Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда өгей қыздарын зорлап, АИТВ жұқтырған ер адам өмір бойына сотталды

Павлодар
Фото: Pexels

Павлодар облысында 10 және 11 жастағы екі өгей қызына жыныстық зорлық-зомбылық жасап, АИТВ жұқтырған ер адамға сот үкімі шықты. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Irbis TV-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, ер адам 2018 жылдан бері екі қызы бар әйелмен бірге тұрған. Балалардың екеуінде де ақыл-ой дамуының бұзылысы бар.

Оқиға 2025 жылдың желтоқсан айының ортасында болған. Сол күні балалардың анасы үйден шығып, қыздарын өгей әкесінің қарауына қалдырған. Ер адам ішімдік ішіп, алдымен 10 жастағы кіші қызға, одан соң 11 жастағы үлкеніне жыныстық зорлық жасаған.

Кейін ер адамның балаларға АИТВ инфекциясын жұқтырғаны анықталған. Тергеу дерегінше, ол инфекцияны екі қызға да жыныстық жолмен жұқтырған.

Істі Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сот ер адамды екі бап бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

"Қылмыстар жиынтығы бойынша Қылмыстық кодекстің 58-бабының 4 және 5-бөліктеріне сәйкес, түпкілікті жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Сондай-ақ педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылсын. Жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді", – деді үкімді оқыған судья Жанна Нығыбаева.

Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Петропавлда 13 жастағы қызға қатысты қылмыс жасаған ерлі-зайыптыға сот үкімі шыққанын жазған едік. Сот ер адамды өмір бойына бас бостандығынан айырса, онымен бірге тұрған әйелді 20 жылға соттады.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 15:37