Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

14 жастағы қыздың "зорлау" ісін өз еркімен болды деп ауыстырған: Қазақстандық тергеуші салғырттық танытты деп айыпталды

тергеуші Нұрила Секен
Фото: Stan.kz / Экс-тергеушінің фотосы

Астанада 14 жастағы мектеп оқушысына қатысты істің "зорлау" бабынан 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас туралы бапқа қайта саралануы қоғамның наразылығын туғызды. Жәбірленуші тарап пен "НеМолчи" қоры істі тергеген экс-тергеуші Нұрила Секенді де осы даудың ортасына қойып отыр. Қордың айтуынша, тергеу құжаттарында қыздың өзін кінәлайтын тұжырымдар қолданылып, зорлық белгілері ескерілмеген. Ал отбасы мұндай шешімнің себебін анықтау үшін бірнеше ай бойы мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырған. Осы ретте Stan.kz редакциясы даулы жайттарға қатысты Астана қаласы полиция департаментіне сауал жолдап, тергеушінің қызметтен кету себебін нақтылады.

Былтырдан бері Астанада 14 жастағы мектеп оқушысына қатысты топтық зорлық ісі бойынша дау туындап келеді. "Не молчи" қорының мәлімдеуінше, 2025 жылдың тамызында төрт кәмелетке толған ер адам жасөспірімді алдап пәтерге шақырып, оған күш көрсетіп, қорқытып, сексуалдық зорлық жасаған. Отбасы іс материалдарында зорлықты растайтын бірқатар дәлел барын айтады.

Алайда тергеу барысында істің құқықтық саралануы өзгерген. Жәбірленуші тараптың айтуынша, бастапқыда Қылмыстық кодекстің 120-бабы "Зорлау" бойынша қаралған іс кейін 122-бапқа "16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсуге" болып қайта сараланған. Істің дәл осы қайта саралануы мен кәмелетке толмаған жәбірленушіге қатысты қолданылған формулировкалар ата-ананың наразылығын туғызған. Олар істің заңды әрі жан-жақты тергелуін талап етіп, бірнеше ай бойы мемлекеттік органдардың бірінен соң біріне жүгінген.

120-баптан 122-бапқа: 14 жастағы қыздың ісінде не өзгерді?

Оқиғаның хронологиясына қарасақ, отбасының мемлекеттік органдарға жүгінуі былтыр тамызда басталған. Алдымен олар Нұра ауданының прокуроры Ақылбек К-нің қабылдауында болған. 18 тамызда отбасы Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның жеке қабылдауына барған. Арада үш айға жуық уақыт өткен соң, 12 қарашада, отбасы Астана қаласы полиция департаментінің басшысы Марат Төлебаевтың қабылдауында болған. Отбасының мәліметінше, дәл осы күні төртінші күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамау туралы шешім қабылданған. Үш аптадан кейін олар Нұра ауданы прокурорының орынбасары А.А. Тұрановпен кездескен. Ал тағы тоғыз күннен соң, 13 желтоқсанда, қылмыстық істің саралануы туралы қаулы шығарылған.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, отбасы шешім туралы бірден хабардар болмаған. Құжатпен олар тек 2026 жылғы 31 қаңтарда қаулы шыққаннан кейін 49 күн өткен соң танысқан. Дәл осы құжат істің кейінгі дауының негізгі себептерінің біріне айналған. Бірақ отбасының мемлекеттік органдарға жүгінуі мұнымен тоқтамады. 2026 жылғы 6 қаңтарда, яғни қаулы шыққаннан кейін бірнеше апта өткен соң, олар Астана прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының басшысы Н.Д. Тұрысбековтің қабылдауында болған.

13 ақпанда отбасы Бас прокурор Берік Асыловқа e-Otinish арқылы өтініш жолдады. Он бір күннен кейін Динара Закиеваға қайта жүгінді. Сол күні Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің және Арнайы прокурорлар басқармасының басшысы О.М. Жапаровтың қабылдауында болды. Келесі күні отбасы Астана қаласы прокурорының орынбасары Е.О. Өтеуовпен кездесті. Одан бір күн өткен соң Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Г.Т. Шыныбековтің қабылдауында болды. Арада төрт күн өткенде отбасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне жүгінді. Үш күннен соң, 5 наурызда, Арнайы прокурорлар басқармасының басшысы О.М. Жапаровтың қабылдауына қайта барды.

