Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында тұрғын үйдегі өрттен үш бала қаза тапты

Үйдегі өрт
Фото: istockphoto.com

Жетісу облысының Бақтыбай ауылында өрттен үш бала қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қайғылы оқиға 25 қыркүйек күні таңертең Жетісу облысы Ескелді ауданындағы Бақтыбай ауылында болған. Төрт пәтер орналасқан барак үлгісіндегі жеке үйлердің бірінде өрт шыққан.

Өрт туралы ақпарат сағат 07:34-те түскен. Жалын пәтерлердің біріндегі шамамен 70 шаршы метр аумақты шарпыған. Құтқарушылар өртті сағат 08:17-де оқшаулаған.

ТЖД өрттен үш бала қаза тапқанын хабарлады. Олардың біреуі небәрі бір жаста, ал қалған екеуі алты және сегіз жаста болған.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, балалардың анасы 13 жастағы баласымен бірге өртеніп жатқан үйден сыртқа шығып үлгерген, үш бала үй ішінде қалған.

Оқиға орнында ТЖД-ның 16 қызметкері мен бес техника жұмыс істеді. Қазір өрттің шығу себебі мен балалардың өлімінің мән-жайы анықталуда. 

Еске салсақ, 2026 жылдың сәуірінде Астанадағы тұрғын үй кешенінде өрт шығып, үш бала қаза тапқаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 25 Қыркүйек, 2026 19:17