Алтын мен әшекей бұйымдарды қалай ажыратуға болады: Зергер көпшілік біле бермейтін белгілерді атады
Бүгінде алтын әшекейдің түпнұсқа екенін сыртқы түріне қарап анықтау оңай емес. Заманауи технологиялардың көмегімен жасалған арзан әшекейлердің түсі мен жылтыры нағыз алтыннан айнымайды. Тіпті бұйымда "585" немесе "750" деген таңбаның болуы да оның алтын екеніне толық кепілдік бермейді. Ал әлеуметтік желіде кең тараған магнит, йод немесе сірке суы арқылы тексеру тәсілдері әшекейді бүлдіруі мүмкін. Алтын сатып алғанда неге мән беру керек? Оның жалған екенін қалай анықтауға болады? Stan.kz ақпарат агенттігі осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап алу үшін геммолог, зергер-дизайнер, Goldberry зергерлік салоны мен шеберханасының негізін қалаушы Светлана Чусовитинамен сұхбаттасты.
Алтын мен арзан әшекейді сыртқы түріне қарап ажыратуға бола ма?
Маманның айтуынша, алтынның шынайылығын тек түсіне, жылтырына немесе салмағына қарап анықтау дұрыс емес. Себебі бүгінде басқа металдарға алтын жалату технологиясы айтарлықтай дамыған. Соның нәтижесінде қарапайым әшекейдің өзі қымбат алтын бұйымнан айнымай қалуы мүмкін.
“Мен алтынның түпнұсқа екенін тек сыртқы түріне қарап анықтауға кеңес бермеймін. Қазір әшекейлердің сыртына жағылатын жабындардың сапасы өте жоғары. Кейде тіпті маманның өзі бұйымға жай қарап, оның алтын екенін сенімді түрде айта алмайды. Сондықтан алдымен әшекейдің қайдан сатып алынғанына, сынама таңбасының бар-жоғына, заттаңбасында не жазылғанына және сатушы қандай құжаттар ұсынатынына назар аудару керек”, – дейді Светлана Чусовитина.
Сарапшы алтынның құрамын анықтаудың бірнеше кәсіби тәсілі бар екенін түсіндірді. Олардың қатарында:
- арнайы сынама тас пен химиялық реактивтер арқылы тексеру;
- рентген-флуоресценттік талдау;
- зертханалық сараптама бар.
Дегенмен кейбір құрылғылар бұйымның тек сыртқы қабатын тексеретіндіктен, қалың алтын жабынның астында қандай металл жатқанын анықтау қиын болуы мүмкін. Мұндай жағдайда бірнеше әдісті қатар қолдану қажет.
“Мұнда тек құрылғының сапасы емес, тексеруді жүргізетін маманның біліктілігі де маңызды. Егер әшекейдің шынайылығына күмәніңіз болса, сынама палатасына немесе мамандандырылған зертханаға жүгінген дұрыс. Онда металдың құрамын анықтап, тиісті қорытынды алуға болады”, – деп түсіндірді зергер.
585 пен 750 сынамалы алтынның айырмашылығы қандай?
Қазақстанда кең тараған алтын әшекейлердің қатарында 585 және 750 сынамалы бұйымдар бар. Олардың негізгі айырмашылығы – құрамындағы таза алтынның мөлшері.
Мәселен, 585 сынамалы бұйымның 58,5%-ы таза алтыннан, ал 750 сынамалы бұйымның 75%-ы алтыннан тұрады. Қалған бөлігіне алтынның түсі мен беріктігіне әсер ететін өзге металдар қосылады.
“Күнделікті тағуға арналған әшекейлерде көбіне 585 сынамалы алтын қолданылады. Мұндай қорытпалар әдетте күнделікті пайдалануға төзімді келеді. Ал 750 сынамалы алтынның құрамында бағалы металл көбірек болғандықтан, ол көбіне иілгіш келеді. Бірақ бұйымның беріктігі тек сынамасына байланысты емес. Оған қосылған металдардың құрамы, жасалу технологиясы мен әшекейдің құрылымы да әсер етеді”, – дейді маман.
Светлана Чусовитинаның сөзінше, салмағы бірдей екі бұйымды салыстырғанда, 750 сынамалы алтынның құрамындағы бағалы металл құны әдетте жоғары болады. Алайда бұл оның міндетті түрде сапалырақ екенін білдірмейді.
