Алматыда заңсыз хостел өртенді: Зардап шеккендердің арасында студенттер бар
Алматыда жеке тұрғын үйден шыққан ірі өрттен төрт адам ауруханаға түсті. Өрт 180 шаршы метр аумақты шарпып, салдарынан үйдің шатыры опырылып түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
21 қазан күні Алматының Алатау ауданында бүгін сағат 10:00 шамасында жеке тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болып, артынша өрт шықты. Жалын аз уақытта үйдің екінші қабатын шарпыған. Куәгерлердің айтуынша, оқиға кезінде ғимарат ішінде адамдар болған. Өрттен қатты күйік алған тұрғындарды жанып жатқан үйден алып шыққан.
“Бір адамның денесінің шамамен 70%-ы күйген. Қалған үш адамның қолы мен аяғы жарақаттанған. Газ баллоны жарылған сияқты. Мен осы жерде тұрамын. Жарылыстан құлағым естімей қалды. Сыртқа жүгіріп шықсам, көршілер жинала бастапты. Кейін көршілерден 500 метр қашықтықтағы үйлердің өзінде жарылыс дауысы естілгенін білдім. Жер сілкінгендей болды. Қатты соққы толқыны сезілді”, – дейді жергілікті тұрғындардың бірі Юсуф Илохумов.
Аулада барлығы екі ғимарат бар. Көршілердің айтуынша, өртенген екі қабатты үй биыл ғана салынып, бірден хостел ретінде пайдаланылған. Онда 20-ға жуық адам тұрған.
Аталмыш хостелде 150 мың теңгеге бөлме жалдап тұрған Иманбек Дубурбек асүйдегі пешке тек табиғи газ пайдаланғанын, баллонның болмағанын айтады.
“Екінші қабатта асүй бар, бірақ нақты айта алмаймын. Бірінші қабат зардап шеккен жоқ. Оның үстіне, үйде адам аз болған, көбі жұмысқа немесе оқуға кеткен”, – дейді ол.
Құтқарушылар өртті бір сағатқа жетер-жетпес уақыт ішінде ауыздықтады. Ал дәрігерлер зардап шеккендердің өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйла Иманғалиеваның айтуынша, зардап шеккендердің арасында студенттер мен бір ересек адам бар.
“Екі науқастың жағдайы аса ауыр. Олар жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы екі зардап шегушінің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Барлығына қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр”, – дейді Ләйла Иманғалиева.
Оқиғаның себептерін мамандар анықтап жатыр. Аудан әкімдігінің мәліметінше, баспанасыз қалған отбасыларға уақытша тұратын орын берілген.
Ал үй иесіне қатысты полиция тергеу бастады. Белгілі болғандай, ол бөлмелерді заңсыз жалға берген.
Бұған дейін Алматыда қоймалар мен әкімшілік ғимарат өртке оранған еді. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, оқиға орнына жеткен алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері әрқайсысы 40 тонналық контейнерлерден екі қабат етіп құрастырылған қойма жайларының өртеніп жатқанын анықтаған.
Сонымен қатар жалын көршілес орналасқан екі қабатты әкімшілік ғимараттың бір бөлігіне таралған.
"Байлықтың жарысы": Қазақстандықтар құдалыққа миллиондап ақша жұмсап, киіт кигізуге қарсы шықты
