"Самұрық-Қазына" триллиондарды қайда жұмсамақ: Қор басшысы есеп берді

Премьер-министр Олжас Бектенов "Самұрық-Қазына" АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізіп, экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі президент тапсырмаларын дереу орындауға кірісуді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет басшысы мемлекеттік қорға ел инфрақұрылымын нығайтуда негізгі рөл жүктелгенін атап өтті.
"Барлық жауапты мемлекеттік органдарға, соның ішінде Қор басшылығы мен топ компанияларына, өз күш-жігері мен ресурстарын барынша шоғырландырып, осы ауқымды іске дереу кірісу қажет", – деді Олжас Бектенов.
"Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов соңғы үш жылда қор жалпы құны 3,3 триллион теңгені құрайтын 35 жобаны аяқтағанын баяндады. Сонымен қатар құны осыған ұқсас тағы 16 ірі жобаны жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланғаны айтылды.
Қор ел үшін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық және цифрлық нысандарды аяқтауды жоспарлап отыр:
- Энергетика және мұнай-газ саласында: Алматы ЖЭО-2, Қашағандағы газ өңдеу зауыты, Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысы және Павлодар мұнайхимия зауытында сутегі өндіру қондырғысы іске қосылады.
- Көлік саласында: "Мойынты – Қызылжар" және "Дарбаза – Мақтаарал" жаңа теміржол желілері, сондай-ақ "Достық – Алашанькоу" учаскесінде екінші жолдар салу жұмыстары аяқталмақ.
- Цифрландыру бағытында: Каспий теңізінің түбімен өтетін талшықты-оптикалық байланыс желісі және Қосшы қаласындағы деректерді өңдеу орталығы іске қосылады. Сондай-ақ қазан айында сол жерде жаңа суперкомпьютерлік кластер іске қосылып, қордың есептеу қуаты төрт есе артпақ. Бұдан бөлек, қор компанияларында жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде.
ОқыңызЖыл басынан бері 10 ірі құрылыс жобасы іске қосылды:
- Атырау облысында бутадиен өндіретін зауыт пен "Полиэтилен" жобасына арналған инфрақұрылым салу жұмыстары;
- Екібастұз қаласында деректерді өңдеу орталықтарының "алқабы" іске қосылды;
- Жамбыл, Павлодар және Қарағанды облыстарында ірі жел электр станцияларының (ЖЭС) құрылысы басталған;
- Семей мен Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарының (ЖЭО) құрылысы жүргізілуде;
- Оңтүстік өңірлерде электр энергиясын есептейтін смарт-аспаптар енгізілуде.
2027–2029 жылдар аралығында "Самұрық-Қазына" қоры тағы 36 ірі мегажобаны іске асыруды жоспарлауда. Жалпы инвестиция көлемі 21 триллион теңгені құрайды.
Басым бағыттардың қатарында 5G желілерін дамыту және жаңа энергетикалық нысандар салу көзделген.
Отырыс қорытындысы бойынша Олжас Бектенов құрылыс мерзімдерін қатаң бақылауды күшейтуді және құрылыс барысында ең алдымен қазақстандық тауарлар мен қызметтер пайдаланылуын қатаң қадағалауды тапсырды.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев "Бәйтерек" пен "Самұрық-Қазынада" басқарушылар көбейгенін айтып, сынға алған еді.
Астанада ойын орталығында 4 жасар бала тоқ соғып жарақат алды: Анасы орталықты тексеруді талап етті