Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы

ЖК 3 богатырь
Фото: Stan.kz

Алматы қаласындағы тарихы бар “3 богатыря” тұрғын үй кешенінің тұрғындары дабыл қақты. Тұрғындардың сөзінше, скалодром салу үшін ғимаратқа жалғасқан жерасты бөлігінің конструкциялары бұзылып жатыр. Олар бұл жұмыстар үйдің сейсмикалық қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін деп алаңдайды. Тұрғын үйдің тұрғындары жиналып, БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Оқиға орнына Stan.kz тілшісі де барды.

Тұрғындардың сөзінше, құрылыс осыдан 3 апта бұрын басталған алайда оларға құрылыстың болатынын ешкім ескертпеген. 

“Олар бізге Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты рұқсат берді деп айтты. Алайда бұл туралы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы түсінуімше бейхабар. Мен бұл жайлы барлық жерге жаздым және жауаптарын күтіп отырмын”, – деп жауап берді Мүлік иелерінің бірлестігі төрайымы Ирина.

три богатыря тұрғындары
Фото: Stan.kz

Тұрғындар бастапқыда ғимаратта тек бұрынғы фитнес-орталықтың құрал-жабдықтары мен ішкі безендіру элементтері алынып жатыр деп қабылдаған. Алайда жұмысшылардың қабырғаларды қиратып, ауыр техниканы іске қосуы олардың күдігін күшейткен.

"Бетон конструкцияларды да қирата бастады. Осыдан кейін тұрғындар алаңдай бастады. Өйткені ғимарат біздің үймен тікелей жалғасып тұр. Қазір үш үйге тірек болып тұрған төменгі қабаттағы бағандарға да зақым келіп жатыр", – деді Ирина.

МИБ төрайымы тұрғындар нысанның жаңа иелерінен құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажетті рұқсаттары бар-жоғын бірнеше рет сұрағанын айтты. Алайда оларға құжаттардың өзі көрсетілмеген. Оның үстіне жұмыс басталар алдында тұрғындарға алдын ала ескертілмеген.

Жұртшылық құрылыс туралы қатты дыбыстан кейін ғана білген. Тұрғындардың сөзінше, ауыр техниканың жұмысы кезінде тіпті үй қозғалғандай әсер болған. Қазір олар нысанды қайта құрумен айналысып жатқан компанияның атауын және оның нақты кімге тиесілі екенін де білмейді.

"Жұмысшылардан қажетті рұқсаттары бар-жоғын сұрадым. Олар құжаттары бар екенін айтты, бірақ бірде-бірін көрсеткен жоқ. Бізге "бұл жеке тұрған ғимарат, сіздерге қатысы жоқ" деп жауап берді. Ал біздің білгіміз келетіні – құрылыс жұмыстарының заңға сай әрі қауіпсіз жүргізіліп жатқаны. Жұмыс басталғанына бір апта болды, бірақ осы уақытқа дейін нысанның басшылығынан ешкім тұрғындармен сөйлесуге келген жоқ. Өзіміз іздеп, кім екенін анықтауға тырысқанымызбен, нақты жауап ала алмадық", – деп жауап берді Ирина.

Тұрғындар осыған дейін құрылыс жеріне трактор және т,б ауыр техникалар кіргенін, олар кіріп жұмыс істеп жатқанда үй жер сілкінгендей шайқалғанын айтты.

“Біз трактор сынды ауыр техникалармен келіп, қабырғаларды ұрып жатқанын көрдік. Қабырғалар дірілдеп шошып отырдық”, – дейді МИБ төрайымы Ирина.

Осыған байланысты тұрғындар Алматы әкімдігіне, құрылыс бақылау басқармасына, Төтенше жағдайлар департаментіне және прокуратураға шағым түсірген. Тұрғындар құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне қарсы емес екенін, алайда нысандағы өзгерістердің заң талаптарына сай әрі қауіпсіз орындалғанын білгісі келетінін айтты.

"Егер барлық қажетті құжаттары болса және тиісті сараптамалардан өткен болса, сол құжаттарды көрсетіп, жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқанын түсіндірсе дейміз. Біздің басты талабымыз – қауіпсіздік. Себебі бұл ғимараттың маңында адамдар тұрады. Әсіресе жер сілкінісі болған жағдайда үйлердің беріктігіне нұқсан келмейтініне көз жеткізгіміз келеді", – деді тұрғындар.

“Жұмыс тоқтатылды”: Сәулет-құрылыс бақылау басқармасы не дейді?

Аталмыш жағдайға Алматы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы да бей-жай қарамай, редакциямызға жауап берді. Өз жауабында осы мәселе бойынша тексеріс басталғанын мәлімдеді.

“Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары біздің басқарманың шешімімен тоқтатылды. Алайда тиісті ресми рәсімдер бар. Қазір тексеру жұмыстарын бастаймыз, тиісті шаралар қабылдаймыз. Тексеру қорытындысы бойынша нысанда не болғанын және жағдайдың қалай өрбігенін қосымша хабарлаймыз, – деп жауап берді сәулет-құрылыс бақылау басқармасы.

Қонаевтан қалған “3 богатыря” тұрғын үй кешені

Алматының Достық даңғылындағы №44 үйді қала тұрғындары бүгінде "3 богатыря" деп атайды. Бір қарағанда, бұл атау ғимараттың сыртқы пішініне байланысты қойылғаны түсінікті. Кешен бір-бірімен байланысқан үш биік мұнарадан тұрады. Алайда оның тарихы тек ерекше сәулетімен ғана емес, Алматының кеңестік кезеңдегі дамуымен де байланысты.

"3 богатыря" 1971 жылы сол кездегі Ленин даңғылын қайта құру жұмыстары кезінде бой көтерген. Жобаға сәулетшілер А. Петров, Б. Чурляев, В. Гершберг және басқа мамандар қатысқан. Кешен үш 12 қабатты тұрғын үйден тұрады. Олар ортақ екі қабатты стилобатпен біріктірілген. Ғимараттың конструкциясында сол кезең үшін маңызды болған сейсмикалық қауіпсіздік шешімдері қолданылған. Тұрғындардың сөзінше, бұл үйдің салынуына жапон сәулетшілерімен бірігіп салынған. Ал "3 богатыря" атауы ғимаратқа бастапқыда ресми түрде берілмеген. Ол 1970-жылдардың соңына қарай алматылықтардың арасында қалыптасқан атау ретінде кең тараған. Бүгінде жарты ғасырдан астам уақыт өткен бұл кешен Алматының кеңестік модернизм дәуірінен сақталған сәулеттік нысандарының бірі саналады. Оның үш мұнарасы Достық даңғылының сәулеттік келбетінде өзіндік ерекшелік қалыптастырып тұр.

Ислам Әден
Жұма, 02 Қазан, 2026 19:49