Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үкімет келесі жылы жылыту маусымына 25 миллиард теңгеден аса қаржы бөлетін болды

қаржы

Фото: freepik.com

Қазақстанда келесі жылы жылыту маусымына үкімет резервінен 25 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетін болды. Премьер-министр Олжас Бектенов қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет басшысы келесі жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз ету үшін өңірлерге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілетінін айтты.

“Үкімет тарапынан барлық қажет қолдау көрсетіліп жатыр. Өткен аптада Роман Скляр барлық өңірдің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармалары басшыларының есептерін тыңдады. Бүгінде үкімет резервінен 25 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу туралы шешім мақұлданды”, – деді Бектенов үкімет отырысында.

Премьер-министр бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, жұмыс мерзімінің сақталуына бақылауды күшейту керегін айтты.

“Аталған қаражат Жетісу, Абай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жылу көздерін жөндеу мен салуға жұмсалады. Оған қоса төрт өңірде 30 шақырымға жуық жылу желілерін жөндеуге бағытталды. Осы қаражаттың тиімді жұмсалуын және нәтижелерді бақылауда ұстау қажет. Қазірдің өзінде кей өңірлерде жұмыстың созылып кету қаупі туындап отыр”, – деді Бектенов.

Бектенов күзде өңірлердегі энергия нысандары дайындық паспортын алмаса, өңір әкімдері тікелей жауап беретіні айтты. 

“Өңірлер үшін басты міндет – келесі жылыту маусымына сапалы дайындықты қамтамасыз ету. Жылу желілерін уақытылы әрі сапалы сынақтан өткізу қажет. Уақыт созуға болмайды. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуға тиіс. Жаз бойы күшейтілген режимде жұмыс істеу керек”, – деді ол.

Өңір әкімдіктеріне екі апта ішінде конкурс рәсімдерін өткізіп, жөндеу жұмыстарын бастау тапсырылды.

“Артық бюрократияға жол берілмеуге тиіс. Жылумен жабдықтау нысандарын жөндеу жұмыстары тамыз айының соңына дейін аяқталуы қажет”, – деді Бектенов.

Сонымен қатар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, өңір әкімдіктеріне 1 қыркүйекке дейін білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының толық дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды.

“Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары 15 қыркүйекке дейін, ал басқа өңірлерде 15 қазанға дейін толық дайын болуға тиіс”, – деді Бектенов.

Бұдан бөлек, Энергетика министрлігіне Көлік министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін отын қорын алдын ала жинақтау міндеті жүктелді.

“Әкімдерге нысандарға тұрақты түрде барып, жағдайды жеке бақылауда ұстауды тапсырамын”, – деді үкімет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда газбен жылытуға төлем жасау ережелері өзгеретіні туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 11:28