Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да тұрғын үйдегі өрттен әйел мен екі бала қаза тапты

Өртенген үй
Фото: istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданындағы Бобровка ауылында жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан әйел мен кәмелетке толмаған екі бала қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қайғылы оқиға 14 қазан күні таңертең ауылдағы тұрғын үйлердің бірінде болған.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде үйді толығымен жалын шарпып, ғимараттың шатыры опырылып түскен.

Өрт сөндіру жұмыстары барысында құтқарушылар үйден әйел мен екі баланың мәйітін тапқан. 

"Өрт сөндірушілердің күшімен жалпы аумағы 63 шаршы метрді құрайтын өрт толық сөндірілді. Қазір оқиға орнында анықтаушылар мен өрт зертханасының мамандары жұмыс істеп жатыр", — делінген ТЖД хабарламасында. 

Қазір өрттің шығу себебі мен оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қаза тапқан балалардың бірі бір жаста, ал екіншісі үш жаста болған. Ауыл тұрғындарының сөзінше, отбасы ауылға жақында көшіп келген. Өрт болған кезде әйелдің жұбайы жұмыста болған.

Еске салсақ, бұған дейін Жетісу облысында тұрғын үйдегі өрттен үш бала қаза тапқаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 22:30