Қазақстанда ауа райының жылынуына байланысты жылыту маусымы қысқаруы мүмкін
Қазақстанда климаттың өзгеруіне байланысты жылыту маусымының мерзімі қайта қаралуы мүмкін. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов үкіметтегі брифингте мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, қазір жылу беру орталықтары сырттағы ауа температурасына қарай жұмыс істейді. Алайда кейде үйлерге қажетті мөлшерден артық жылу беріліп жатады.
"Кейде біз, былайша айтқанда, ауаны жылытып жатамыз. Пәтерлер ыстық болғандықтан, тұрғындар терезелерін ашады. Сөйтіп, үйді емес, сырттағы ауаны жылытып отырамыз. Жылу электр орталықтарының жұмысы ауа райына, ең алдымен температураға тікелей байланысты. Сырттағы температураға қарай жылу беріледі. Егер күн жылынса, біз мұны міндетті түрде ескереміз", – деді Ерлан Ақкенженов.
Министр бұған Астанадағы қазіргі ауа райын мысалға келтірді. Оның сөзінше, қарашаның ортасы жақындаса да, елордада әдеттегідей қалың қар әлі түспеген.
"Қазір қарашаның ортасына таяп қалдық. Астанада алғашқы қар ұшқындарын көрдік, бірақ әдетте осы уақытта жататын қар жамылғысы әлі жоқ. Ауа температурасы минус 5 градусқа дейін төмендеді. Ал біз бұл уақытта минус 10-15 градус болады деп күткен едік. Қазір климат пен жауын-шашын мөлшерінің қалай өзгеріп жатқанын көріп отырмыз", – деді министр.
Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, ауа райының өзгеруі ауыл шаруашылығына да әсер еткен. Биыл күзде жауын-шашын аз болғандықтан, жиналған астықты кептіруге бұрынғыдай көп дизель отыны қажет болмаған.
Осыған байланысты биыл астық кептіруге өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда аз дизель отыны бөлінген. Министр климаттағы өзгерістер алдағы уақытта жылыту маусымының мерзімін белгілеу кезінде де ескерілуі мүмкін екенін жеткізді.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтаудағы №20 және №23 мектептерде жылу мәселесі туындаған еді. Ата-аналардың айтуынша, жылыту маусымы басталса да, сыныптар суық болып, оқушылар сабақта сырт киімдерін шешпей отыруға мәжбүр болған. Қалалық Білім басқармасы бұған мектептерге сыртқы жылу желілері арқылы жылудың жеткілікті мөлшерде берілмеуі себеп екенін түсіндірді. Мәселені шешу үшін жауапты ұйымдармен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатқаны хабарланды.
Алтын мен әшекей бұйымдарды қалай ажыратуға болады: Зергер көпшілік біле бермейтін белгілерді атады
