Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат жанында мектеп пен емханасы жоқ жаңа үйлерге тұрғындарды қоныстандырмауды ұсынды

тұрғын үй
Фото: Pexels

Қазақстанда жаңа тұрғын үйлерге халықты мектеп, емхана, жол және басқа да қажетті нысандар салынғаннан кейін ғана қоныстандыру ұсынылды. Бұл бастаманы Құрылтай депутаты Юлия Кучинская көтеріп, премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, бүгінде Қазақстан халқының 64%-дан астамы қалаларда тұрады. Оның ішінде Астана, Алматы және Шымкентте қала тұрғындарының 37%-дан астамы шоғырланған. Алайда халық саны артқанымен, мектеп, емхана, жол және басқа да қажетті нысандардың құрылысы оған ілесе алмай отыр.

"Халықтың көптеп көшіп келуі инфрақұрылымның дамуын басып озды. Соның салдарынан жаңа аудандар мектептері мен емханалары жоқ, тұрғын үйлер ғана шоғырланған аумақтарға айналып жатыр. Ал жеке тұрғын үйлер ретсіз салынған аудандарда жол, кәріз жүйесі мен жарықтандыру жетіспейді", – деді Юлия Кучинская.

Осыған байланысты депутат жаңа тұрғын үйлерге халықты қоныстандыруды жол, су, кәріз жүйелері, мектеп пен емхана құрылысының кезең-кезеңімен аяқталуына байланыстыруды ұсынды.

Сонымен қатар мемлекеттік мекемелерді, жоғары оқу орындары мен ауруханаларды қала орталығынан шеткі аудандарға көшіру мәселесін көтерді.

"Тұрғын үйлер салынып жатыр, бірақ олардың жанында жұмыс орындары мен қажетті қызметтер жеткіліксіз. Сондықтан адамдар күн сайын жұмысқа барып-қайту үшін бірнеше сағатын жолға жұмсауға мәжбүр. Бұл олардың өмір сүру сапасына кері әсер етеді", – деді депутат.

Бұдан бөлек, Юлия Кучинская қала мен қала маңындағы елді мекендер арасында қоғамдық көлік қатынасын жақсартып, жүрдек электр пойыздарын іске қосуды ұсынды. Сондай-ақ елдегі 90 қаланың жағдайын зерттеп, олардың даму жоспарын қайта қарау қажет екенін айтты. Әсіресе шағын қалалардағы жұмыс орындарының тапшылығы мен ескірген инфрақұрылымға назар аудару керек екенін де атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Құрылтай депутаты Мақсұт Насибулов мемлекет қаржысына салынатын тұрғын үйлердің ауласын абаттандыруды міндеттеуді ұсынғанын жазған едік. Депутаттың айтуынша, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету ғана жеткіліксіз. Үйлердің ауласында балалар мен спорт алаңдары, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы және демалыс орындары болуы керек. Ол бұл талаптарды қаладағы ғана емес, ауылдардағы тұрғын үйлерге де енгізуді ұсынды.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 12:36