Бектенов "Самұрық-Қазына" басшылығын инвестициялық жобалардың мерзімін бұзғаны үшін сынға алды
Үкімет отырысында қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Самұрық-Қазынаның табысы жайлы баяндады. Сөзінше, табыс 13%-ға ал таза табыс 19%-ға өскен. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Сондай-ақ директорлар кеңесінде жалпы құны 43,8 триллион теңге болатын 69 ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы қаралды. Олардың басым бөлігі мұнай-газ саласына, мұнай-газ химиясына және дәстүрлі энергетикаға тиесілі. Бұдан бөлек, газ тасымалдау және энергетикалық инфрақұрылымды, көлік пен коммуникация салаларын дамытуға бағытталған жобалар бар.
Қазіргі уақытта 44 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалған жобалар бойынша әлі жұмыс істеліп жатыр.
Қордың биыл іске қосқан маңызды жобаларының бірі – Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ұзындығы 380 шақырым болатын талшықты-оптикалық байланыс желісі. Ол қазан айында пайдалануға берілді. Жоба екі ел арасындағы деректер алмасу мүмкіндігін кеңейтіп, цифрлық байланысты нығайтуға бағытталған.
Сонымен қатар қор алғаш рет қытай юанімен 3 миллиард юань көлемінде облигация шығарды. Олар Гонконг қор биржасы мен "Астана" халықаралық биржасына орналастырылды. Бұл қадам қордың халықаралық капитал нарығына шығу мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстан экономикасына қосымша инвестиция тартуға жол ашады.
Көлік саласындағы маңызды жобалардың бірі – Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісі. Қазан айында осы бағыт бойынша Қазақстан көмірін Өзбекстанға жеткізген алғашқы жүк пойызы жолға шықты. Жаңа теміржол желісі жүк тасымалының көлемін арттырып, Орталық Азия елдеріне қазақстандық өнімдерді экспорттауға мүмкіндік береді.
Отандық өндірушілерді қолдау аясында қордың қазақстандық компаниялардан сатып алған тауарлары мен қызметтерінің көлемі де артқан. Тоғыз айда бұл көрсеткіш шамамен 1,4 триллион теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45%-ға көп. Ал офтейк-келісімшарттардың көлемі 73 миллиард теңгені құрады.

Бұдан бөлек, қор әлеуметтік нысандар құрылысын жалғастырып жатыр. 2027–2028 жылдары Астана, Түркістан және Петропавл қалаларында бірқатар ірі медициналық нысанды аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ инклюзивті спорт, оңалту, білім беру және мәдениет салаларындағы жобалар жүзеге асырылмақ.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр қор мен оның еншілес компанияларының басшылығын инвестициялық жобалардың мерзімін бұзғаны үшін сынға алды. Ол жобалардың уақытында жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алуды және оларды іске асыру кезінде отандық тауарлар мен қызметтердің үлесін арттыруды тапсырды.
Сонымен қатар Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа энергия өндіру қуаттарын іске қосу, газ өңдеу зауыттарын салу сияқты жобалардың уақытында аяқталып, пайдалануға берілуін ерекше бақылауда ұстауды міндеттеді.
Еске сала кетейік, Қайрат Мақсұтов "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды. Үкіметтің мәліметінше, тиісті шешімді компанияның басқармасы қабылдаған. Бұл шешім компанияның инвестициялық жобалары баяу жүріп жатқандықтан және жаңа қуат көздерін іске қосу мерзімі нашар бақыланғандықтан қабылданған.