Он екі күннен кейін Астана қаласының прокуроры Мұқанов Г.-мен кездесті. Екі күннен соң Астана қаласы Полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Д.С. Жұмақановтың қабылдауында болды. Ал 2 сәуірде, отбасы Жұмақановтың қабылдауына қайта барған. Сөйтіп, 14 сәуірде, Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасарымен кездесті. Он бес күннен кейін отбасы Полиция департаментінің басшысы Марат Төлебаевтың қабылдауына қайта кірген. 18 мамырда олар Астана қаласы прокуратурасы Тергеу басқармасы басшысының орынбасары Н.Құдабаевтың қабылдауында болды. Қабылдауға прокурор Д. Нұрпейісова да қатысқан. Сол күні отбасы Бас прокуратураның Азаматтарды қабылдау орталығына және Министрліктер үйіндегі азаматтарды қабылдау орталығына да жүгініп, президент әкімшілігінің өкілдерімен сөйлескен. Үш күннен кейін отбасы Астана қаласы прокуратурасының Тергеу басқармасының басшысы К.М. Шойбековпен кездесті. Тағы екі күннен соң, Динара Закиеваға қайта өтініш берді. Отбасының мәлімдеуінше, бұл өтінішке жауап болмаған. 

Бұдан бөлек, 7 маусымда, президент әкімшілігінің басшысы Роман Склярға және президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа e-Otinish арқылы жеке-жеке өтініштер жолданды. Келесі күні отбасы Астана прокуратурасының мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық инстанцияға қатысу басқармасы бастығының орынбасары М. Игеновтің қабылдауында болды. Тағы бір күннен соң сенат депутаттарына e-Otinish арқылы өтініштер жіберілді.

Қордың жарияланымдарында істің бастапқы материалдарында қызға күш қолдану, қорқыту, денесіндегі жарақаттар, қатты алкогольдік мас күйі, күдіктілердің біріндегі тістеу ізі және психологиялық-психиатриялық сараптама секілді деректер болғаны айтылады. Қор осы мән-жайларға қарамастан істің "өзара келісіммен болған жыныстық қатынас" ретінде саралануына күмән келтіреді. Ал осы шешімнің қабылдануында тергеуші Нұрила Секеннің рөлі қандай болды? Қор дәл осы сұрақты көтеріп, оның тергеу құжаттарына қыздың мінез-құлқына қатысты бірқатар тұжырым енгізгенін айтып, Секеннің әрекеттеріне қылмыстық-құқықтық баға беруді ұсынған.

“10 жасынан бастап қыздың бейберекет жыныстық өмір сүргенін қалай айтуға болады?!"

Іс төңірегіндегі дау әлеуметтік желідегі пікірлерден де байқалады. Желі қолданушылары, ең әуелі, жасөспірім қызға қатысты істің тергелуіне және тергеуші Нұрила Секеннің әрекеттеріне күмән келтіріп, оның кәсіби жауапкершілігіне қатысты сұрақтар қойған. Мәселен, Алена Мирошниченко тергеушіні Қылмыстық кодекстің 413-бабы бойынша жауапкершілікке тарту қажет екен айтқан. Әйел тергеушінің "қызды 10 жасынан бастап белсенді жыныстық өмір сүрді" деген сипаттағы тұжырымдарына наразылық білдірген.

Тағы бір оқырман болса, тергеу барысында істі бұрмалау болған болуы мүмкін деген күдік білдіріп, кінәлілер жауапқа тартылуға тиіс деген пікір айтқан. Оның жазбасында "Тергеушіні бұрмалау үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Қадағалаушы прокурорды жұмыстан шығару керек. Сот прокурорын да қызды қаралайтын сөздері үшін жұмыстан шығарып, қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Судьяны заңдарды білмегені үшін жұмыстан шығару керек. Ал егер пара алғаны дәлелденсе, онда басқа мәселе" деп жазған ер адам.

тергеушіге пікірлер
Фото: threads.com желісінен скрин

Басқасы ересек адамдар мен 14 жастағы бала арасындағы жыныстық қатынасты қалыпты жағдай ретінде көрсетуге болмайтынын айтқан. Ол "Шындықты айту керек. Бірақ Қазақстанда ересек адамға, әсіресе әйел адамға, жыныстық қатынасқа үш адаммен болу түгілі, бір қыз бен төрт ер адамның қатынасы туралы ойдың өзі қалай келуі мүмкін? Бұл қалыпты жағдай емес!" деп жазған.

пікірлер
Фото: threads.com желісінен скрин

Ал тағы бірі қолданушы істің "өзара келісіммен болған жыныстық қатынас" ретінде сипатталуына таңданып отырғанын айтады. Ол "14 жастағы баламен өзара келісімді жыныстық қатынас деген не? Сендер есіңнен адастыңдар ма, 10 жасынан бастап қыздың бейберекет жыныстық өмір сүргенін қалай жазуға болады?!" деп жазған.

пікір
Фото: threads.com желісінен скрин

Әлеуметтік желідегі пікірлерде қолданушылар істің "ерікті жыныстық қатынас" ретінде бағалануына күмән келтіріп, ересек адамдардың жауапкершілігіне назар аударған.

