Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бензин неге қымбаттады? Энергетика министрі Ақкенженов жауап берді

министр
Фото: primeminister.kz

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елімізде жаз мезгілінде бензин мен жанармай бағасы өсе ме деген сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрдің айтуынша, мемлекеттік реттеу алып тасталған соң жанармай бағасы ел ішіндегі сұраныс пен ұсынысқа байланысты нарықтық жолмен қалыптасады.

“Кейінгі уақытта жанармай бағасы литріне шамамен 3–4 теңге қымбаттады. Ал бензин бірден 10 теңге қымбаттады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бізде мемлекеттік реттеу алып тасталды. Баға ішкі сұраныс пен ішкі ұсынысқа байланысты қалыптасады. Мендегі ақпарат бойынша, жанармай бағасы 3–4 теңге өсті”, – деді Ерлан Ақкенженов.

Журналистер министрге жаздың соңына дейін бензин бағасы өсе ме деп сұрады. Ал Ақкенженов енді мемлекет бағаны реттемейді деп жауап берді. 

“Біз нарықты реттемейміз. Егер нарық қатысушылары 3–4 теңгеге қымбаттауды әділ деп санаса, баға өзгереді”, – деді ол.

Сонымен қатар министр жанармай бағасының бірден 100 теңгеге қымбаттауы мүмкін деген болжаммен келіспейтінін жеткізді.

“Олай ойламаймын. Нарықтық баға бар. Қазір мұнай бағасы шарықтап өсіп жатқан жоқ, шамамен бір баррель үшін 93,5 доллар деңгейінде. Қазақстандықтарды сабырға шақырғым келеді. Энергетика министрлігі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр және ахуалдың бақылаудан шықпауына бар күшін салып жатыр”, – деді министр. 

Еске салсақ, бұған дейін үкімет дағдарысқа қарсы шаралар аясында былтыр 16 қазаннан бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізген еді. Ал 1 қарашадан бастап қазақстандықтар АИ-92 бензині мен автогаз қымбаттауына шағым түсіре алатын жедел желі ашылды.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 10:42