Тоқаев қазақ тіліндегі кітаптар мен фильмдердің үлесіне қатысты деректерді жариялады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі. Жиында қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі мен қолданыс аясын кеңейту мәселесіне тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент қазақ тіліне құрметпен қарауды әр азаматтың борышы деп санайтынын жеткізді.
“Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес. Сондықтан қазақ тіліне сыйластықпен қарау – азаматтық, адами борыш”, – деді президент.
Оған қоса мемлекет басшысы елдің экономикасы мен технологиясы дамыса мемлекеттік тілдің де абыройы артатынын айтты.
“Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық. Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат”, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы білім беру саласында қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келе жатқанын да айтты.
“Бүгінде балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде білім алып жатыр. Биыл бірінші сыныпқа барған оқушылардың 71%-ы қазақ сыныптарына қабылданған. Сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдерінің саны артқан”, – деді президент.
Қазақ тіліндегі кітаптар мен фильмдер көбейген
Президент қазақ тілінің креативті индустрия саласында да кеңінен қолданыла бастағанын айтты. Оның сөзінше, қазақ тіліндегі кітап, ән және фильмдердің нарықтағы үлесі артып келеді.
“Мысалы, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70%-ы қазақ тілінде басылды. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шықты. Айтылған деректердің бәрі жұртымыздың арасында қазақ тіліне үлкен сұраныс тудырды. Бұл – өте қуанышты жайт, жақсы үрдіс. Осындай жұмысты күшейте беруіміз керек”, – деді президент.
Тоқаевтың пікірінше, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін оны білім беру, мәдениет, технология және шығармашылық салаларында дамыту маңызды.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлын қабылдаған еді. Қоғам басшысы қазақ тілін дамытуға арналған қорда 824 миллион теңге жиналғанын жеткізді.
Алтын мен әшекей бұйымдарды қалай ажыратуға болады: Зергер көпшілік біле бермейтін белгілерді атады