Eurasian Foods кәсіпорнында төтенше жағдайларды жою бойынша ауқымды оқу-жаттығу өтті
Қарағандыдағы Eurasian Foods кәсіпорнының аумағында химиялық қауіпті нысандағы шартты апатты жою жөніндегі тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар өтті. Оған кәсіпорын мамандары, кәсіби апаттық-құтқару қызметі және Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті қатысты.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша ТЖД басшылығы зауыт қызметкерлерінің кәсіби даярлық деңгейінің жоғары екенін атап өтті. Қызметкерлердің кәсіби білімі, практикалық және психологиялық дайындығы, сондай-ақ қажетті жабдықтармен қамтылуы жоғары бағаланды.
"Eurasian Foods" АҚ басқарма төрағасы Олег Винокуров департамент тарапынан берілген жоғары бағаның кәсіпорын үшін маңызы зор екенін айтты. Оның сөзінше, компанияда қауіпсіздік мәселесіне айрықша басымдық беріледі.
"Оқу-жаттығу қызметкерлеріміздің төтенше жағдай кезінде әрекет етуге қаншалықты дайын екенін іс жүзінде тексеруге мүмкіндік берді. Әсіресе, Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы командамыздың кәсіби дайындығына жоғары баға бергені маңызды. Тамақ өнімдерін өндіретін кәсіпорын үшін қауіпсіздік – қызметкерлер, олардың отбасылары және өнім тұтынушылары алдындағы үлкен жауапкершілік. Біз өндірістік процестердің қауіпсіздігіне де, шығарылатын өнім сапасын тұрақты бақылауға да ерекше мән береміз. Сонымен қатар өндірісте кез келген штаттан тыс жағдайға дайын болуымыз керек. Сондықтан қызметкерлерді тәжірибе жүзінде даярлау және кәсіби қызметтермен тығыз байланыс орнату біз үшін аса маңызды", – деді Олег Винокуров.

Eurasian Foods тарапынан оқу-жаттығуға 23 қызметкер қатысты. Олар зардап шеккен адамды құтқару, су пердесін орнату және апат салдарын жою әрекеттерін пысықтады. Жаттығу кезінде жеке қорғаныш құралдары мен химиялық бақылау құрылғылары қолданылды.
Оқу-жаттығуға "ПАСС Көмір" ЖШС-нің 15 құтқарушысы мен үш техникасы қатысты. Олар қауіпті аймақтан зардап шеккен адамды алып шығу және су пердесін орнату әрекеттерін пысықтады.

"Eurasian Foods" АҚ – Қазақстанның май-тоңмай саласындағы жетекші кәсіпорындарының бірі. Қарағандыдағы зауыт өз тарихын 1971 жылдан бастап жүргізеді. Бүгінде кәсіпорын желісінде заманауи әлемдік сапа стандарттарына сай келетін өнімдердің кең ассортименті ұсынылған. Кәсіпорын Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі тамақ өнімдерін өндірушілердің бірі – Eurasian Foods Corporation холдингінің құрамына кіреді. Компания өнімдерін әлемнің 11 еліне, соның ішінде Қытай, Өзбекстан және Ресейге экспорттайды. Холдинг кеңінен танымал "3 желания", "Шедевр", "Золотой стандарт" және басқа да брендтермен жүздеген өнім түрлерін шығарады. Көпжылдық тәжірибе, өндірісті жаңғыртуға салынған ауқымды инвестициялар және қатаң сапа бақылауы компанияға ішкі және сыртқы нарықтарда берік позицияны сақтауға мүмкіндік береді.