Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Мақсұтов қызметінен даулы жағдайда кеткеннен кейін "Самұрық-Энергоның" жаңа басшысы тағайындалды

Аңсар Айдаров
Фото: Samruk-energy.kz

“Самұрық-Энерго” компаниясының басшылығы ауысты. Қайрат Мақсұтов қызметінен кеткеннен кейін басқарма төрағасы болып Аңсар Айдаров тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аңсар Айдаров бұл қызметке "Самұрық-Қазына" қоры басқармасының шешімімен тағайындалды. Жаңа басшыға негізгі инвестициялық жобаларды кешіктірмей аяқтап, электр станцияларын белгіленген уақытта іске қосу міндеті жүктелді.

"Самұрық-Қазына" басшысы Нұрлан Жақыпов жиында осы мәселеге арнайы тоқталып, жобалардың уақытында жүзеге асуын қатаң бақылауды тапсырды.

Ансар Айдаров 2013 жылдан бері "Самұрық-Қазына" тобына кіретін компанияларда жұмыс істеп келеді. Әр жылдары "Энергия Семиречья" ЖШС-ін басқарған, сондай-ақ "Самұрық-Энерго" компаниясында жобалық кеңсенің жетекшісі және инвестициялар жөніндегі бас директор болған.

Еске салайық, 28 қазанда Қайрат Мақсұтов "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды. Үкімет бұл шешімді компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларын іске асыру қарқынының төмен болуымен, сондай-ақ жаңа энергия өндіруші қуаттарды салу және пайдалануға беру мерзімдерінің жеткілікті деңгейде бақыланбауымен түсіндірді.

Кейін Премьер-министр Олжас Бектенов Мақсұтовтың қызметінен босатылуына қатысты пікір білдірді. Ол жобалардың іске асырылуына бақылау жеткіліксіз болғанын айтып, оларды белгіленген мерзімде орындау үшін жауапкершілікті күшейту қажет екенін мәлімдеді. 

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 30 Қазан, 2026 13:11