Зергер әшекей таңдағанда тастардың қаншалықты берік бекітілгеніне, бөлшектерінің қалыңдығына және күнделікті тағуға ыңғайлылығына да мән беруге шақырды.

Алтындағы “585” таңбасы оның түпнұсқа екенін дәлелдей ме?
Көпшілік алтын сатып алғанда ең алдымен оның сынамасына қарайды. Алайда маман бұйымдағы “585” немесе “750” деген сандарға ғана сенуге болмайтынын ескертті.
“Бұл сандар алтынның түпнұсқа екеніне толық кепілдік бермейді. Өйткені мұндай белгілерді қолдан жасау техникалық тұрғыдан қиын емес. Жай жазылған сандар мен ресми сынама таңбасын ажырата білу керек. Сонымен қатар бұйымды жасаған өндірушіні көрсететін арнайы таңба да болады”, – дейді сарапшы.
Маман Қазақстандағы ресми сынама таңбасында барыстың басы бейнеленетінін түсіндірді. Дегенмен қарапайым сатып алушы оның шынайы екенін өздігінен анықтай алмауы мүмкін.
Сондықтан алтын сатып алғанда сынама таңбасымен қатар өндіруші туралы мәліметті, заттаңбаны және сатушы ұсынған құжаттарды бірге тексерген жөн.
Алтын жалатылған әшекейді қалай тануға болады?
Алтын жалатылған бұйым мен нағыз алтын әшекейдің басты айырмашылығы – олардың құрамында. Алтын жалатылған әшекейдің тек сыртқы қабаты бағалы металмен қапталады. Ал алтын бұйымның негізгі бөлігі алтын қорытпасынан жасалады.
Уақыт өте келе алтын жалатылған әшекейдің сыртқы қабаты қажалып, астындағы металдың түсі көріне бастауы мүмкін. Бұл әсіресе бұйымның шеттерінде, ілгектерінде және теріге жиі тиетін тұстарында байқалады.
“Жаңа алтын жалатылған әшекейді сыртқы түріне қарап ажырату өте қиын. Бірақ уақыт өте келе оның жабыны тозуы мүмкін. Дегенмен бұйымның сыртында қосымша жабын болуы оның міндетті түрде арзан әшекей екенін білдірмейді. Мәселен, ақ алтынның түсі мен жылтырын арттыру үшін оның сыртына родий жалатылады”, – дейді Светлана Чусовитина.
Сондай-ақ маман кейбір алтын әшекейлердің іші қуыс болып жасалатынын айтты. Бұл да олардың жалған немесе алтын жалатылған бұйым екенін білдірмейді.
Алтынды магнит, йод немесе сірке суы арқылы тексеруге бола ма?
Әлеуметтік желілерде алтынның түпнұсқалығын үй жағдайында анықтауға арналған түрлі кеңестер тараған. Бірі әшекейді магнитке жақындатуды ұсынса, енді бірі суға салып, йод немесе сірке суын тамызып көруге кеңес береді.
Алайда зергер мұндай әдістерге сенбеуге шақырды.
“Алтын кәдімгі магнитке тартылмайды. Бірақ жалған әшекей жасауға қолданылатын көптеген металдар да магнитке тартылмайды. Ал нағыз алтын шынжырдың ілгегінде болат серіппе болса, ол магнитке әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл тәсілмен нақты қорытынды жасауға болмайды”, – дейді маман.
Оның айтуынша, бұйымның суға батып кетуі де оның алтын екенін дәлелдемейді. Себебі өзге металдар да суға батады.
Ал сірке суы алтынның сынамасын анықтай алмайды. Йод әшекейдің бетінде дақ қалдыруы мүмкін. Химиялық заттар бұйымға орнатылған тастар мен сәндік жабындарды да бүлдіруі ықтимал.
“Әлеуметтік желідегі мұндай тәсілдер кәсіби тексерудің орнын баса алмайды. Керісінше, адамды жаңылыстырып, қымбат әшекейіне зиян келтіруі мүмкін”, – деп ескертті сарапшы.
Алтын неге қарайып кетеді?
