Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда қоймалар мен әкімшілік ғимарат өртенді

Алматы өрт әкімшілік ғимарат қойма
Фото: Видеодан скрин

Алматы қаласының Алмалы ауданындағы кәсіпорындардың бірінің аумағында өрт шықты. Алдымен қойма ғимараттары өртеніп, кейін жалын көршілес орналасқан екі қабатты әкімшілік ғимаратына тараған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің аумағында шыққан өрт туралы хабарлама "112" кезекші пультіне түскен.

Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, оқиға орнына жеткен алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері әрқайсысы 40 тонналық контейнерлерден екі қабат етіп құрастырылған қойма жайларының өртеніп жатқанын анықтаған.

Сонымен қатар жалын көршілес орналасқан екі қабатты әкімшілік ғимараттың бір бөлігіне таралған.

Қойма ішіндегі жоғары температура, материалдық құндылықтардың көп болуы және өрт ошағына жетудің қиындығы өрт сөндіру жұмыстарын күрделендірген.

280 шаршы метр аумаққа тараған өрт 18 қазанға қараған түні толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданындағы Бобровка ауылында жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан әйел мен кәмелетке толмаған екі бала қаза тапқан еді. 

Айым Болатқызы
Жексенбі, 18 Қазан, 2026 10:26