Мәселен, қолданушы баланың қандай әрекет жасағанына қарамастан, ересек адамның онымен жыныстық қатынасқа түсуге құқығы жоқ деп есептеген. Оның пікірінше, "бала олардың алдында жалаңаш жүгіріп, қалай қаласа солай шақырса да", кәмелетке толған адамның мұндай ұсынысқа келісуге құқығы жоқ. 

"Кешіріңіздер, біздің заң кәмелетке толмағандармен жыныстық қатынасқа түсуге рұқсат бере ме? Әсіресе кәмелетке толмаған қыз бұған керісінше мәлімдесе? Мұндай нәрсе қай жерде жазылған?", "Енді педофилдер мен зорлықшылар қалағанын істей алады екен! Заң солардың жағында! Бұл судьялар ештеңеден қорықпайды, жазасыздықпен заңсыздық жасап жатыр!", "14 жастағы баламен болған қатынасты қалай ерікті деп санауға болады? Оның үстіне топтық. Біздің полицияның ақыл-есі дұрыс па өзі?", "Бейшара қыз... Ол үшін қандай қорқынышты... Оған алаңдаймын", – деп оқырмандар жанайқаларын жеткізген.

"НеМолчи" қоры да мұндай тәсіл жәбірленушіні кінәлау қаупін тудырады деп санайды. Қордың ұстанымынша, баланың әлеуметтік желідегі жазбалары, хат алмасулары немесе бұрынғы қарым-қатынастары оған қатысты күш қолдануды ақтай алмайды.

"НеМолчи" қоры экс-тергеуші Нұрила Секенді не үшін сынайды?

"НеМолчи" қорының мәліметінше, тергеуші Нұрила Секен құжаттарда қыздың "жігіттерді өзі азғырған", "өзінен үлкен жігіттермен байланыс іздеген", "олар оның азғыруына ерген", "өзінің бұзылғандығына қарай", "белгісіз уақытта, белгісіз пәтерде, белгісіз адамдармен...", “жыныстық қатынасқа қайта түскісі келгені” туралы тұжырымдар жасаған.

Қор мәліметтердің жеткілікті дәлелмен расталмағанын алға тартып, тергеуші мұндай ақпаратты жай ғана құжатқа енгізбей, оның шынайылығын тексеруі керек болғанын айтады.

"Нұрила Секен қылмыстық іске қыздың 10 жасынан бастап жыныстық қатынаспен айналысқаны, ретсіз жыныстық өмір сүргені және төрт кәмелетке толған жігітті азғырғаны туралы ештеңемен расталмаған тұжырымды енгізді. Және ол мұны расталған факт ретінде мәлімдеді!" – деп жазды "НеМолчи" қоры.

Қордың нұсқасына сенсек, мұндай мәлімет тергеуші үшін керісінше қосымша тексеруге негіз болуға тиіс еді. Яғни қыздың 10 жасынан бастап сексуалдық сипаттағы әрекеттерге ұшырағаны туралы ақпарат рас па, бұған дейін оған кімдер қатысты, қандай жағдайда болған осының бәрі анықталуы керек болған. Қор дәл осы жерде тергеу әрекеттері жеткілікті жүргізілмеді деп есептейді.

"Тергеуші кем дегенде ақпараттың қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін анықтауы, 10 жасынан бастап балаға қатысты азғындық әрекеттер жасаған барлық қылмыскердің тұлғасын анықтауы, жәбірленушімен бірқатар жауап алу мен сараптамалар жүргізуі және сексуалдық қатынастардың қалай әрі қандай жағдайда болғанын анықтауы керек еді", – деп мәлімдеді қор.

"НеМолчи" бұған қоса, іс бойынша күш қолдану, қорқыту және қыздың дәрменсіз жағдайын пайдалану белгілерін көрсететін 50 дәлел болғанын алға тартады. Қордың жарияланымында төрт колледж студентінің қызбен "өз еркімен" жыныстық қатынасқа түскені туралы прокуратура сотта мәлімдегені де сыналады. Осы тұста қор істің бастапқы саралануының өзгеруін негізгі мәселелердің бірі ретінде көтереді.

Қордың мәліметінше, соңында үш фигурантқа қатысты 122-бап қалған, ал бір адамға қатысты зорлау бабы алынып, оған тек қылмыс туралы хабарламау жөніндегі 434-бап тағылған.