Кейде ұзақ уақыт тағылған алтын сақина немесе сырға бастапқы жылтырын жоғалтып, күңгірттене бастайды. Көпшілік мұны бұйымның сапасыздығымен байланыстырады.
Алайда Светлана Чусовитина алтынның түсінің өзгеруі оның жалған екенін білдірмейтінін айтады.
“Біз химиялық тұрғыдан таза алтын емес, басқа металдар қосылған қорытпадан жасалған әшекей тағамыз. Оның құрамындағы металдар қоршаған ортамен әрекеттесуі мүмкін. Бұған қоса әшекейдің бетіне косметика, сабын және басқа да кір жиналады. Соның салдарынан бұйым күңгірттеніп, бұрынғы жылтырын жоғалтады”, – дейді зергер.
Маман ақ алтынның сыртындағы родий жабыны да уақыт өте келе тозатынын түсіндірді. Мұндай жағдайда оның астындағы қорытпаның табиғи реңкі байқала бастайды.
Дегенмен әшекейдің түсі күрт өзгерсе, бетінде айқын дақтар пайда болса немесе сыртқы қабаты қабыршақтанып түссе, зергерге көрсеткен дұрыс.
Алтынға ұқсас қандай металдар бар?
Қазір зергерлік бұйымдар нарығында алтынға ұқсайтын әшекей көп. Олардың арасында жезден, қоладан, мыс қорытпаларынан, күмістен және болаттан жасалған бұйымдар кездеседі.
Маман мұндай әшекейлердің кейбірі сыртқы түрі жағынан алтыннан мүлде ерекшеленбеуі мүмкін екенін айтты.
“Бұйымның сипаттамасында gold plated, gold filled, PVD немесе “алтын жалатылған” деген жазулар кездесуі мүмкін. Бірақ бұл әшекейдің түгелдей алтын қорытпасынан жасалғанын білдірмейді. Сондықтан оның негізі қандай металдан жасалғанын және сыртында қандай жабын бар екенін нақтылау керек”, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, алтын жалатылған күміс немесе өзге металдан жасалған әшекей сатып алудың еш әбестігі жоқ. Мәселе сатушы бұйымның нақты құрамын жасырғанда немесе оны нағыз алтын деп ұсынғанда туындайды.
Алтын сатып алғанда қандай құжаттарды тексеру керек?
Светлана Чусовитина алтын сатып алатын қазақстандықтарға бұйымның
- сынама таңбасын;
- өндіруші белгісін;
- заттаңбасындағы мәліметтерді мұқият тексеруге кеңес берді.
Заттаңбада металдың түрі, сынамасы, салмағы, орнатылған тастары және өндірушісі туралы ақпарат болуы керек.
“Міндетті түрде чек пен заттаңбаны сақтаңыз. Бұйымды қай жеке кәсіпкер немесе компания сатып отырғанын білген маңызды. Егер күмәніңіз болса, сатушыдан сараптама жүргізілгенін растайтын құжаттарды сұраңыз. Бірақ “сертификат” деген сөзге ғана сенуге болмайды. Оны кім бергенін, нақты қай бұйымға қатысты екенін және нені растайтынын анықтау қажет”, – дейді маман.
Зергердің сөзінше, сатып алушылар жиі жіберетін қателіктің бірі – үлкен жеңілдікке, әшекейдің сыртқы келбетіне немесе сатушының сөзіне ғана сену.
Сондай-ақ алтынның бір грамының бағасына қарап қана таңдау жасау да дұрыс емес. Өйткені салмағы бірдей екі бұйымның жасалу технологиясы, тастары, беріктігі мен сапасы әртүрлі болуы мүмкін.
“Менің кеңесім – барлық сұрағыңызға түсінікті жауап беретін, таңбаларды көрсететін, бұйымның ерекшеліктерін ашық түсіндіретін және қажетті құжаттарды ұсынатын жерден сатып алыңыз. Әшекейдің тек металына емес, ілгегіне, бөлшектерінің жалғанған тұстарына және тастарының қалай бекітілгеніне де назар аударыңыз”, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, сатып алушы зергерлік технологиялардың бәрін білуге міндетті емес. Алайда ол қандай бұйымға және не үшін ақша төлеп отырғаны туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқылы.
Алтын мен әшекей бұйымдарды қалай ажыратуға болады: Зергер көпшілік біле бермейтін белгілерді атады