Қазақстан қалалары мен ауылдары үшін тұрғын үй сапасының бірыңғай стандартын енгізу ұсынылды
Депутат Мақсұт Насибулов мемлекет қаржысына салынатын тұрғын үйлердің ауласын абаттандыруға міндетті талаптар енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, тұрғындар пәтермен бірге балалар алаңы, жарықтандырылған аула, жаяу жүргіншілер жолы және демалыс орындарымен де қамтамасыз етілуі керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында тұрғын үй құрылысының сапасын бағалауда баспананың шаршы метрі мен санына ғана назар аудару жеткіліксіз екенін айтты. Оның сөзінше, азаматтарға арналған үй айналасында инфрақұрылым мен өмір сүруге қолайлы ортаның болуы да маңызды.

“Елімізде тұрғын үй салғанда азаматтарға тек пәтер берумен шектелеміз бе, әлде жайлы өмір сүруге қажет ортамен де қамтамасыз етеміз бе? Бұл мәселе бізді көптен бері алаңдатып келеді. Сол себепті үйлер санымен қатар, тұрғындардың өмір сүру жағдайына да назар аудару қажет. Өйткені кейбір үйлердің ауласы абаттандырылмай, қажет инфрақұрылымсыз қалады. Балалар алаңы, жарықтандыру және жаяу жүргіншілер жолдары ескерілмей қалады”, – деді депутат.
Оның айтуынша, тұрғын үй кешендерінде балалардың ойнауына, тұрғындардың спортпен айналысып, серуендеуіне арналған орындар, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған демалыс аймақтары да ескерілуі керек.
“Қалыпты ауласы жоқ, абаттандыру жұмыстары толық жүргізілмеген үйлер мен кешендерді толыққанды тұрғын үй деп айта аламыз ба? Бұл – бүгінгі күннің маңызды әлеуметтік мәселесі”, – деді Насибулов.
Депутаттың пікірінше, бұл мәселе әсіресе аудан орталықтары мен ауылдарда өзекті. Мемлекет ауылдарға мұғалімдер мен дәрігерлерді тартуға күш салып жатыр. Десе де мамандарға баспана берумен шектелмей, олардың отбасы үшін де қолайлы орта қалыптастыру қажет.
“Біз қажет маман иесін, жас отбасын жоба негізінде ауылға шақырып, тек азын-аулақ мал-мүлік және пәтер ұсынумен ғана шектелеміз. Жағдай бұлай болмауы керек”, – деді ол.
Депутат Үкіметке қандай ұсыныстар айтты?
Насибулов тұрғын үй ортасының сапасын жақсарту үшін мына ұсыныстарды айтты:
- Тұрғын үйлерге ортақ талап енгізу. Мемлекет қаржысына және басқа да қаражат көздері есебінен салынатын үйлердің ауласы мен инфрақұрылымына қойылатын ең төменгі талаптарды белгілеу;
- Абаттандыруды құрылыс жобасына міндетті түрде енгізу. Балалар және спорт алаңдары, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолдары, көгалдандыру мен демалыс орындары алдын ала жоспарлануы керек;
- Бұрын салынған мемлекеттік тұрғын үйлерді тексеру. Жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген жұмыстардың іс жүзінде орындалғанын анықтау;
- Талаптарды ауылдарда да қолдану. Бірыңғай стандарт аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерге де енгізіліп, әр өңірдің ерекшелігі ескерілуі қажет.
Депутат ауылдарға қалалық үлгіні сол күйінде көшіруді емес, барлық елді мекенде қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүруге қажет базалық жағдайды қамтамасыз етуді ұсынып отыр.
“Біз қанша шаршы метр тұрғын үй салдық?” деп қана қарау қателік. Дұрысы: “Салынған үйлердің тұрғындары үшін біз қаншалықты деңгейде өмір сүру жағдайын қалыптастырдық?” деген сауал алға шығуы тиіс”, – деді Насибулов.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда тұрғын үйлердің жанына автокөліктерді тұраққа қоюға тыйым салынады деген ақпарат тарағаны туралы жазған едік.