Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жобаны кешіктірген "Самұрық-Энерго" басшысы қызметінен кетті

Қайрат Мақсұтов
Фото: samruk-energy.kz

Қайрат Мақсұтов "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкіметтің мәліметінше, тиісті шешімді компанияның басқармасы қабылдаған.

"Шешім компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларын іске асыру қарқынының қанағаттанарлықсыз болуына, сондай-ақ жаңа генерациялайтын қуаттарды салу және пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуына бақылаудың жеткіліксіздігіне байланысты қабылданды", – делінген хабарламада.

Қайрат Мақсұтов 1970 жылы дүниеге келген. 1991 жылы Қазтұтынуодағының Қарағанды кооператив институтын "экономист-ревизор" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сәйкес, еңбек жолын 1991 жылы Қарағанды облыстық тұтынушылар одағында ревизор болып бастаған. Кейін банк саласында, Жайрем-Атасуй арнайы экономикалық аймағында және Қаражал қаласы әкімінің орынбасары қызметінде жұмыс істеген.

2004-2009 жылдары "Гефест" тау-кен холдингінде экономика және қаржы жөніндегі вице-президент болған.

2009 жылы "Самұрық-Энергоға" ауысып, қаржы және экономика жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Кейін компанияда түрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеген.

2023 жылғы маусымда "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалған.

Еске салайық, 2026 жылғы шілдеде премьер-министр Олжас Бектенов энергетика министрлігі мен "Самұрық-Қазына" қорының басшылығына бірқатар ірі энергетикалық нысанды уақытында пайдалануға беруге қатысты жеке жауапкершілікті ескерткен болатын.

Ол кезде Алматыдағы жылу электр орталықтары (ЖЭО) мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысы сөз болған. Олжас Бектенов ЖЭО-3 бойынша жұмыстардың баяу жүріп жатқанын атап өткен еді.

Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында мемлекеттік қызметтегі 10 басшы құмар ойынға бәс тіккені үшін жұмыстан босатылғаны туралы жазған едік.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 28 Қазан, 2026 17:10