Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 350 мың газ баллоны қауіпті: Бектенов ескі пештер мен мұржалар туралы ескертті

Бектенов

Фото: Stan.kz

Қазақстанда 40-50 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллоны шұғыл ауыстыруды қажет етеді. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдедіү Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет басшысының айтуынша, өткен жылыту маусымында елімізде газ баллондарының жарылуына байланысты 7 оқиға тіркелген. Оған қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болған.

"Қазір елімізде 40-50 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан 350 мыңға жуық қауіпті тұрмыстық газ баллоны бар. Оларды шұғыл ауыстыру қажет. Бұған дейін Өнеркәсіп министрлігіне газ баллондарын шығару мәселесін шешу тапсырылған болатын. Қазір Көкшетау қаласында осындай зауыт іске қосылды. Алдағы уақытта Атырау мен Алматы қалаларында да өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр", – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр енді ескі газ баллондарын жеке тұрғын үйлерде ғана емес, қоғамдық тамақтану орындарында да ауыстыру жұмысын ұйымдастыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ елімізде жарамсыз газ баллондарын айналымнан алу және жою тәртібі әлі күнге дейін реттелмегеніне назар аударды.

Осыған байланысты Энергетика министрлігіне басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай ішінде газ баллондарын жаңарту, айналымнан алу және олардың қолданылуын бақылаудың нақты тетігін әзірлеу тапсырылды. Ал әкімдіктер бұл жұмыстың өңірлерде орындалуын қадағалауы тиіс.

Өрттің көбеюіне ескі пештер мен тазаланбаған мұржалар себеп

Үкімет отырысында Бектенов жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, суық түскен сайын өрт қаупі артады. Бұған тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауы да әсер етеді.

"Жыл сайын жылу беру кезеңінде өрт қаупі арта түседі. Тұрғындар пеш жағып, түрлі жылыту құралдарын пайдаланады. Алайда көп жағдайда өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтауға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Профилактика жасалғанымен, қауіпсіздік мәселелеріне қатысты тұрғындардың жеке жауапкершілік деңгейі артпай отыр", – деді премьер-министр.

Оның сөзінше, өткен жылы жеке тұрғын үйлердегі өрт саны 12 пайызға азайған. Алайда бұл қауіптің сейілгенін білдірмейді. Себебі жылыту маусымы енді басталды, ал қатты суық әлі алда.

"Өткен жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, өрттердің басым бөлігі жөндеу көрмеген пештерден, дер кезінде тазартылмаған мұржалардан және тозығы жеткен электр сымдарынан туындайды. Кей жағдайда электр желілері мен газбен жабдықтау көздеріне рұқсатсыз қосылу да төтенше жағдайларға әкеп соғады. Әсіресе, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының баспаналарына ерекше назар аудару қажет", – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Төтенше жағдайлар министрлігіне өрттің алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Әсіресе, әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындардың үйлеріне қауіпті жағдай туралы ескертетін датчиктерді тегін орнату жұмысын жандандыру қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар тұрғындарға жылыту маусымында пештерін тексеріп, мұржаларын уақытылы тазалау және электр сымдарының жарамдылығына назар аудару қажеттігі ескертілді.

Еске салсақ, 21 қазанда Алматының Алатау ауданындағы жеке тұрғын үйде жарылыс болып, арты өртке ұласқан еді. Жалын 180 шаршы метр аумақты шарпып, үйдің шатыры опырылып түскен. Оқиға салдарынан төрт адам ауруханаға жеткізіліп, олардың екеуінің жағдайы аса ауыр деп бағаланды. Полиция үй иесіне қатысты тергеу бастады.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 10:41