Батыс Қазақстан облысында ВИЧ жұқтырған 10 адам іздестіріліп жатыр
Батыс Қазақстан облысында АИТВ диагнозы қойылған 10 адамға іздеу салынды. Олардың қайда екені әзірге белгісіз, сондықтан іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлері де тартылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, биыл тоғыз айда облыста АИТВ инфекциясын жұқтырудың 44 жаңа жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аз. 2025 жылы осы уақытта 55 жағдай анықталған.
Қазір өңірде 755 адам диспансерлік есепте тұр. Биыл АИТВ жұқтырған үш адам қайтыс болған. Былтыр бұл көрсеткіш төрт адам болған.
Сонымен қатар дәрігерлердің бақылауында АИТВ жұқтырған 11 жүкті әйел бар. Олардың алтауы босанған. Өткен жылы 13 жүкті әйел есепте тұрып, оның тоғызы сәби дүниеге әкелген.
Бұдан бөлек, биыл өңірде бес жастағы баладан да АИТВ анықталған. Эпидемиологиялық тексеру нәтижесінде инфекцияның балаға анасынан берілгені белгілі болған.
Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, облыста медициналық көмек көрсету, қан құю немесе стоматологиялық емшаралар кезінде АИТВ жұқтыру жағдайлары тіркелмеген.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысында 10 және 11 жастағы екі өгей қызына жыныстық зорлық-зомбылық жасап, АИТВ жұқтырған ер адамға сот үкімі шыққан еді. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Алтын мен әшекей бұйымдарды қалай ажыратуға болады: Зергер көпшілік біле бермейтін белгілерді атады