Қазақстанда зорлық-зомбылық құрбандарын дүкендер мен дәріханаларда паналату ұсынылды
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға дүкендер мен дәріханалардан уақытша пана беру ұсынылды. Мұндай бастаманы Құрылтай депутаты Лариса Ли көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, зорлық-зомбылыққа немесе қудалауға ұшыраған адам үшін алғашқы минуттар өте маңызды. Алайда мұндай жағдайда полицияға баруға немесе жақындарынан көмек сұрауға мүмкіндік болмауы мүмкін.
"Зорлық-зомбылық немесе қудалау кезінде жәбірленушінің қашып құтылуына санаулы минуттары ғана болады. Қатты қорыққан, қолында телефоны мен ақшасы жоқ адам алыстағы полиция бөліміне барып, арыз жазып отырмайды. Егер жақын маңда паналайтын жер болмаса, ол қауіптен құтыла алмауы мүмкін", – деді Лариса Ли.
Осыған байланысты депутат "Үйден 60 секундтық жердегі пана" жобасын ұсынды. Оның аясында тұрғын үйлердің жанындағы дүкендерде, дәріханаларда және пәтер иелері кооперативтерінің кеңселерінде қауіпсіз орындар ашу көзделген. Мұндай орындарға PANA деген арнайы белгі қойылады. Қауіп төнген адам сол белгісі бар жерге кіріп, көмек сұрай алады.
Жобаға сәйкес, қызметкерлер жәбірленушіні қауіп төндірген адамнан қорғап, қажет болса алғашқы көмек көрсетіп, полиция мен басқа да тиісті қызметтерді шақыруы тиіс.
Депутаттың айтуынша, жобаны іске асыру үшін бюджеттен қосымша қаржы қажет емес. Бастаманы алдымен Астана, Көкшетау және Теміртау қалаларында сынақ ретінде енгізу ұсынылып отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда 12 жастағы оқушының ChatGPT арқылы бала кезінде көрген зорлық-зомбылығы туралы айтып, көмек сұрағанын жазған едік. Жасанды интеллекттің кеңесінен кейін қыз 111 байланыс орталығына хабарласып, басынан өткен жағдайды психологқа жеткізген. Кейін бұл іске қатысты қыздың 39 жастағы нағашысы сотқа тартылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
