Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бұл бизнес-класс деңгейі ме?”: Алматы тұрғыны BI Group салған тұрғын үй кешенінің сапасына шағымданды

тұрғын үй
Фото: Видеодан скрин

Алматы тұрғыны BI Group компаниясы салып жатқан Arena City Life тұрғын үй кешеніндегі баспалдақтардың сапасына наразылық білдірді. Ол құрылыс сапасына қатысты бұған дейін де бірнеше мәселе көтерілгенін айтып, компанияға үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тұрғынның сөзінше, ол пәтерді бизнес-класс санатындағы үйден сатып алған. Алайда үйдегі жағдай құрылыс компаниясының беделі мен тұрғындар күткен сапаға сай болмай шыққан. 

“BI Group, сіздер мұны шынымен бизнес-класс санаты деп санайсыздар ма? BI Group компаниясының жылжымайтын мүлік нарығында аты дүркіреп тұр. Бірақ біздің үйдегі жағдай бұл атаққа мүлде сәйкес келмейді. Мына баспалдаққа қараңыздаршы! Бұл бизнес-класс деңгейі ме?”, – деп жазды Ақтолқын.

Ол пәтер алушылар баспанаға қомақты қаражат төлеп, соған сай сапа күтетінін айтты.

“Бизнес-класс – жарнамадағы жазу емес. Бұл – адамдар қомақты ақша төлейтін сапа. Ең сорақысы – бұл бір ғана мәселе емес. Бұған дейін қасбет, бірінші блок, ауланың жағдайы туралы айтқан едік. Енді оған баспалдақ қосылды. Құрылыс салушы үшін ең бастысы – шаршы метрді сату, ал қалғаны маңызды емес сияқты”, – деп жазды ол.

Оның сөзінше, тұрғын үй кешені 20 желтоқсанда пайдалануға беріледі. Десе де ол құрылыс компаниясынан сапаға қатысты мәселелерді шешуді талап етті.

“Біз ештеңе артық сұрап отырған жоқпыз. Біз өзіміз төлеген ақшамызға сай сапаны талап етеміз. BI Group компаниясының аты мен біздің үйдегі нақты сапа әзірге екі бөлек дүниені көрсетіп тұрғандай”, – деді ол.

BI Group не дейді?

Тұрғынның шағымына байланысты BI Group компаниясы пікір білдірді. Олар Arena City Life тұрғын үй кешеніне әлі де құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

“Құрылыс және әрлеу жұмыстары, соның ішінде баспалдақ бойынша жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Жұмыс аяқталған соң баспалдақ тиісті қалпына келтіріледі. Нысан желтоқсан айында пайдалануға  беріледі”, – деп жауап берді компания.

Желі қолданушылары не дейді?

Осыдан кейін желіде басқа тұрғындар да BI Group салған үйлердің сапасына қатысты пікір білдірді. Бірі құрылыс материалдары мен пәтерлердегі кемшіліктерге шағымданса, енді бірі компанияның жұмысын қолдады.

Бір тұрғын Arena Park тұрғын үй кешені аумағындағы жағдайға наразылық білдірді.

“Arena Park-тағы баспалдақтарға қараңыздаршы, бәрі ойдым-ойдым. Өсімдіктерді суаратын жүйе де дұрыс жасалмаған. Құбырлары жан-жаққа шығып жатыр. Отырғызылған ағаштарды арамшөп басып, қурап тұр. Арзан әрі көріксіз бұталар отырғызылған. Ал аумақты қарайтын жұмысшылардың өзі жасы келген адамдар. Менеджерлері болса кеңседе "бәрі жақсы" деп отыра береді”, – деп жазды ол.

пікір
Фото: Threads скрин

Тағы бір тұрғын Алматыдағы пәтер бағасы тым қымбат екенін айтып, құрылыс сапасына көңілі толмайтынын жеткізді.

“BI Group-та пәтер бағасы тым жоғары. Олар бағаны көтерген соң, басқа құрылыс компаниялары да қымбаттата бастайды. Көпшілік брендке сеніп сатып алады. Бірақ өзім жарнамаға сенбеймін. Алматыда пәтер бағасы қымбат болғанымен, үйлердің сапасы Астанаға қарағанда төмен сияқты. Астанада төбенің биіктігі 3 метр болса, бізде 2,8 метр. Құрылыс материалдарына да ақша үнемдейтін сияқты. Бірақ шаршы метр бағасы Астанаға қарағанда екі есе қымбат”, – деп жазды тұрғын.

Тағы бір тұрғын BI Group-тан алған пәтерінің сапасына көңілі толмағанын айтты.

“Пәтерімді осы компаниядан алдым. Бірақ әр кезеңде бір мәселе шығып отырды. Еден сапасыз, электр сымдарын түгел ауыстыруға тура келді. Тіпті қабырғалар қисық шығып, терезелері дұрыс жасалмаған. Көрші пәтерлердің арасындағы қабырға да көңілден шықпады. Еден жарылып, енді тек кірпіш үйден пәтер аламын деп шештім”, – деп жазды тұрғын.

пікір
Фото: Threads скрин

Желіде BI Group-тың жұмысын қолдаған пікірлер де жазылды.

Өзін 20 жылдық тәжірибесі бар құрылысшы деп таныстырған тұрғын Шымкенттегі BI Group үйінен пәтер алғанын айтты. Оның сөзінше, ол құрылыс барысын бірнеше рет бақылаған және компанияның жұмысына қатысты шағымы болмаған.

“BI Group Shymkent-тен пәтер алған кезде құрылыс барысын бақылап отырдым. Клиенттерді құрылыс нысанына кіргізіп, жұмыс барысын көрсетуі – оларда қалыптасқан тәжірибе. Ешқандай шағымым болған жоқ. Өзім де 20 жылдық тәжірибесі бар құрылысшымын. Видеодағы баспалдақтың бір жері сынып қалған сияқты. Бәлкім, оған ауыр зат соғылған шығар. Менің білуімше, бетонның сапасы құрылыс кезінде бірнеше кезеңде тексеріледі. BI Group – Қазақстанда сенім артуға тұрарлық компанияның бірі”, – деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласындағы тарихи “3 богатыря” тұрғын үй кешенінің тұрғындары дабыл қаққаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 05 Қазан, 2026 16:02