"Айлығым 1,2 миллион теңге": Энергетика министрі коммуналдық қызметке қанша төлейтінін айтты
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ай сайын коммуналдық қызметтерге 75 мың теңгеге дейін төлейтінін айтты. Сондай-ақ ол өзінің қанша жалақы алатынын да жасырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкіметтегі брифингте журналистер министрден коммуналдық қызметтерге ай сайын қанша ақша жұмсайтынын сұрады.
"Мен ай сайын шамамен 73-75 мың теңге төлеймін. "Хайвилл" тұрғын үй кешенінде тұрамын. Бұл сомаға интернет ақысы кірмейді. Сондай-ақ көлік тұрағының ақысы да бөлек төленеді. Мен бір көлік орнын жалға аламын. Ал мемлекет төлейтін жалақым шамамен 1,2 миллион теңге", – деді Ерлан Ақкенженов.
Журналистер министрден коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауынан түскен қаражат қайда жұмсалатынын және бағаның өсуі қашан тоқтайтынын да сұрады.
Министрдің айтуынша, тарифтердің көтерілуінен түскен қаражат ең алдымен энергетикалық жабдықтарды жөндеуге, олардың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және қызметкерлердің жалақысын арттыруға бағытталады. Сондай-ақ жылу электр орталықтарының жағдайын жақсартуға жұмсалады.
"Биыл жоспарланған 9 энергоблоктың сегізінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал 55 қазандықтың 49-ы жөнделді. Қалған нысандарда жұмыс жалғасып жатыр. Өткен жылдан бері электр станцияларына 348 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат жабдықтардың сенімділігін арттыруға және апат санын азайтуға жұмсалып жатыр", – деді министр.
Осылайша, министрдің мәліметінше, тарифтердің өсуінен түсетін қаражат энергетика нысандарын жаңартуға және олардың жұмысын тұрақтандыруға бағытталып отыр. Алайда Ерлан Ақкенженов коммуналдық қызмет бағасының қымбаттауы нақты қашан тоқтайтынын айтпады.
Еске салсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасының әл-ауқатын бағалайтын калькуляторды өз отбасының мысалында тексерген еді. Ол ай сайын 1,2 миллион теңге жалақы алатынын, ал жұмыс істейтін екі баласының табысы 600 мың және 400 мың теңге екенін айтты. Сондай-ақ министрдің Астанада 100 және 60 шаршы метрлік екі пәтері мен 2013 жылғы Toyota Camry көлігі бар екені белгілі болды. Калькулятор нәтижесінде оның отбасы В санатына жатқызылды.
Алтын мен әшекей бұйымдарды қалай ажыратуға болады: Зергер көпшілік біле бермейтін белгілерді атады
