Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытай көліктері нарықты қалай жаулап алды және оларды сатып алу тиімді ме

 
оооооо
Фото: Pexels

Қытай автокөліктері Қазақстан нарығында жылдан-жылға кеңінен таралып келеді. Chery, Changan, Haval, Jetour және Geely секілді маркалардың көліктерін бүгінде еліміздің ірі қалаларынан жиі кездестіруге болады. Алайда бір қызығы, Қытайда өндірілетін бұл көліктердің бағасы Қазақстанда айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін. Бір модель Қытайдың ішкі нарығында қанша тұрады? Ресейде ше? Ал қазақстандық сатып алушы дәл сол көлікті алу үшін қанша ақша жұмсайды? Stan.kz үш елдегі танымал қытай автомобильдерінің бағасын салыстырып, сарапшыдан қытайлықтардың нарықты жаулау себебін сұрады.

 

Қазақстан нарығындағы Топ-5 Қытай көлігі

Қазақстанда қытайлық автомобиль брендтері арасында Changan, Chery, Haval, Jetour және Geely модельдері кеңінен таралған. Kolesa.kz мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жеті айында Changan CS55 Plus моделі 4 687 данамен ең көп сатылған қытай көлігі атанған. Одан кейін Changan CS35 Max (3 776 дана) мен Jetour X70 (3 149 дана) орналасқан.

Қазақстан нарығындағы танымал бес модельдің бағасы төмендегідей:

  1. Changan CS55 Plus – заманауи дизайны, кең салоны және технологиялық жабдықталуымен ерекшеленетін кроссовер. Бастапқы бағасы – 9,29 миллион теңге.

  2. Chery Tiggo 7 – орта өлшемді кроссовер. Кең салоны, жайлылығы және қауіпсіздік жүйелерімен ерекшеленеді. Бастапқы бағасы – 8,49 миллион теңге.

  3. Haval Jolion – қала ішінде пайдалануға арналған ықшам кроссовер. Заманауи дизайны мен қолжетімді бағасы сатып алушылардың назарын аударған. Бастапқы бағасы – 8,33 миллион теңге.

  4. Jetour X70 – кең салоны бар отбасылық кроссовер. Жолаушыларға арналған кеңістігі мен жайлылық мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Бастапқы бағасы – 8,39 миллион теңге.

  5. Geely Coolray – спорттық дизайны және динамикалық сипаттамалары бар ықшам кроссовер. Бастапқы бағасы – 8,69 миллион теңге.

Ресей нарығындағы Топ-5 Қытай көлігі

Ресей автонарығында да қытайлық автомобиль брендтері кеңінен таралған. Әсіресе Haval, Chery және Geely маркаларының кроссоверлері сатып алушылар арасында сұранысқа ие. Олардың танымалдығына салыстырмалы түрде қолжетімді бағасы, заманауи дизайны, техникалық жабдықталуы және қосымша функциялары әсер етіп отыр.

Ресей нарығында жиі кездесетін қытай көліктерінің бестігіне мына модельдер кіреді:

  1. Haval Jolion – Ресей нарығындағы танымал қалалық кроссоверлердің бірі. Бағасы мен жабдықталуының үйлесімі, заманауи сыртқы дизайны және қала ішінде жүруге ыңғайлылығымен ерекшеленеді. Бастапқы бағасы – 9,84 миллион теңге (1 799 000 рубль).

  2. Chery Tiggo 7 Pro Max – кең салоны мен заманауи технологиялық жабдықталуымен ерекшеленетін орта өлшемді кроссовер. Турбокомпрессорлы қозғалтқышпен жабдықталған. Бастапқы бағасы – 13,62 миллион теңге (2 490 000 рубль).

  3. Geely Monjaro – брендтің ірі әрі жоғары санаттағы кроссоверлерінің бірі. 2 литрлік турбокомпрессорлы қозғалтқышы және автоматты беріліс қорабы бар. Бағасы комплектациясына қарай 18–21 миллион теңге (3 300 000–3 839 990 рубль) аралығында.

