Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Самұрық-Қазына" "Қазақстан халқына" қорына міндетті төлемді неліктен аудармай жатыр: Жұманғарин түсіндірді

қор
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Мәжілісте президент тапсырмасына қарамастан, “Самұрық-Қазына” қорының “Қазақстан халқына” қорына қаражатты толық көлемде аудармау себебі талқыланды. Отырыста 2025 жылы бөлінген қаржы көлемі мен оның жұмсалу бағыттары да жария етілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл мәселені мәжіліс депутаты Ерлан Саиров отырыста көтерді. Ол президент тапсырмасына сәйкес, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының таза пайдасының 7%-ы “Қазақстан халқына” қорына аударылуға тиіс екенін еске салды.

Депутаттың айтуынша, кейінгі жылдары нақты аударылған қаражат көлемі белгіленген мөлшерден төмен болған:

  • 2023 жылы – 3,8%;
  • 2024 жылы – 5,2%.

Саиров ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен биыл “Самұрық-Қазына” аударым көлемін 7%-ға жеткізуді жоспарлап отырғанын және неліктен екі жыл бойы қаражатты толық көлемде аудармағанын сұрады.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 7%-дық талаптың заңнамада бекітілгенін айтты. Десе де қаражатты нақты аудару тек заң талабына байланысты емес дейді. Ол үшін үкіметтің жеке қаулысы қабылданып, екі қор арасында тиісті келісім жасалуы қажет екен. 

“Осыдан кейін “Қазақстан халқына” қоры қаржыландыру керегін негіздеп, “Самұрық-Қазына” қорына ресми жазбаша өтініш жолдауға тиіс”, – деді Серік Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, өткен жылдары қаражаттың толық аударылмауына қор тарапынан тиісті сұраныстың түспеуі себеп болған.

Министр мәліметінше, 2025 жылы “Самұрық-Қазына” тиісті қаулы қабылдап, “Қазақстан халқына” қорына 62,2 миллиард теңге аударған.

Оның ішінде:

  • 43 миллиард теңге онкологиялық ауруларды емдеуге көмек көрсетуге;
  • 19,2 миллиард теңге сирек кездесетін ауруларды емдеуге;
  • 12,5 миллиард теңге ауылдық жерлерде мектептер салуға және өзге де әлеуметтік жобаларды іске асыруға бағытталған.

Жұманғарин билік жыл сайын аударым көлемін 7%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Оның сөзінше, бөлінетін қаржы көлемі “Қазақстан халқына” қоры тарапынан түсетін өтініштерге тікелей байланысты.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 13:57