Қазақстан халық пен бизнеске жасалған мүмкіндіктер бойынша үздік 50 елдің қатарына енді
Қазақстан Best Countries 2026 халықаралық рейтингінде "Мүмкіндіктер" санаты бойынша 44-орынға тұрақтады. Бұл бағытта елдің әлеуметтік қорғау, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы көрсеткіштері жоғары бағаланады. Ал жалпы рейтингте Қазақстан 53-орынға жайғасты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Рейтингті америкалық U.S. News & World Report басылымы Пенсильвания университетінің Уортон бизнес мектебімен бірлесіп әзірледі. Зерттеуге 100 мемлекет енгізіліп, олар сегіз бағыт пен 100 көрсеткіш бойынша бағаланған.
Биыл зерттеушілер рейтингті қалыптастыру тәсілін айтарлықтай өзгерткен. Бұған дейін елдердің халықаралық деңгейдегі беделі мен қоғамның көзқарасына негізделген сауалнамалар жүргізілсе, биыл негізгі өлшем ретінде халықаралық ұйымдардың статистикалық деректері алынған.
Қазақстанның әлеуметтік қорғау және білім беру саласындағы көрсеткіштері
Қазақстан "Мүмкіндіктер" санатында ең жоғары нәтиже көрсетті. Бұл санатта кәсіпкерлікке қолайлы жағдай, жұмыспен қамту, білім беру, әлеуметтік қорғау, салық салу және қаржы ресурстарына қолжетімділік ескеріледі. Қазақстан 53,9 балл жинап, 44-орынға орналасты.
Атап айтқанда, әлеуметтік қорғау саласы 100 балдың 94,1 балымен бағаланған. Жеке табыс салығы бойынша көрсеткіш – 80,2 балл, ал халықтың білім деңгейі – 71,8 балл.
Мұнда бір жайтты ескеру керек: 94,1 балл Қазақстан халқының 94,1%-ы әлеуметтік көмек алады деген сөз емес. Бұл – рейтинг авторларының өз әдістемесі бойынша берген бағасы. Сондай-ақ рейтингте қазақстандықтардың орташа оқу ұзақтығы 12,5 жыл деп көрсетілген.
Денсаулық сақтау мен инфрақұрылым бойынша Қазақстан нешінші орында?
Денсаулық сақтау саласында Қазақстан 64,2 балл жинап, 50-орынға тұрақтаған. Бұл санатта медициналық көмектің қолжетімділігі, халықтың өмір сүру ұзақтығы, дәрігерлер саны, вакцинация және ауруханалардың жағдайы ескерілген.
Рейтинг дерегіне сәйкес, Қазақстанда әр мың адамға шаққанда 3,8 дәрігерден келеді. Ал күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 74,4 жыл.
Инфрақұрылым бойынша Қазақстан 64 балмен 54-орынға жайғасқан. Бұл бағытта электр энергиясының қолжетімділігі, жолдардың сапасы, интернет жылдамдығы, сумен жабдықтау және санитарлық жағдай бағаланған.
Мәліметке сәйкес, Қазақстан халқының 97,9%-ы базалық санитарлық жағдаймен қамтылған. Ал кең жолақты интернеттің орташа жылдамдығы – секундына 88,1 мегабит.
Қазақстан жалпы рейтингте Өзбекстаннан озып кетті
Best Countries 2026 жалпы рейтингінде Қазақстан 53,8 балл жинап, 53-орынға ие болды. Ал Өзбекстан 46,8 балмен 76-орынға тұрақтаған. Осылайша, Қазақстан көрші елден 23 саты жоғары тұр.
Жалпы рейтингте елдердің экономикасы, денсаулық сақтау жүйесі, мемлекеттік басқару сапасы, инфрақұрылымы және халықтың тұрмыс деңгейі сияқты көптеген көрсеткіш ескерілген.
Биыл рейтингті бағалау тәсілі қалай өзгерді?
Best Countries рейтингі 2016 жылдан бері жарияланып келеді. Алайда биыл ұйымдастырушылар мемлекеттерді бағалау әдістемесін өзгерткен.
Зерттеу кезінде Дүниежүзілік банк, БҰҰ құрылымдары және Халықаралық еңбек ұйымын қоса алғанда, 30-дан астам халықаралық ұйымның деректері пайдаланылған.
Барлық көрсеткіш сегіз бағытқа бөлінген. Әр бағыттың рейтингке қосатын үлесі халықаралық сарапшылардың қатысуымен анықталған.
Әдістеме өзгергендіктен, биылғы нәтижелерді өткен жылдардағы көрсеткіштермен тікелей салыстыру дұрыс емес.
Еске салайық, Қазақстан әлемдегі ең ірі экономикалар рейтингінде 47-орынға жайғасқан еді. Халықаралық валюта қорының бағалауынша, елдің ішкі жалпы өнімі жыл қорытындысында 398 миллиард долларға жуықтайды. Бір жылда Қазақстан Португалия мен Финляндиядан озып шықты.
Бір жыл бұрын Халықаралық валюта қоры Қазақстанның жалпы ішкі өнімін шамамен 320 миллиард доллар деп бағалаған. Ол кезде ел әлемдегі ең ірі 50 экономиканың соңғы орындарының бірінде тұрған.
Алтын мен әшекей бұйымдарды қалай ажыратуға болады: Зергер көпшілік біле бермейтін белгілерді атады
