Елімізде қылмыс құрбандарына арнап жиналған 8,5 миллиард теңге жәбірленушілерге жетпеген
Қазақстанда қылмыстан зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлеу үшін құрылған қорда 8,5 миллиард теңге пайдаланылмай жатыр. Осыған байланысты Құрылтай депутаты Снежанна Имашева өтемақы мөлшерін көбейтіп, оны алу тәртібін жеңілдетуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Осы ретте Снежанна Имашева бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және қаржы министрі Мәди Тәкиевке депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, 2018 жылдан бері жұмыс істейтін жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры қылмыстан зардап шеккен азаматтардың кейбір санаттарына бір реттік қаржылай көмек көрсету үшін құрылған. Бұл қаражат емделуге, оңалтуға немесе жерлеу шығындарын өтеуге беріледі. Қорға 9 миллиардтан астам теңге жиналған. Алайда осы уақыт ішінде шамамен 5 500 адамға небәрі 855 миллион теңгеден астам өтемақы төленген.
"Біздің ойымызша, өтемақы алуға құқығы бар азаматтардың саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Сондықтан олардың не себепті көмекке жүгінбейтінін анықтау қажет. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың мұндай өтемақы туралы қаншалықты хабардар екенін тексеру маңызды", – деді Снежанна Имашева.
Өтемақы мөлшерін көбейту ұсынылды
Қазір қылмыстан зардап шеккен азаматтардың заңда белгіленген санаттарына 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін бір реттік өтемақы төленеді. Депутат бұл соманы көбейту қажет деп есептейді. Сонымен қатар зардап шеккен азаматтардың ақшаны ұзақ күту мәселесін де көтерді.
"Жәбірленушілерге өтемақы төлеуді жеделдету керек. Ол үшін азаматтарды дер кезінде хабардар етіп, қажетті құжаттарын жинауға және ақшасын алуға мүмкіндік беретін бірыңғай электронды жүйе қажет. Бұл қор қаражатының қалай жұмсалып жатқанын бақылауға да көмектеседі", – деді депутат.
Снежанна Имашева мұндай жүйені Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті негізінде құруды ұсынды.
Бұдан бөлек, депутат сотталған адамдардан қор төлеген өтемақыны қайтарып алу жұмысы да тиісті деңгейде жүргізілмей отырғанын айтты. Осыған байланысты ол Үкіметке Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорының жұмысын жан-жақты тексеріп, өтемақы мөлшерін арттыруды, оны тағайындау мен төлеуді толық автоматтандыруды ұсынды.
Депутат құзырлы органдардан көтерілген мәселелер бойынша қабылданған шешімдер туралы заңда белгіленген мерзімде жауап беруді сұрады.
Еске салсақ, бұған дейін Құрылтай депутаты Шахмардан Байманов "Дипломмен ауылға!" бағдарламасы арқылы баспаналы болған 9 мыңнан астам маманның міндетті жұмыс істеу мерзімі аяқталған соң ауылдан көшіп кеткенін айтып, депутаттық сауал жолдаған еді.
