.

Аяжанның туысқан ағасы Алмат Мүліковтің айтуынша, олар мәйіттің табылған бөліктерін көрген. Оның сөзінше, бойжеткеннің тістері мен тырнақтары түгелдей жұлынып алынған. Ал басы қайнатылып, нәтижесінде жұмсақ тіндері қалмай, тек бас сүйегі қалған.

“Оның әрбір тісін, әрбір тырнағын жұлып алған. Оларды пакетке салып қойған күйінде көрдік. Басын қайнатқан, тек бас сүйегі қалған”, – деген Алмат Мүліков.

Марқұмның ағасы бұл көрініс өзін және отбасын қатты күйзелткенін айтқан.

Бұл қылмыс қоғамда үлкен наразылық тудырды. 19 жастағы бойжеткенді өлтіріп қана қоймай, оның денесін қорлау әрекеттері туралы мәліметтер елді есеңгіретті.

20 наурыз: Туыстары полицияға жүгінді ме?

Аяжан үйіне оралмаған соң, алдымен оның жігіті алаңдап, туыстарына хабар берген. Жақындары бойжеткенді іздей бастаған. Марқұмның ағасы Алмат Мүліковтің айтуынша, 20 наурызда Аяжанның әпкесі Медеу аудандық полиция басқармасына барып, жоғалған адам туралы арыз жазуға тырысқан. Алайда полиция қызметкерлері сол күні көптеген әріптесінің митингке байланысты күшейтілген кезекшілікке тартылғанын айтып, арызды бірден қабылдамаған.

“Қарындасым Медеу аудандық полиция басқармасына барып, түскі сағат 12:00 шамасында Аяжанның жоғалғаны туралы арыз жазбақ болған. Оған қызметкерлердің көбі митингке байланысты күшейтілген кезекшілікте жүргенін айтты. Олар күліп, “Мүмкін, жігітімен жүрген шығар, құрбыларымен қыдырып кеткен болар, уайымдамаңыздар, үйіне өзі-ақ келеді” деп айтқан”, – дейді Алмат Мүліков.

Бұл – марқұмның туыстарының мәлімдемесі. Ал полицияның ресми нұсқасында Аяжанның жоғалғаны туралы хабарлама 20 наурызда сағат 16:06-да 102 пультіне түскені көрсетілген.

Алматы полициясы департаментінің мәліметінше, хабарлама Медеу аудандық полиция басқармасында тіркеліп, сол күні сотқа дейінгі тергеу басталған. 21 наурызда арнайы тергеу тобы құрылып, іздестіру жұмыстары жалғасқан.

Полицияның іздестіру жұмыстары жүріп жатқанда, Аяжанның туыстары мен еріктілері өз бетінше іздеу жүргізді.

“Немолчи” қорының мәліметінше, 21 наурызда еріктілер Аяжанды тасымалдаған inDrive такси жүргізушісін тапқан. Жүргізуші бойжеткенді Нұркент шағынауданына жеткізгенін, ал көлікті Руслан есімді адамның шақырғанын айтқан. Бұл ақпарат туыстары арқылы полицияға берілген. Кейін бойжеткеннің телефонына қатысты базалық станция деректері де тексерілгені хабарланды.

Ал полицияның ресми мәліметі бойынша, жедел іздестіру шаралары нәтижесінде 21 наурызда сағат 22:00 шамасында күдікті тұратын пәтердің мекенжайы анықталған. Осы уақытта туыстары да сол жаққа барған. Үйдің маңында полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем көліктерін көрген. Бірнеше минуттан кейін олар кіреберістен үсті-басы қанға боялған ер адамның шығарылып, жедел жәрдем көлігіне жеткізілгеніне куә болған. Кейін бұл адамның күдікті екені белгілі болды.

Полиция пәтерге кіргенде күдікті өзіне қол жұмсамақ болған

2021 жылы 21 наурызда полиция қызметкерлері Нұркент шағынауданындағы күдікті тұрған пәтерге барған. Ресми мәлімет бойынша, ер адам есікті ұзақ уақыт ашпаған. Сондықтан тәртіп сақшылары пәтерге күшпен кіруге мәжбүр болған.

