Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысында жаттықтырушы оқушы қызды екі жыл бойы зорлап келген

Жәбірленуші
Фото: Видеодан скрин

Қызылорда облысында жаттықтырушы кәмелетке толмаған қызды екі жыл бойы зорлап келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілетем жасап хабарлайды. 

Ер адам жасөспірімнің сусынына ұйықтататын дәрі қосып, арам пиғылын іске асырған көрінеді. Ең сорақысы, ер адам мұнымен шектелмей, "біреуге айтатын болсаң, интим видеоңды ата-анаңа көрсетемін" деп бопсалап, қыз баланы басқа ер адамдарға сатқан. Қорлықтан көз ашпаған жасөспірім мән-жайды екі жылдан кейін ғана жақындарына айтыпты.

Оқиға 2024 жылы болған. Он төрт жастағы жасөспірім Талдықорғанда өткен көгалдағы хоккейден жарысқа барған. Байқаудың алдында қасындағы қыздар қаланы аралауға кетіпті, ал ол болса сол кезде пәтерде жалғыз қалған көрінеді.

“Ас үйде телефон қарап отырған кезімде жаттықтырушым маған жартылай ішілген шай әкеліп берді. Ойымда ешқандай арам нәрсе жоқ, сол шайды іштім. Әрі қарай есімді білмеймін. Ұйықтап қалғанымды, қай жерде жатқанымды, еш нәрсені білмеймін. Таңғы сағат 5-6 шамасында оянған кезде төменгі іш киімімнің барлығы қан болып тұрды. Жаттықтырушымның қасымда жатқанын көріп, шошып кеттім, сол жерде шок болып қалдым. Ол кісіні оятып, "Маған не істедіңіз?" деп сұраған кезімде, ол: "Не түсініп тұрсың, сол" деді”, – дейді жәбірленуші. 

Зорлық әрекетінен кейін ересек ер адам жасөспірімді ұялы телефонға түсіріп алғанын айтып, егер біреуге шағымдансаң, видеоны ата-анаңа көрсетемін деп қорқытқан.

“Сен осы видеоны таратқанымды қаламасаң, менің айтқандарымды істейсің. Үйдегілерге еш нәрсе айтпайсың, менің айтқандарымды ғана істеп жүресің. Үйдегілерге айтсаң, маған арыз жазылсын, сот болсын, менің төбемде тұрған үлкен ағаларым бар, барлығын шешіп береді. Сендерді өздеріңді түрмеге жапқызып жіберемін, өзіңді колонияға жіберемін деп қорқытты”, – дейді жәбірленуші қыз. 

Жәбірленушінің айтуынша, зорлық әрекеттері екі жыл бойы жалғасып келген. Өзінің арам ойын іске асырып келген 38 жастағы бапкері мұнымен шектелмей, кәмелетке толмаған қызды достарына ақшаға сатқан. Қорлыққа шыдамаған жасөспірім амалсыздан жақындарына айтқан.

Жәбірленушінің туыстары жаттықтырушымен кездескен кезде ашуға берілген көрінеді. Енді зорлық қыздың ағасы изоляторда, ал анасы үй қамақта отыр.

“Анама, ініме іс қозғағанды дұрыс деп санамаймын. Өйткені өз қызының кім тарапынан зорланғанын білген кезде, олай бей-жай қарап тұрады дейсіздер ме? Біздің орнымызда басқа адам болса, оларды тұрған жерінде өлтіріп тастар еді. Ал біз оған мүмкіндік бердік. Бұл қаладан жоқ болып кет деп талап қойдық және олардан еш нәрсе сұраған жоқпыз”, – дейді жәбірленушінің әпкесі. 

Қылмыстың ауырлығына байланысты кәмелетке толмаған қызды зорлау бойынша істі аудандық емес, облыстық полиция қызметкерлері қозғаған. Тергеу барысында зорлыққа қатысы бар деген күдікпен хоккей жаттықтырушысы мен оның танысы қамауға алынды.

"Екі күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру аяқталып, қатысушылар іс материалдарымен танысуда. Істердің тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпараттар жария етілмейді", – деді Қызылорда облыстық тергеу басқармасының бастығы Бауыржан Сәулебеков. 

Жәбірленушінің жақындары тергеудің тез арада аяқталып, істің сотқа жолдануын талап етіп отыр.

Еске салсақ, бұған дейін Қонаевта спортшы қыздардың жыныстық қысым көрдік деген шағымынан кейін ММА жаттықтырушысы ұсталғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2026 22:58