Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркиядағы болат өндіру зауытында жарылыс болып, 17 адам қаза тапты

Түркия жарылыс
Фото: Getty Images

Түркияның батысындағы Измир портты қаласына жақын орналасқан металлургия зауытында жарылыс болып, кемінде 17 адам көз жұмды. Тағы 12 адам жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Билік өкілдерінің мәліметінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің барлығы – Алиага қаласындағы елдегі ірі болат өндірушілердің бірі "Хабаш Демир Челик" зауытының жұмысшылары. Оқиға орнынан түсірілген видеода кәсіпорын ішінен өрт шығып, аспанға қою түтін көтерілгені көрінеді.

Жергілікті губернатордың айтуынша, жарылыс түскі уақытта болған. Жаңа қазандықты тасымалдап бара жатқан кран құлап, оның үстіндегі материалдар төменде орналасқан пешке түскен. Соның салдарынан жарылыс болған.

Ал зауытты басқаратын компанияның мәлімдеуінше, апат кәсіпорындағы электр доғалы пештердің біріне жоспарлы техникалық қызмет көрсету кезінде болған.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған бастапқыда 16 адамның қаза тапқанын хабарлаған. Алайда Денсаулық сақтау министрі Кемал Мемишоғлу кейін ауыр жарақат алғандардың бірі ауруханада көз жұмғанын айтып, қаза тапқандар саны 17-ге жеткенін мәлімдеді.

Оқиға куәгерлерінің сөзінше, жарылыс кезінде жер қатты сілкінген. Тіпті, бір адам алғашында жер сілкінісі болды деп ойлаған.

“Үйінді астында әлі де адамдар болуы мүмкін”, – дейді Измир губернаторы Сүлейман Эльбан.

Айта кетейік, Түркияда өндіріс орындарындағы жазатайым оқиғалар әлі де өзекті мәселе болып отыр. Бұл туралы "Түркияның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі" тәуелсіз қоғамдық ұйымы мәлімдеді.

Бұған дейін Атырауда Sulpak дүкенінің қазандығында жарылыс болып, жақын маңдағы тұрғын үйдің терезелерін ұшырып, екі көлікті зақымдаған еді. Салдарынан бір адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. 

Атырау облысының төтенше жағдайлар департаменті Sulpak дүкенінің қазандығында газ-ауа қоспасы жарылғанын хабарлады.  Ведомство мәліметінше, қазандық үш қабатты ғимаратқа жапсарлас орналасқан. Одан небәрі 12 метр жерде тұрған көпқабатты тұрғын үйдің терезелері жарылыс салдарынан ұшып кеткен.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 10:45