Полиция қызметкерлерін көрген күдікті өзіне қол жұмсамақ болып, мойын тұсын пышақпен жаралаған. Жедел жәрдем шақырылып, ол ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер ер адамның өмірін сақтап қалған. Кейін палатаға полиция күзеті қойылып, медициналық көмек көрсетілген соң ол қамауға алынған.

Пәтерді тінту кезінде Аяжанның бөлшектелген денесі мен қылмысқа қатысты заттар табылған. Күдікті кейін тергеу органдарына қылмыстың ізін жасыру үшін денені бөлшектегенін айтқан. Оның кейбір бөліктерін Алатау ауданынан тыс жерлерге апарып, қоқыс контейнерлеріне жасырғаны анықталған.

22 наурызда БАҚ беттерінде Аяжанның өлтірілгені туралы ақпарат тарады. Осылайша, бірнеше күн бойы бойжеткеннен хабар күткен отбасы оның қаза тапқанын білді.

күдікті
Фото: Коллаж Stan.kz

Күдікті кім болған? 

Аяжанның өліміне күдікті ретінде Түркістан облысының 1993 жылы туған тұрғыны ұсталды. Оның аты-жөні – Рахманберді Төребеков. Қылмыс жасалған кезде ол 28 жаста болған.

Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге сәйкес, Төребеков Түркістан облысы Шардара ауданына қарасты Жаушықұм ауылында өскен. 2010 жылы мектепті “Алтын белгімен” бітірген. Ата-анасы мұғалім болған. Отбасында үш бала өскен.

Кейін ол Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына оқуға түскен. Академия деканы Қанат Дәуренбековтің айтуынша, Төребеков фармацевтика мамандығы бойынша білім алғанымен, екінші курстан кейін академиялық қарызы мен сабаққа қатыспауына байланысты оқудан шығарылған.

Оқу орнының өкілдері оны студент кезінде сабырлы, айналасындағылармен жанжалға түспейтін адам ретінде сипаттаған.

Төребеков Алматыда ағасына тиесілі пәтерде тұрған. Ағасы отбасымен шетелге жұмыс істеуге кеткен соң ол осы үйге орналасқан. Көршілерінің айтуынша, ер адам шамамен жарты жылдай тұрған, жалғыз өмір сүрген, көпшілікпен араласпаған. 

Қылмыстан кейін көршілер журналистерге оның сырт көзге тыныш, сыпайы адам болып көрінгенін айтқан.

Көршілер сол түні не естіген?

Қылмыс жасалған тұрғындары сол түні ерекше жағдайды байқамағанын айтқан.

Олардың бірі 22 наурызда тергеушілер үй тұрғындарынан сұрау алғанын жеткізген. Әйелдің айтуынша, ол түн ортасында балғамен бірдеңе соққандай тарсыл естіген. Бірақ мұны жөндеу жұмыстары деп ойлаған.

“Сол күні түн ортасында тарсылдаған дыбыс естідім. Біреу балғамен жөндеу жұмысын істеп жатқандай болды. Әрине, мұндай оқиғаны есту өте қорқынышты. Қазір осындай жағдайлардың болып жатқаны жанға батады. Қызға қатты жаным ашиды”, – деген үй тұрғындарының бірі.

Жақын маңдағы супермаркет қызметкерлері де күдіктіні бұрыннан білетінін айтқан. Олардың сөзінше, ер адам дүкенге жиі келіп, азық-түлік сатып алып жүрген. Қылмыс болған күні немесе одан бір күн бұрын да дүкенге кіргені есінде қалған.

Кейін дүкен мен тұрғын үйдің бейнебақылау жазбаларын полиция тәркілеген. Сол кадрлар арқылы Аяжанның 19 наурыз күні кешке күдікті тұрған үйге кіргені анықталған.

Адвокат тергеу барысы туралы не деді?

Аяжан Еділова ісі тек адам өлтіру дерегі бойынша ғана зерттелмеген. Жәбірленуші тараптың адвокаты Қадыржан Ғалымжанұлының 2021 жылы 22 маусымдағы мәліметінше, тергеу тобы қылмыстың барлық ықтимал мән-жайын тексерген.