  4. Chery Tiggo 4 Pro – қалалық жағдайда пайдалануға арналған шағын кроссовер. Ықшам өлшемі, қолжетімді бағасы және күнделікті қажеттіліктерге арналған жабдықталуымен ерекшеленеді. Бастапқы бағасы – 10,66 миллион теңге (1 949 000 рубль).

  5. Geely Coolray – спорттық дизайнымен және динамикалық сипаттамаларымен ерекшеленетін ықшам кроссовер. Салонында заманауи мультимедиялық жүйе мен цифрлық аспаптар панелі қарастырылған. Нақты бастапқы бағасы қосымша тексеруді қажет етеді.

Қытай нарығындағы Топ-5 автокөлік

Қытайдың жолаушылар көліктері қауымдастығының деректеріне негізделген Gasgoo рейтингі бойынша, 2026 жылдың қыркүйегінде қытайлық брендтер арасында Geely Xingyuan, BYD Seagull, BYD Yuan UP, GAC Aion Y және Changan Qiyuan Q05 модельдері сатылым көшін бастаған.

Қытай нарығындағы үздік бес модельдің бағасы төмендегідей:

  1. Geely Xingyuan – Қытайда жоғары сұранысқа ие шағын электрлі автомобильдердің бірі. 2026 жылғы қыркүйекте 60 871 данасы сатылып, қытайлық брендтер арасында бірінші орынға шықты. Бағасы – 4,16–6,18 миллион теңге (61 800–91 800 юань).

  2. BYD Seagull – қала ішінде жүруге арналған шағын электрлі хэтчбек. 2026 жылғы қыркүйекте Қытайда 38 650 данасы сатылған. Бағасы – 4,70–5,78 миллион теңге (69 900–85 900 юань).

  3. BYD Yuan UP – шағын электрлі кроссовер. 2026 жылғы қыркүйекте 37 579 данасы сатылып, үшінші орынға орналасты. Бағасы – 5,03–7,05 миллион теңге (74 800–104 800 юань).

  4. GAC Aion Y – кең салоны және электр қозғалтқышымен ерекшеленетін кроссовер. 2026 жылғы қыркүйекте 35 141 данасы сатылған. Бағасы – 6,72–9,21 миллион теңге (99 800–136 800 юань).

  5. Changan Qiyuan Q05 – бес орындық электрлі кроссовер. 2026 жылғы қыркүйекте Қытайда 29 064 данасы сатылған. Бағасы – 5,38–7,73 миллион теңге (79 900–114 900 юань).

Осылайша, үш елдің автомобиль нарығындағы сұранысқа ие қытайлық модельдері мен олардың бағасы әртүрлі. Қазақстан мен Ресейде негізінен бензин қозғалтқышымен жүретін кроссоверлер алдыңғы қатарда болса, Қытайдағы үздік бестікке электрлі автомобильдер басымдықпен енген.

Қытай көліктері Қазақстанда неге қымбат?

Осы мәселеге қатысты автонарық сарапшысы Эдуард Эдоковтың пікірін білдік. Қытайда өндірілетін автокөліктердің бағасы Қазақстан нарығына жеткенде айтарлықтай қымбаттайды. Бұған экспорттық рәсімдеу, тасымал, кедендік баж, утильалым, сертификаттау және алғашқы тіркеу секілді қосымша шығындар әсер етеді. Автонарық сарапшысы Эдуард Эдоков Қытай мен Қазақстандағы көлік бағасының айырмашылығы неден туындайтынын түсіндірді.

Сарапшының айтуынша, Қытай – әлемдегі ең ірі әрі бәсекелестігі жоғары автомобиль нарығы. Елде көлік өндірісінің көлемі үлкен, ал өндірушілер арасындағы бәсеке бағаның төмен болуына ықпал етеді. Сондықтан Қытайдың ішкі нарығында автокөліктер салыстырмалы түрде арзан сатылады.

Алайда көлікті Қытайдан Қазақстанға жеткізу барысында оның бастапқы бағасына бірнеше қосымша шығын қосылады. Олардың қатарында экспорттық лицензия алу, экспорттаушы компанияның қызметіне ақы төлеу, тасымалдау, кедендік баж, утильалым, сертификаттау, электронды паспорт рәсімдеу және алғашқы тіркеу бар.