Қор осы өзгерісті Нұрила Секеннің іс бойынша жеке мүдделілігі болуы мүмкін деген күдігімен байланыстырады және оның әрекеттеріне қылмыстық кодекстің 370-бабы (Лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) мен 371-бабы (Салғырттық) бойынша құқықтық баға берілуге тиіс деп санайды. Сонымен бірге қор экс-тергеуші Нұрила Секен жүргізген тағы бір ұқсас істің кейін тоқтатылғанын айтып, екі істі де БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне жолдайтынын мәлімдеген.

Мұнда тағы бір маңызды мәселе бар. "НеМолчи" жарияланымында Нұрила Секеннің елордадағы Нұра аудандық полиция басқармасынан тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін жұмыстан шығарылғаны туралы расталмаған мәлімет келтіріледі. 

Бұдан бөлек, оқырмандарының бірі "Сізге қанша ақша төледі?" деп тергеушінің постының астына жазып, сұраған. Экс-тергеуші бұған "Мен өзім миллиардердің қызымын, ақшаға қатысты мәселе болған емес" деп жауап берген.

тергеуші нұрила секен
Фото: "НеМолчи" қорынан скрин

Астана полиция департаменті не дейді?

Сондықтан бұл деректі редакция да жеке тексеруге тырысты. Редакция Астана қаласы олиция департаментіне Нұрила Секеннің полиция қатарынан қашан және қандай негізде кеткенін, оған қатысты тәртіптік жаза қолданылған-қолданылмағанын және оның қызметіне байланысты қандай да бір тексеру жүргізілген-жүргізілмегенін сұрап ресми сауал жолдады. Полиция департаменті Нұрила Секеннің Астана қаласы "Нұра" ауданы полиция басқармасында тергеуші болып қызмет атқарғанын растады. Алайда оның қызметтен кету себебі қор жариялаған нұсқадан өзгеше болып шықты.

"Қазір Нұрила Секен өз еркімен қызметтен босатылған. Нұрила Секенге қатысты жүргізілген қызметтік тергеп-тексерудің қорытындысы оның қызметтен өз еркімен кетуіне себеп болмағанын хабарлаймыз", – делінген полиция департаментінің редакцияға берген жауабында.

Бұдан бөлек, полиция Қылмыстық кодекстің 371-бабы салғырттық бойынша қылмыстық іс болғаны туралы мәліметті растамады. Жауапқа Астана қаласы полиция департаменті басшысының орынбасары Ғ.Т. Шыныбеков қол қойған.

"Өздеріңізді менен ақылдырақ деп ойламаңыздар": Нұрила Секеннің видеоүндеуі

Дегенмен Нұрила Секен желідегі жазбаларға қатысты сын мен шағымдарға алаңдамайтынын айтты. 

"Маған қатысты шағымдарға, былайша айтқанда, бәрібір. Өйткені жазалайды да, бір айдан кейін алып тастайды. Бұған дейін қылмыстық істердің бәрінде жәбірленуші жағынан да, күдікті жағынан да адамдармен қалыпты қарым-қатынаста болдым, бәрі маған риза болды. Кейбірін тіпті түрмеге отырғызсам да", – деді Нұрила Секен.

Бұрынғы тергеуші өзінің кәсіби тәжірибесіне де тоқталды. Оның айтуынша, ол төрт жыл академияда оқып, жедел-тергеу бағыты бойынша білім алғанын атап өтті. Нұрила Секен өзін сынап отырғандар оның тәжірибесін ескеруі керек деген пікір білдірді.

"Төрт жыл академияда оқыдым, жедел-тергеу бағыты бойынша білім алдым. Бакалавриатты да төрт жыл оқып, GPA көрсеткішім жоғары болды. Оған қоса, бес жылға жуық тәжірибем бар: түрлі ұстаулар, барлық қылмыстық істер. Төрт жыл қатарынан демалыссыз жұмыс істедім. Олар өздерін менен ақылдырақ деп ойлайды. Ал сегіз жыл практикада болған, он жылға жуық тәжірибесі бар адам келіссөз жүргізуге тырыса ма деп ойлайсыздар ма?", – деді ол.

Экс-тергеуші Нұрила Секен өзіне қатысты жарияланымдар мен сындардың себебін өзі айтқан "шындықпен" байланыстырды. 

"Олар менің бір жерде сөзімнен жаңылып қалатынымды ойлайды. Жарияланымдарымнан, стористерімнен қандай да бір ілік іздеп жүр. Бірақ бір нәрсені ұмытпаңыздар. Өздеріңізді менен ақылдырақ деп ойламаңыздар. Мен дұрыс тәрбие алдым, мектепті де абыроймен аяқтадым. Меніңше, қарсы тарап мен шындықты жазғаным үшін тыныштала алмай жүр. Шындықты түсіну керек. Шындыққа ренжімейді, есіңізде болсын", – деді Нұрила Секен.
Stan.kz
Жұма, 04 Қыркүйек, 2026 10:00