Адвокаттың сөзінше, сол уақытқа дейін іс бойынша 25–30 сараптама тағайындалған. Олардың шамамен жартысының қорытындысы дайын болған. Ал қалған нәтижелер әлі күтіліп жатқан. Ол сарапшыларға қойылған сұрақтардың күрделі екенін, сондықтан кейбір зерттеулердің ұзаққа созылғанын түсіндірген.

Қадыржан Ғалымжанұлы ДНҚ сараптамасы мен аудиожазбаларды зерттеуге қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, ДНҚ сараптамасының өзіндік тәртібі бар, сондықтан қорытынды бірден шықпайды. Ал WhatsApp желісіндегі соңғы аудиожазбаны зерттеу кезінде оның түпнұсқасы болмауы қиындық туғызған. Адвокат тергеу құпиясына байланысты нақты қай сараптаманың қорытындысы дайын болғанын айта алмайтынын жеткізген. 

Тергеу тек адам өлтіру дерегімен шектелмеген

Адвокаттың айтуынша, тергеу тобы қылмыстың барлық ықтимал мән-жайын тексерген. Атап айтқанда, Аяжанның зорланған-зорланбағаны, адам ағзаларын сату әрекеті болған-болмағаны, күдіктінің қандай да бір деструктивті діни ұйымдарға қатысы бар-жоғы және оның бұған дейінгі өмірі мен ортасы зерттелген.

Сонымен бірге күдіктінің туыстарынан, достарынан, сыныптастары мен бірге оқыған адамдарынан жауап алу жоспарланған. Мұның мақсаты – оның мінез-құлқы, өмір салты, қызығушылықтары мен бұрынғы әрекеттері туралы мәлімет жинау болған.

Қадыржан Ғалымжанұлы тергеу жұмысына Алматы қаласының сегіз ауданынан прокурорлар тартылып, арнайы тергеу тобы құрылғанын да айтқан. Оның мәліметінше, бұл іске 15 прокурор жұмылдырылған. Адвокат тергеу жұмысының ауқымды жүріп жатқанын атап өткен. 

марқұм
Фото: Видеодан скрин

Адвокат қауесеттерге не деді?

Сол кезде әлеуметтік желіде Аяжан күдіктінің үйіне ақшаға тәнін сату үшін барған деген қауесет тараған. Қадыржан Ғалымжанұлы мұндай пікірлерді негізсіз деп бағалап, марқұмның абыройына нұқсан келтіретін ақпарат таратпауға шақырған.

Адвокаттың жеке болжамынша, Аяжан күдіктінің үйіне киім өлшемін алу үшін барған болуы мүмкін. Оның айтуынша, бойжеткен сол күні негізгі жұмысынан шыққаннан кейін танысымен бартер туралы сөйлескен. Сонымен қатар жігітке кешкі сағат 22:00 шамасында жұмыс орнының маңында кездесетінін жазған.

Іс сотқа жетіп, күдікті қандай жаза алды?

Аяжан Еділоваға қатысты қылмыстық іс жеті айға жуық тергелді. 2021 жылы 21 қазанда іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

Сот отырысы 9 қарашада басталып, жабық режимде өтті. Бұған іс материалдарында зорлық-зомбылыққа қатысты деректердің болуы себеп болған. Айыпталушы алқабилер сотының қатысуынан бас тартқан. 2021 жылы 31 желтоқсанда сот үкім шығарды.

Сот Рахманберді Төребековті Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп таныды:

  • 120-бап – “Зорлау”. Осы қылмыс үшін 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды;
  • 99-бап – “Адам өлтіру”. Осы қылмыс үшін 19 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қылмыстар жиынтығы бойынша сот оған түпкілікті 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Сонымен қатар жәбірленуші тараптың моральдық зиянды өтеу туралы талабы ішінара қанағаттандырылып, сотталушыдан марқұмның жақындарының пайдасына 20 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарылды.

Осылайша, 19 жастағы Аяжанның өмірін қиған адам 25 жылға сотталды.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 10:00