"Мысалы, Қытайда 5-6 миллион теңге тұратын көлік Қазақстанға келгенде 10 миллион теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Себебі оның бастапқы бағасына жоғарыда аталған барлық шығын қосылады. Қазақстандағы көліктердің Қытаймен салыстырғанда қымбат болуының негізгі себебі – осы", – деді Эдуард Эдоков.

Қазақстан мен Ресейде көлікке салынатын төлемдер қандай?

Эдуард Эдоков үш елдегі салық және кедендік төлемдердің айырмашылығына да тоқталды. Оның сөзінше, Қытайда автокөлік сатып алғанда қосылған құн салығы 13%, ал көлік сатып алу салығы шамамен 10% құрайды. Дегенмен электромобильдер мен гибридтерге қатысты жеңілдіктер қарастырылған.

"Қытай мемлекеті заманауи электромобильдер мен гибридтерді сатып алуды ынталандырады. Сондықтан мұндай көліктерге белгілі бір салықтық жеңілдіктер бар", – деп түсіндірді сарапшы.

Ал Қазақстанда жеке тұлға көлік импорттаған жағдайда кедендік баж мөлшері көліктің түрі мен қозғалтқыш көлеміне байланысты шамамен 48-50% жетуі мүмкін. Коммерциялық импорт кезінде баж салығы 15%, ал ҚҚС 16% болады. Осылайша, қосымша төлемдер кедендік құнның шамамен 33-34 пайызын құрайды.

Ресейдегі жағдайға қатысты сарапшы коммерциялық импорт кезінде кедендік баж шамамен 15%, ал ҚҚС 22% екенін айтты. Бұған қоса, утильалым мен акциз төлемдері де бар.

"Ресейде қазір утильалым өте жоғары. Қазақстандағы утильалымның өзі қомақты, ал Ресейде одан да жоғары. Сондықтан бұл нарықтың жағдайы бөлек. Оның үстіне геосаяси факторларға байланысты Ресей нарығын Қазақстанмен тікелей салыстыру қазір дұрыс болмауы мүмкін", – дейді ол.

Қытай көліктерінің сапасы қандай?

Сарапшының пікірінше, соңғы жылдары қытайлық автомобильдердің сапасы айтарлықтай жақсарған. Бұрын "Қытай сапасы" деген түсінік арзан материалдар мен сенімсіз өнімді білдірсе, қазір бұл көзқарас ескіре бастаған.

Оның айтуынша, қытайлық автокөлік брендтері сапа жағынан Hyundai, Toyota секілді жаппай сұранысқа ие халықаралық маркалар деңгейіне жақындаған. Әсіресе электромобильдер мен гибридтер өндірісінде Қытай компаниялары әлемдік нарықтағы жетекші орындарға шықты.

"Қазір қытайлық автомобильдердің сапасын Hyundai, Toyota, сондай-ақ кейбір америкалық және еуропалық брендтердің деңгейімен салыстыруға болады. Бұл әлі ең жоғары премиум сапа деген сөз емес, бірақ бұрынғыдай сапасыз, арзан материалдардан жасалған көліктер деп айтуға келмейді", – деп атап өтті Эдуард Эдоков.

 

Сарапшы BYD, Zeekr және Xiaomi секілді компаниялардың электромобильдер мен гибридтер саласында айтарлықтай ілгерілегенін айтты. Дегенмен жаңа брендтердің ұзақ мерзімді сенімділігіне қатысты әлі де зерттеу қажет екенін ескертті.

"Бұл брендтердің көбі соңғы 5-7 жылда ғана қарқынды дамыды. Сондықтан олардың 5-10 жыл пайдаланғаннан кейінгі жағдайы туралы нақты статистика әлі жеткіліксіз", – дейді ол.

Қытай көліктерінің басты артықшылығы неде?

Эдуард Эдоков қытайлық автокөліктердің негізгі артықшылығы – бағасына сай ұсынылатын жабдықтары мен технологиялық мүмкіндіктері екенін атап өтті. Оның сөзінше, бірдей қаражатқа қытайлық көліктерден еуропалық немесе жапондық маркаларға қарағанда көбірек функция мен электроника алуға болады.

