Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үйін жалға беретін қазақстандықтар салықты қалай төлейді

ипотека
Фото: magnific.com

Қазақстандықтар 2026 жылдан бастап үйін жалға беріп, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолдана алады. Бұл жағдайда жеке табыс салығы салынбайды, бірақ табыстың 4%-ын міндетті әлеуметтік төлемдерге аудару керек. Режимді жалдамалы жұмысы бар азаматтар да қолдана алады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Бұл режимді кез келген адам пайдалана алмайды. Оған Қазақстан азаматтары мен қандастар ғана қатыса алады. Олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуі, жалдамалы жұмысшы ұстамауы және үкімет бекіткен тізімдегі қызметпен айналысуы керек. Тұрғын үйді жалға беру сол тізімге кіреді. Айлық табыс 300 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 2026 жылы 1 миллион 297 мың 500 теңгеден аспауы тиіс. 

Түскен табыстың 4%-ы төрт түрлі әлеуметтік төлемге бөлінеді: әлеуметтік аударымға, міндетті зейнетақы жарнасына, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасына және медициналық сақтандыруға — әрқайсысына 1%-дан. Жеке табыс салығының мөлшерлемесі 0%. 

Режимді қолдану үшін арнайы мобильді қосымша арқылы кірісті тіркеп, чек беру қажет. Төлемдер автоматты түрде есептеледі, ал салық есептілігін тапсыру міндеттелмейді. 

Үйін жалға беретін азаматтардың бәріне бұл режим бірдей қолайлы болмауы мүмкін. Мысалы, бірнеше пәтерді жалға беретін немесе жұмысшы жалдайтын адамдарға оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қарастыруға болады.

Айта кетейік, Қазақстанда баспана бағасы тағы өсті. Оның ішіне жалға берілетін пәтерлер де кіреді.

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 10:54