Петропавлда 13 жастағы қызды зорлаған ерлі-зайыптыға сот үкімі шықты
Петропавлда сот 13 жастағы қызға қатысты қылмыс жасаған ерлі-зайыптыға үкім шығарды. Ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылса, оның бірге тұратын әйелі 20 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс бойынша күдікті ретінде 34 жастағы кондитер мен медициналық мекемелердің бірінде санитар болып жұмыс істеген оның 32 жастағы бірге тұратын әйелі танылған Ерлі-зайыптыға қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі “кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеті" бойынша айып тағылған.
Белгілі болғандай, ерлі-зайыптының үйіне олардың туысы 13 жастағы таныс қызымен бірге қонаққа келген. Жас жігіт ұйықтап кеткен кезде, ерлі-зайыпты қызды жатын бөлмеге шақырып, оған қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасаған. Кейін мектеп оқушысы болған жағдайды ата-анасына айтып берген. Осыдан соң олар полицияға жүгінген.
Іс Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық режимде қаралды.
Сот күдікті ер адамды кінәлі деп танып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Ал күдікті әйел қылмысқа көмектескені үшін кінәлі деп танылып, оған 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысты кінәсі дәлелденбеген деп танылып, істің бұл бөлігі бойынша ақталды.
Сот екі сотталушыға да педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салды.
Сонымен қатар сот жәбірлуші қыздың пайдасына берілген азаматтық талапты толық қанағаттандырды. Сотталғандар кәмелетке толмаған қыздың анасына моральдық зиян ретінде 6 миллион теңгені ортақ тәртіппен төлеуге міндеттелді.
Сондай-ақ сотталғандардан үлестік тәртіппен сот сараптамаларын жүргізуге жұмсалған 3,6 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Үндістанда қазақстандық бапкер 16 жастағы спортшы қызды зорлады деген күдікке ілінгені туралы жазған едік.
"Өзімізді дәлелдедік": Олимпиадада жүлделі орын алған таэквондошылар Қазақстанға оралды