"Қытайлық көліктердің басты артықшылығы – бірдей ақшаға әлдеқайда көп мүмкіндік ұсынуы. Мультимедиа, электроника, цифрлық функциялар, заманауи дизайн және салон жабдықтары жағынан олар бәсекелестерінен озып тұр. Кейбір жағдайда дәл сондай қаражатқа басқа брендтерден бір жарым-екі есе аз жабдықталған көлік аласыз", – дейді сарапшы.

Ол қытайлық өндірушілердің модельдерді жаңарту жылдамдығына да назар аударды. Мәселен, жаңа функциялар мен бағдарламалық жаңартулар көліктің мүмкіндіктерін үнемі жетілдіріп отырады.

"Мен өзім төртінші жыл электромобиль жүргізіп келемін. Оның дизайны, салоны, электроникасы мен функциялары ұнайды. Телефон секілді көліктің де бағдарламалық жаңартулары шығып тұрады. Экран, карта, видео, YouTube, музыка – қажет функциялардың бәрі бар", – деп бөлісті ол.

Қазақстандықтарға қытай көлігін сатып алу тиімді ме?

Эдуард Эдоковтың айтуынша, соңғы жылдары қазақстандықтардың қытайлық автокөліктерге деген көзқарасы өзгерген. Бұрын тұтынушылар олардың сапасына күмәнмен қараса, қазір бұл маркалар нарықтың елеулі бөлігін иеленіп отыр. Сарапшының бағалауынша, ресми сатылымдардың өзінде қытайлық автомобильдердің үлесі шамамен 46-49%-ға жеткен. Ал ресми және бейресми импортты қоса есептегенде, жаңа көліктер нарығындағы үлесі 60-70% болуы мүмкін.

Оның сөзінше, қытайлық көліктердің негізгі бәсекелесі – жаңа жапон немесе корей автомобильдері ғана емес, сонымен бірге екінші нарықтағы қолданыста болған көліктер.

Мысал ретінде сарапшы Toyota RAV4, Hyundai Tucson және Haval модельдерін салыстырды. Оның айтуынша, жаңа Toyota RAV4 шамамен 20 миллион теңге, Hyundai Tucson 15 миллион теңге тұрса, осы санаттағы Haval көлігін 10 миллион теңгеге алуға болады. Бұл ретте қытайлық модель жабдықталуы жағынан да бәсекелестерінен артық болуы мүмкін.

"Сатып алушының алдында таңдау тұр: 10 миллион теңгеге екі-үш жыл жүрген қолданыстағы Toyota RAV4 алу немесе дәл сол ақшаға салоннан жаңа қытай көлігін сатып алу. Оның үстіне жаңа көлікке кепілдік беріледі, жабдықтары көбірек және қосымша мүмкіндіктері бар", – дейді сарапшы.

Ол бұл таңдауды өз отбасындағы мысалмен де түсіндірді. Бірнеше жыл бұрын ұлы да осындай жағдайға тап болған. Қолындағы қаражатына ескі Toyota RAV4 алуға немесе автосалоннан жаңа Haval сатып алуға мүмкіндігі болған. Нәтижесінде ұлы жаңа қытайлық көлікті таңдаған.

"Қытайлық көліктер екінші нарықтағы жапон және корей автомобильдерін қарастыратын орта таптың бір бөлігін өзіне тартты. Адамдар автосалонға барып, дәл сол ақшаға кепілдігі бар, жаңа әрі жақсы жабдықталған көлік алуға болатынын көрді. Сөйтіп, таңдауын жасады", – деп түйіндеді Эдуард Эдоков.

Еске сала кетейік, биыл қыркүйектің соңынан бастап Қазақстанға сырт елден көлік әкелетіндер үшін заң өзгерді. Жеке мақсатта автокөлік импорттайтын азаматтар оның шығарылған жылына қойылатын талаптарды, электронды паспортты рәсімдеу тәртібін және утиль алымы мерзімдерін ескеруі керек. Ал көлікті сату үшін әкелетін кәсіпкерлерге өзге талаптар қолданылады.

 

Stan.kz
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 09:30